$ 516.01  582.47  6.26

Астана әкімдігі кімге «оқ атайын» деп жатыр?

Оқ пен оттың астарында – өртенген базар.

Коллаж: sn.kz
Коллаж: sn.kz

Астана әкмідігі 9 мамыр – Жеңіс күніне орай ұйымдастырылатын салютті жариялай отырып, ресми хабарламасында: «Әр жерде 4 мыңға жуық оқ атылады» деп жазды. Әлден-ақ әлеуметтік желілерде бұл формулировка жұртшылықтың шамына тиді. Себебі мерекелік отшашуды бейбіт аспан астындағы «қуаныш» символы ретінде емес, атыс-шабыс деп сипаттау тарихи астары ауыр күннің мән-мағынасын бұрмалайды. Қала билігі сөз қолданысымен-ақ Жеңістің басты құндылығы – соғыссыз яки бейбіт өмір екенін көмескілетіп, мерекені «қару-жарақ шоуына» айналдырғандай әсер қалдырды. Ал бұған кінәлі Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен оның баспасөз қызметі екені анық. Ендеше сол «кімге оқ атары белгісіз» Астанадағы жақын болған кейбір жайтқа тоқтала кетейік...

Оқ пен оттың астарында – өртенген базар

Бүгін Астана әкімі төрт мың «оқ атып» деп жатса, кеше таңертең Астанадағы «Шапағат» коммуналдық базарында өрт шығып, 400 шаршы метр аумақ, 10-ға жуық бутиктің күлі көкке ұшты. Төтенше жағдайлар министрлігі оқшаулау жұмысына 71 қызметкер мен 20 техниканы жұмылдырды, үш өрт сөндіру учаскесі қойылды. Бірақ әдеттегідей элиталық тұрғын үй өртенсе, жедел сонда шауып баратын қала әкімі Жеңіс Қасымбек ол жерден табыла қоймады. Биыл жыл басталғалы бері Астана жұрты өртпен жиі алысты. Бұның себебі тозығы жеткен сымдар мен қала әкімінің «ақымақтығы» емес пе деп қалуыңыз мүмкін. Бірақ шынымен солай болуы да ғажап емес...

Елестетіп көріңізші... Бір жағында – жанып жатқан сауда орындары, күнкөрісінен айырылған кәсіпкерлер тұр, ал екінші жағында – «демеушілік қаражат» арқылы келген, бірақ күлі көкке кететін шығын. Өрт оқшауланғанымен, бизнес иелерінің шығынын кім өтейді? Әлеуметтік қорғаныс қалай іске қосылады? Әкімдік бұл туралы үн қатпады. Ақпараттық алаңды «оқ атылады» деген пафоспен толтыру, ал нақты зардап шеккен азаматтарға қатысты үнсіз қалу – коммуникациядағы селқостықтың салдары.

Жаңсақтықтың саяси салмағы

«Оқ атылады» демекші, бұл мәселенің тағы бір қырына тоқталып, осы бір тіркестен не ұғуға болатынын айтып көрейік:

Тарихи сезімталдық. «Оқ» – соғыс, қантөгіс ұғымымен біте-қайнасып кеткен сөз. Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығында бейбіт өмірді дәріптеудің орнына, әкімдік салютті де «ататын оққа» теңестіріп, соғыс лексикасын саяси жарнамаға айналдырды. Егер ол жерде шынымен оқ атылса, әкімдік түнгі 22:00-де кімге «оқ атқысы» келеді? Міне, біздің көкейде осындай сұрақ туындады.

Әлеуметтік бет-бейне. Астана – соңғы бес жылда өрт қауіпсіздігі нормативін сақтамаған нысандар саны бойынша көш басында. Базардағы өрт те – соның айғағы. Мұндай жағдайда бюджеттік немесе демеушілік ақша отшашуға емес, өртке қарсы жүйені жаңартуға жұмсалуға тиіс еді.

Қоғамдық көңіл-күйді сезінбеу. Соңғы айларда ел бойынша коммуналдық төлемдердің қымбаттауы, азық-түлік инфляциясы халықтың жүйкесін жұқартып тұр. Осындай әлеуметтік фонға «4 мың оқ атамыз» деп сүйіншілеген ақпарат билік пен қоғам арасын одан әрі алшақтатады.

Цифр сөйлесін...

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің есебінде былтыр ғана Қазақстанда 1 346 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, оның 1015-і — яғни 75 пайызы — жемқорлыққа жатқызылған. Астана 155 фактімен республикалық «көшбасшы» атанған; ел бойынша келтірілген залал 486,1 миллиард теңгені құрайды. Бұл сандардың өзі-ақ елордалық әкімдіктегі жүйелі ақауды әшкерелейді. Осындайда «Астананы жасылдандырғыш», «қардан тазалағыш» Жеңіс Қасымбек не бітіріп жүр екен деп қайран қаласыз...

LRT дауы: 85 млрд теңге – жемқорлықтың«мұнарасы»

2024 жылдың 25 желтоқсанында Астана қалалық соты Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданды 9 жылға бостандығынан айырып, 85 млрд теңге залалды өтеуді міндеттеді. Ардан Қытайдың Даму банкінен тартылған 257,6 млн долларды мақсатсыз жұмсағаны дәлелденген. Бұны неге айтып отырмыз? Себебі бұл іс жиі жарияланатын стратегия-бағдарламаларға қарама-қарсы, Астана әкімдігінің қаражаты мен жобалық қадағалауындағы тығыз байланыстардың қоғамдық сенімді құртып жатқанын көрсетеді. Бұл дауға қатысты ақпараттың жаңара беруінің өзі, тіпті оған халықтың күмәнмен қарауы – қоғамдық сенімнің «өлгенінің» анық көрінісі.

Құрылыс нарығындағы 426 бұзушылық

Әкімдікке қарасты «Қалалық орта сапасы және бақылау» басқармасы 2024 жылдың өзінде-ақ 426 заңбұзушылық анықтап, бес ірі құрылыс компаниясын лицензиясынан айыруға мәжбүр болды. Бұл дерек салалық бақылаудың формалды сипатқа айналып, нарықта «келісімді» жобалардың үсті-үстіне өтетініне айқын дәлел. Мемлекеттік тапсырыстар мен техникалық қадағалауды әкімдік өз қолында ұстағанымен, сапасыз құрылыстар қаланың бет-бейнесіне ғана емес, қауіпсіздігіне де қауіп төндіріп отыр. Істі болғанға дейін Астана әкімдігінің қарауында болған «Елорда құрылыс компаниясына» қатысты дау туғанда, салымшылардың өзін кінәлап, мәселені жұртқа жабуға шебер әкімнен басқалай не күтуге болады? Бәлкім, Астана әкімдігі кейде ашу-ызадан, қаладағы көптеген мәселеден құтылу үшін шынымен оны сынайтындарға «төрт мың рет оқ атқысы» келетін шығар...

Сөзімізді түйіндер болсақ, жағдай былай, биліктің бір ауыз сөзі кейде миллиондаған теңгеден қымбат тұрады. «Оқ атылады» деген оғаш тіркес – Астана әкімдігінің қоғаммен диалогтағы көрінісі. Егер әкімдік сөз таңдау арқылы да халықтың жан дүниесін жаралай берсе, ертеңгі күні «оқ» дегенінің жаңғырығы өзіне қарсы шығатынын түсінгені дұрыс. Мерекені атыспен емес, жауапкершілікпен атап өту – бейбіт елдің басты міндеті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 1

Серіктес жаңалықтары