$ 443.35  475.54  4.82

Цифрлық теңге: Электрондық ақшаға толыққанды көшу жоспарда бар ма?

Цифрлық теңге кезең-кезеңімен, 3 фазада, 2025 жылдың соңына дейінгі мерзімде енгізіледі. Биыл цифрлы теңге бөлшек айналымға кірді.

Фото: azattyq-ruhy.kz
Фото: azattyq-ruhy.kz

2021 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатып, «Цифрлық теңгенің» пилоттық жобасын жүзеге асырып шықты. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шол­панқұловтың айтуынша, цифрлы теңге – ұлттық валютаның үшінші түрі. Қолма-қол ақша секілді, цифрлы теңге де ҰБ міндеттемесі болып саналады. Сәйкесінше, цифрлық теңге төлем құралы, құн өлшемі және айналым құралы қызметін атқарады. 

«Қанатқақты жоба аясында клиент­тердің цифрлы шоттары арасында тө­лемдер мен ақша аударымдарын жүр­гізу функционалы қарастырылған. Со­нымен қатар банктер халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп қанатқақты цифр­лы карталар шығарды. Бұл карталарды қолдана отырып, пайдаланушылар банктердің төлем инфрақұрылымы аясында жеке және заңды тұлғалармен әдеттегі режімде цифрлы теңге транзакцияларын жүргізе алады. Банктермен және Алматы қаласының әкімдігімен бір­ге «цифрлы ваучерді» пайдалану сер­висі де іске қосылды. Бұл мем­ле­кет­тік әлеу­меттік қолдау шараларын оңтай­лан­дыруға мүмкіндік береді», дейді Шол­панқұлов.

ҰБ өкілінің сөзінше, цифрлық теңге – цифрлық инновациялық экономиканың заманауи сұранысына жауап беретін төлемнің жаңа құралы. Тиісінше ол POS-тер­миналдар, QR-код, банктердің мобильді қосымшасы, биометрия сияқты әдеттегі банктік сервистер арқылы қол­жетімді болады.

«Осының арқасында төлем тізбегін­дегі бірқатар үдерісті автоматтандыруға және тиімділігін арттыруға жол ашылды. Сондай-ақ цифрлы теңге офлайн режімде транзакциялар тізбегін жүргізу мүмкіндігі арқасында интернет шектелген жерде де қолма-қол ақшасыз төлемдерді қолжетімді етеді», деп түсіндірді.

2024 жылы жоба жаңа қатысушы­ларды қосу және сервистерді көбейту арқылы кеңейе түспек.

«Атап айтқанда, бұл – интернетсіз цифр­лы теңгедегі транзакцияларды жү­зеге асыру функционалын іске асыру, трансшекаралық төлемдерді оңтай­лан­ды­ру, цифрлы активтер бойынша есеп айы­­рысудың сенімді тетіктерін құру және басқа да инновациялар. Осы бағыт­тар бо­йынша дайындық жұмыс­тары мен алдын ала зерттеулер қа­зірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Мыса­лы, «SWIFT» сияқты халық­аралық ұйымдар­мен ынтымақ­тастықта трансше­каралық төлемдердің мүмкіндігі туралы зерттеу жүргізілуде. Биыл Халықаралық есеп айы­рысу банкінің mBridge бастамасы­на бақылаушы мемлекет ретінде қосылдық. Жоспар бойынша, цифрлы теңгенің нысаналы архитектурасын енгізу жұмыстары 2025 жылдың соңы­на дейін аяқталуы ке­рек», деп қоры­тындылады Б.Шол­панқұлов.

ҰБ Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтің айтуын­ша, ұлттық валютаның жаңа формасы бірқатар бірегей қасиетке ие:

  • Бағдарламалану;
  • Халықаралық деңгейде төлем жасау;
  • Смарт-келісімшарт орындау кезінде де технологиялық мүмкіндіктер ашу.

Цифрлық теңгеге арналған цифрлы карталар екі халықаралық төлем жүйесі – Visa мен Mastercard және екінші деңгейлі төрт банкпен серіктестікте шығарылып жатыр. Бұл карталар – клиенттердің цифр­лы шоттары орталық банктің цифрлы валютасымен байланыстырылған әлемдегі алғашқы карталар. Бұл аза­мат­тарға инновацияларды (Apple Pay, NFC және т.б.) қолдана отырып, оның ішінде цифр­лы теңгемен шоты жоқ сау­да-сервистік кәсіпорындар үшін, әлем­нің кез келген нүктесінде дәл қазір­гідей ыңғайлы – цифр­лық теңге­де ақша жұмсауға, қолма-қол ақша алу­ға және операциялар жасауға мүмкін­дік ұсынбақ. Бүгінгі таңда сервис тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға берілді және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп кезең-кезеңімен ауқымын кеңейте беретін болады.

«Цифрлық теңге инновациялық қар­жылық қызмет көрсетудің негізін құ­райтын блокчейн технологиясының әлеуетін ашады, төлемдерді тиімді етеді, сонымен қатар дәстүрлі қаржы мен цифр­лы активтер арасына «көпір» болады. Цифрлы теңге экожүйесі іске қосылды, енді көп ұзамай ел тұрғындары оның алғашқы өнімдерін пайдалана алады», дейді ҰТК төрағасы Бинур Жәленов.

Оның айтуынша, бүгінде қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 85 пайызға жақындап, соңғы 5 жылда 16 есе өсім байқалды.

«Тұтынушылар цифрлық теңгені өз қалауы бойынша қолма-қол және қол­ма-қол ақшасыз теңгеге ұқсастығы бойын­ша пайдалана алады. Азаматтар теңгенің қандай формасын – қолма-қол, қолма-қол ақшасыз немесе цифрлы түрін пайдалануды дербес таңдайды. Таңдау толығымен азаматқа байланыс­ты. Олар инфрақұрылым – төлем нарығына қатысушылардың мобильді қосымшалары, банк карталары, NFC, QR арқылы шоттар аша алады, төлей алады, аудара алады және цифрлы теңгемен өзге де операция­лар жасай алады. Цифрлы теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз теңгенің қасиеттерін біріктіреді», дейді.

Айырықша атап айтар нәрсе – цифрлық теңгенің криптовалютадан немесе стей­блкоиндерден түбегейлі ерекше­ленетіні. Өйткені оның Ұлттық банк атынан бірың­ғай эмитенті бар. Оны шығару және өтеу азаматтың талабы бойынша орталық банк платформасында жүзеге асырылады. Транзакцияларды қауіпсіз жүргізуге және қаражаттың сақталуына Ұлттық банк кепілдік береді.

«Цифрлық теңге платформасы сонымен қатар смарт-келісімшарттар арқылы автоматтандыру арқасында үдерістегі делдалдар санын азайта отырып, азаматқа мемлекеттік міндеттемелерді жеткізуді жеңілдетеді. Мемлекеттік қолдаудың елеулі көлемі азаматқа тікелей емес, қыз­мет провайдеріне субсидиялау жолымен көрсетіледі. Яғни төлем қызмет көрсету туралы есептер негізінде мемлекеттен көрсе­тілетін қызметті беру­шіге өтеді. Цифр­лы теңгенің смарт-келісімшарттары сәй­кес­тендіру, есептілікті қалыптастыру және транзакцияны бір қозғалысқа сүйе­мел­д­еу бойынша күрделі үдерістерді бі­рі­к­­­тіру­ге мүмкіндік береді. Осы техноло­гия­ның нақты қосымшалары биыл іске қосы­лып жатыр», деп түсіндірді Бинур Жә­ленов.

ҰБ мәліметінше, қазірдің өзінде әлемде 90-нан астам орталық банк цифр­­лы валюта енгізуді зерттеп жатыр. Қытай, БАӘ-ні қоса алғанда, 30-ға жуық орталық банк мұндай жобаны қанатқақты тұрғыда іске асыруда. Ха­лықаралық есеп айырысу банкі мен SWIFT сияқты ұйымдар орталық банктердің цифрлы валюталарында трансшекаралық төлемдер үшін қанат­қақ­ты платформаларды іске қосады. Осы бағытта цифрлы теңгені пайдалану ортамерзімді болашақта отандастарға трансшекаралық есеп айырысудың тағы бір арнасын құру үшін негіз қалайды деген сенім бар. Ол неғұрлым жылдам әрі арзан халықаралық төлемдер мен аударымдарды қамтамасыз етпек.

«Цифрлық теңге» жобасымен Қазақ­стан осы күн тәртібіндегі әлемдік көшбасшылардың бірі саналады.

Жоғарыда «цифрлық ваучер» ұғымы туралы да айтып қалдық. Соны тарқатып өтелік. Бұл – Алматы қаласының әкім­дігі, «Қазпошта» АҚ және ONAY көлік холдингімен бірлесіп қолға алынып отырған мектепте тамақтандыруға арнал­ған қанатқақты жоба. ҰБ өкілдері­нің түсіндіруінше, оқушы қоғамдық көлік картасының көмегімен мектептегі түскі асқа сапарын растай алады. Осы растау негізінде әрбір оқушының әрбір нақты түскі асына ақша мектептің цифр­лы шотынан мектеп асханасы опер­торының цифрлы шотына төленеді. Нәтижесінде, мектеп пен ата-ана онлайн режімінде іс жүзінде қанша бала қызмет алғанын көреді. Асхана пайдалану үшін бірден қаражат алады. Төлемдер күрделі есептілікті қажет етпестен онлайн режімде өтеді. Бұл мемлекеттік қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттырмақ.

Цифрлық теңге кезең-кезеңімен, 3 фазада, 2025 жылдың соңына дейінгі мерзімде енгізіледі. Биыл цифрлы теңге бөлшек айналымға кірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары