$ 518.21  590.09  6.3

«Ұйқымнан тұрсам, имплант түсіп қалған»: Алматылықтар лицензиясы жоқ дәрігерден зардап шеккендерін айтты

Ол стоматологтар ассоциациясында да тіркелмеген.

 

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Дәрігердің сапасыз жұмысынан зардап шектік деген бір топ алматылық келіншек әділдікке жете алмай әлек. Өзін білікті маман ретінде таныстырған тіс маманы жәбірленушілерді импалнт орнатып беремін деп құрғақ уәдемен алдап келген, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Еуразия арнасына сілтеме жасап. 

Екі жыл бұрын Айгүл Қалиева есімді әйел жасанды тісін имплантқа ауыстырмақ болып, желідегі жарнамалардың бірінен көрген тіс дәрігерінің көмегіне жүгінген. 35 жыл тәжірибем бар деген дәрігер науқасты нәтижелі емге сендірген. Алайда Айгүл дәрігердің жұмысы сапасыз болып шыққанып айтып шағымданды.

“Астыңғы тістерімді жасады. Төртеуін жасап, азу тістеріме көшкенде олар қайта-қайта түсіп қала берді. Үйге қайтып, аялдамаға жеткенде орнатқан тістері түсіп қалды. Бірде ұйқыдан тұрсам ауызымда имплант босап, түсіп қалған”, – дейді Айгүл Қалиева.

Содан ол басқа дәрігерге баруға мәжбүр болған. Өзін білікті дәрігермін деп таныстырған маман қысқа уақыт ішінде бірнеше жұмыс орнын ауыстырып үлгерген.

“Мен бұл дәрігерге бір жарым жыл барып жүрдім. Олар ине салып, тістердің дайын емес екенін айтты. Бірақ осы уақыт бойы мен өзім хабарласып, жағдайды біліп отырдым. Ал ол осы уақыт ішінде төрт клиникада жұмыс ауыстырып үлгерді”, – дейді жәбірленуші Гаухар Кабижанова.

Жәбірленушілер дәрігердің бұған дейін жұмыс істеген үш клиникасына барып көрген. Бірақ ол туралы бірде-бір мәлімет таппаған.

“Мен оған 2022 жылы тамыз айында бардым. Қазан айына қарай менде стоматит басталды. Ауыз қуысым ісініп, жақ терісі алына бастады. Дұрыс тамақ іше алмадым. Салдарынан 15 келідей салмақ тастадым. Ұзақ уақыт бойы маска киіп жүруге мәжбүр болдым”, – дейді дәрігерден зардап шеккендердің бірі Ирина Близнюк.

Жәбірленушілер бір ауыздан дәрігердің үстінен полицияға шағыма түсірген. Алайда құзырлы органдар оларға көмектесуден бас тартқан. 

“Бұл жағдайда қылмыстық құқықбұзушылық анықталмады. Екі тараптың арасында азаматтық-құқықтық тұрғыда мәселе туды. Сондықтан бұл жағдай тек азаматтық-құқықтық тұрғыда шешімін табу керек. Яғни, сотқа арыз түсіру керек”, – деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Анықтай келе, “Дина холдинг” компаниясы мен стоматолог маманның науқастарға қызмет көрсетуге рұқсат беретін арнайы лицензиясы жоқ болып шыққан. Тіпті денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас стоматологы аталмыш маманның дәрігер екендігіне күмәнмен қарайды. 

“Дәл осы жағдайда мен бұл дәрігерді танымаймын. Ол стоматологтар ассоциациясына кірмейді. Өкінішке қарай, мұндай әріптестеріміз бар. Оның біліктілігін былай қойғанда, маманның расымен дәрігер екеніне күмәнім бар”, – дейді денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс стоматологы Сәуле Есімбаева.

Қазақстанның ұлттық тұтынушылар лигасы дәрігердің сапасыз жұмысын суретке немесе видеоға түсіріп алуға кеңес береді. Сонда олардың кінәсін дәлелдеу әлдеқайда оңай болады дейді. Жұмыстың сапасыз жасалғанын тәуелсіз сарапшылар растаса, тіпті жеңіл болмақ.

“Егер мәселе туындаса бізде сот сараптамасы, тәуелсіз сараптама, сондай-ақ денсаулық министрлігі аккредитациядан және аттестаттан өткізген сарапшылар да бар. Олар сотта қаралып жатқан айғақтарға қорытынды бере жасай алады. Сарапшылар мәселенің түгел спекторын айтып бере алады. Яғни, бұл адам ағзасының физиологиялық ерекшелігі болуы мүмкін немесе дәрігердің салғырттығы мен сапасыз жұмысының салдары болуы ықтимал”, – дейді Қазақстанның ұлттық тұтынушылар лигасы дәрігері Светлана Романенко.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары