$ 443.85  474.3  4.8

ҮШЕМДЕРГЕ ҮЙ КЕРЕК НЕМЕСЕ ЕСІМІҢІЗ КІМ?

Жақсылықтың нышаны шығар, кешелі бері Парламент халыққа шындап бұрыла бастағандай әсер қалдыруда. Алдымен тіл мәселесін көтерген депкорпус артынша тұтас ұлт мәселесін көтерді. «Өмірге бірден үш бала және одан да көп бала әкелген аналарға кезексіз пәтер беретін заң керек» деп көтерілген мәселені өз басым ұлт мәселесін шешуге жасалынған қадамдай қабылдадым. Бұл орайда әсіресе Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбиляновтың белсенділігі жоғары. «Өмірге үшем әкелген аналарға пәтерді жергілікті әкімдіктер мен жанашыр азаматтар беруі мүмкін. Бірақ, мұндай жағдайда алалауға жол беріледі. Сондықтан мұны заңдастыру керек» дейді депутат. Ал, оның әріптесі Алмас Нұртаев «тым болмаса оларға екі бөлмелі пәтер беруді қарастыру керек» деп мәселені одан әрі нақтылайды.

Әрине, әзірге қабылданған заң жоқ, мұның бәрі әңгіме ғана. Алайда, тағы да қайталап айтамыз, бұл әңгімеден жақсылықтың нышаны сезіледі. Қалай болғанда да депутаттар бұрынғыдай «бізді господа депутаты деп айтыңдар» деп ешкімге міндет артып отырған жоқ қой. Бұл жолы айтса елдің әңгімесін айтып отыр. Ал, елдің әңгімесін айтқандардың, елдің сөзін сөйлегендердің сүйкімсіз болғанын көрген ешкім жоқ.

Сәбилянов дұрыс айтады, үшемдердің мәселесі жергілікті әкімдіктерде шешілсе алалау орын алуы әбден мүмкін. Олар алалаймыз деп алаламайды, көп жағдайда жағдай, мүмкіншілік деген мәселелерге тәуелді болып қалады. Сосын «анау неге алады, ол туған баланы мен де тудым, мен неге алмаймын?» деген орынды реніштер пайда болады. Ал, заң болса адамдар заңды пәтерін әкімдіктерден талап ете алады.

Баланы, оның ішінде үшемді де, төртемді де Құдай береді. Бойына бала біткен ана «үшем әйтпесе төртем тусам, сөйтіп соның арқасында пәтер алсам» деп армандайтынын ия армандамайтынын білмеймін. Бірақ кез келген аяғы ауыр ананың аман-есен босансам деп армандайтыны анық. Сөйтіп жүргенде Құдайдың қалауымен өмірге үшем немесе төртем келеді. «Қызық» сосын басталады.

Жергілікті әкімдер расында да үшем босанған аналарға кешегі екі мыңыншы жылдардың басына дейін пәтер босатып жататын. Мұндай шаралардан телеарналар әдемі-әдемі сюжеттер дайындап, көпшілікке ұсынатын. Кейін үшем босанатын аналар көбейіп кетіп, әкімшіліктердің ресурстары таусылды ма, әлде әкімдер пәтер беруден жалықты ма, әйтеуір бұл дәстүр құмға сіңген судай болды. Туасы, қазақты аңқау деп ойлайтындар қателеседі. Қазақ аңқау емес. Көп кешікпей отбасында үшем, төртем келгендер бір тамаша «қулық» ойлап тапты. Олар жаңа келген нәрестелерінің атын басын Нұрсұлтан деп қойып, аяғын сол өздері тұратын облыстың, қаланың немесе ауданның әкімдерінің есімімен атады. Енді осыдан кейін мұндай дөкейлерге пәтер бермей гөр!

Бірақ, біздің әкімдер өмірге үшем әкелетін аналардан да «қу» болып шықты. Баласының атын мұның есімімен атап жатса атасына рахмет, үш балаға үш қоларбасын, памперсін, онысын-мұнысын алып жетіп барады. Кетерлерінде бүгінде пәтер саясатының бұрынғыдай емес екендігін жақсылап түсіндіріп кетеді. Алда-жалда бетінен ұяты үзіліп тұрған әкім болса «көрерміз...» деп уәде беріп кетеді. Үшемнің әке-шешесі «көргенше» бұл қызметінен түсіп қалған болады. Енді «менің атымды қойшы» деп жалынған жоқ, үшем туса пешенесінен көреді де.

Есімнен кетпейді, 2007 жылдың желтоқсаны еді. Ол кезде Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактор болып қызмет атқаратынмын. Жұмыс күнінің аяғына таман қабылдауыма орта жастағы бір әйел кірді. Әлгі әйел келген мәселесін созбай, бірден айтты. Оның таныс келіншегі дүниеге үшем әкеліпті. Алдында біреуі бес жасар, біреуі үш жасар екі баласы бар екен. Енді бес баламен алыстағы адырда бір шопанның қорасын паналап отырған көрінеді.

Газеттің қолынан жазғаннан басқа не келеді?! Жаздық. Елдің назарын сол шопан қыстауына аударуға тырыстық. Алайда, сонымен ғана тоқтап қалуға дәтіміз шыдамады. Ұжымды жинап адамгершілік туралы әңгімелестік те тапқан-таянғанымызды ортаға салдық. Тамаша журналист, талантты қыз Гүлжамал Мұсаеваны қасына заңгер Қанат Әлібековті қосып, ақ қар, көк мұзда әлгі шопан қыстауына іссапарға аттандырдық. Жиған-тергенімізді екеуінің қолына «бізден сәлемдеме» деп ұстатып жібердік.

Сол күні ауа-райы ыбылыңқы-сыбылыңқы еді. Екеуінің көлігі діттеген жерге жете алмай, жолда батпақтап қалыпты. Бірақ, екеуі иттен де, құстан да қорықпай әрі қарай жаяу тартқан. Сәлемдемені жеткізген, жағдаймен танысқан.

– Аға, тұрып жатқан жерлері расында да кәдімгі мал қора екен. Аяғы шыққан балаларын отқа түсіп кетпесін деп қазыққа арқандап қойыпты. «Мына жерді тастап қалаға неге кетіп қалмайсыз?» деп сұрап едік, «балалардың сүтіне бола отырмын ғой» деп жауап берді. Жағдайлары өте ауыр, көмектессек болар еді, – деді Гүлжамал.

Қалай көмектесуге болады? Көп ойландық. Үшемдердің аты Нұрсұлтан, Болат, Өмірзақ еді. Нұрсұлтанның кім екендігін өздеріңіз де біліп отырсыздар, Болат деген есім бала дүниеге келген кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиевтің, Өмірзақ деген есім сол тұстағы Шымкент қаласының әкімі Өмірзақ Әметтің құрметтеріне қойылған екен. Өкінішке қарай, Жылқышиев та, Әмет те орындарынан түсіп қалған... Түсудің де түсуі бар, Б.Жылқышиев облысты ВИЧ індеті жайлауына байланысты қызметтен шеттетілген. Ал, Өмірзақ Әметтің жағдайы тіптен күрделі еді. Немере інісі Рахат Әлиевке іс қозғалғанда уақыттың дауылы мұны да тамырымен қопара көтерген. Ол кішкентай аттасына үй әпермек түгілі өзінің басымен қайғы еді. Жаңылыспасам, Өмірзақ Әмет сол кездері сотқа жауап беріп жүрген. Басы сотта жүрген адамға «қорада тұрып жатқан аттасыңа үй алып бер» деп қалай айтарсың?! Демек, үшемдердің Нұрсұлтанынан басқасына есімдері көмектесе алмайды.

– Мақаланы тамаққа отырған адамға ас батпайтындай, ұйқыға жатқан адамның көзі ілінбейтіндей етіп жаз, – дедім Гүлжамалға. – Мәселе аяғына жеткенше тоқтамаймыз!

Обалы нешік, Гүлжамал материалын мен ойлаған деңгейден де жоғары етіп дайындады. Бұл мәселеге біз бірнеше мәрте қалам тартқаннан кейін өзге әріптестер де бұрыла бастады. Ақырында сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбіш бұл мәселемен шындап айналысты. Көп кешікпей үшемдердің отбасына (аналарының аты-жөні Толқынай Қадырбаева еді) «Батсустрой» компаниясы жаңадан салынып жатқан «Нұрсәт» мөлтекауданынан үш бөлмелі жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Бұл жағдайға бүкіл редакция болып өзіміз үй алғандай қуандық. Тіпті Толқынай Қадырбаева «үй алуыма көмектескен «Айғақ» редакциясына рахмет!» деп телеарналарға сұхбат бергенде де «оу, көмектескен біз едік қой, біз қайда қалдық, сонда?» деп титтей де ренжіген жоқпыз. Ең бастысы, қазақтың бір көп балалы отбасы үйлі болды ғой, бізге сол жететін еді.

Сол мақаланы жазған Гүлжамал Мұсаеваның өзінің де үйі жоқ еді. Сол мәселені аяғына дейін жеткізген, Толқынай Қадырбаеваның пәтер алуына бірден-бір себепкер болған Гүлжамал күні бүгінге дейін де пәтер жалдап тұрады. Қайсар қыз жағдайын айтып, ешкімнің алдына жылап барған емес. Ал, одан «жағдайың қалай?» деп сұрайтын Шымкентте аға жоқ. Пәтерді айтасыз, қыл аяғы жыл сайын журналистер күнінде шүлен таратылғанда да Гүлжамал ұмыт қалып кетіп жатады.

Бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз, бәрі «үшемдерге үй беруді заңдастыру керек» деген әңгімеден шықты ғой. Расында да, заңдастыру керек. Алайда, одан да маңыздысы, балаңызға ат қоя біліңіз. Орнынан түсіп қалмайтын әкімдер бар ғой, шүкір...

Абай БАЛАЖАН,
«SKIFNEWS.KZ».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары