$ 449.58  486.94  4.86

ОЛАР ТУҒАН ТОПЫРАҒЫН «САҒЫНАДЫ»

Шетелде қалған біраз қазақстандықтар туған топырағына орала алмай отыр. Ойлап қалмаңыз, әңгіме «оралман» деп алабөтен ат қойған шетелдегі ағайындар жайында емес. Туған топырағының киесін менсінбей кеткендер десек, бұл сөзіміз үшін ар-намыс кодексімен қарымын қайтарып алып жүрер... Сондықтан, жәй ғана шетелге демалуға кеткендер дей салайық... Айдың-күннің аманында сол «шетелге демалуға кеткен» 300-дей азаматымыз атажұртына қайта алмай отыр.

Түсінікті тілмен айтар болсақ, Түркияға қыдырыстап, демалуға кеткен біраз отандастарымыз елге қайта алмай жатыр. Оларға қызмет көрсетуші «Gulnar tour» туристік компаниясы болса туристерінің алдында ешқандай өтемақы төлемек емес. Анталияға барып демалып, енді Ақтөбесіне, Қостанайына қайта алмай отырған қазақстандық азаматтар барған жерінде «әупірімдеп» күнелтіп жатыр екен. Бесжұлдызды қонақүйлерге түнеп үйренген қазақстандықтар үшін Түркияның қарабайыр қонақүйлері біздің қазақстандықтарға қайдан жақсын?! «Әупірімдеп» деп отырғанымыз содан...

Дәл осы ақпаратты кеше ғаламтор сайттарынан бастап телеарналардың барлығы дерлік таратты. Өз отандастарымызды шетелде қалай қалдырамыз деп дүрлігіп жүр біраз жұрт. «Ит те болса тірі жүрсін» депті ғой Абай заманындағы бір данагөй қарт бүкіл қауым алдында қос ғашықтың тағдырына билік айтып тұрып. Сол секілді, біз де шетелдетіп кеткендердің елге аман-есен оралуын тілейміз. Дегенмен, шетелге барып демалмаса көңілі бір тыншымайтын қазақстандықтардың бұл әрекеті қаншалық әділетті? Өзі туып-өскен мемлекетінің ақшасын өз елінде емес, Түркияға барып жұмсағанды жөн көргендердің ісі қаншалық дұрыс? Біз мәселеге осы тұрғыдан келейікші.

Жалпы, жыл сайын ел азаматтарының жазғы демалысын туған елінде емес, шетел асып өткізетіні жиі айтылып жүр. Бір Қазақстанның өзінде бірнеше туристік орындар самсап тұрса да Түркияның ауасын жұтуды армандайтындар қатары көп-ақ. «Сол демалатын жерлер өз Отаныңда да тұр емес пе?» деген мезі сұрақ олардың әбден құлақ етін жеп болған. Зайырлы да демократиялы мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін әркім не істеп, не қыларын өзі біледі. Сондықтан әркімнің санасына «Қазақстан! Отан! Патриотизм!» деген «қасаң» түсініктеріңді сіңдірем деп маңдай теріңіз тершімей-ақ қойсын.

Есесіне, «қ» мен «ғ»-ға, «ұ» мен «ө»-ге тілі келмейтіндер немесе Қазақстанның көпұлтты мемлекет екенін мақтан тұтатындардың біразы жыл сайын жаз шыға салысымен (тіпті жаз шықпай-ақ) Түркия мен Тайландқа, Дубайға сапарлатуды қалыпты әдетіне айналдырған. Әлемнің ең керемет һәм қымбат қалаларының қатарына жатса да Дубайды бүгінде қазақтың «дачасы» деп жүр. Алматыда 2013 жылы өткен Наурыз мейрамы кезінде Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатына қатысты айтқан бір сөзінде осылай деп еді.

Сөйтіп, «Гүлнәр турдың» көмегіне жүгінген кезекті қазақстандықтар өздерінің туып-өскен еліне қайта алмай әлек. Әуе компаниялары мен аталған туристік компания арасындағы келісім орнамайынша әлгі Отанын өлердей сағынып, орала алмай отырғандардың күні қараң сияқты. Құдай да әр нәрсенің есебін келістіруге шебер-ақ қой. Сендерге керегі туған еліңнің өлең төсегі емес, шетел болса, қалыңдар сонда дегендей Түркияның әуежайын пана қылып қойғанын қарамайсыз ба?!

Жат жерде ғұмыр кешіп, ата қонысына жете алмай мұң-зарын шағып отырғандардың жөні бір бөлек. Ал, мына қазақстандықтардың «мұң-зары» қаншалықты орынды? Қалтасы қалың кезде Қазақстанның керемет табиғатына қарамай кеткендерді осы елдің шын патриоттары дей аласыз ба? Қайдам! Бас пайдасы артылған шақта шетел асып кететіндердің тек басына күн туғанда ғана тілемсектей қол жаюын патриотизмнің қай параметріне сидырарымызды білмей отырғанымыз... Егер біреу «мұндайлардан тек жалған патриотизм ғана шығады» десе, оған қарсы уәж айту да қиын.

P.S. Осындай жағдай орын алып жатқанда Қарағандыда тағы бір топ (160 адам) Қазақстан Республикасының азаматтары Түркияға ұша алмай тосылып қалды. «Гүлнәрдің турымен» сапарлатуды жоспарлағандардың жолы кесіліп отыр әзірге. Жағдай қалыпқа келісімен олар да Түркияға аттанбақшы, демалып қайтуға. Сосын демалысы біткен соң олар да алдыңғылар секілді сүйікті Отанына қайта оралмақшы.

Ербол ТҰРЫМБЕТ,
«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары