$ 516.01  582.47  6.26

«Әшекейлер мен қымбат киімдерден тартынатын»: Тоқаев анасы жайлы сағынышты сырымен бөлісті

Бүгін – Аналар күні. Осы атаулы күнге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің анасы Тұрар Шабарбаева туралы жүрекжарды естелігін бөлісті. Бұл

Фото: @tokayev_online
Фото: @tokayev_online

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аналар күніне орай анасы Тұрар Шабарбаева туралы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бүгін – Аналар күні. Осы атаулы күнге орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің анасы Тұрар Шабарбаева туралы жүрекжарды естелігін бөлісті. Бұл – қарапайым да асыл ананың бейнесі арқылы бүкіл аналарға деген құрметтің көрінісі.

Төрт балалы біздің отбасы қарапайым тұрды. Анам ұзақ уақыт бойы белгілі себептермен жұ­мыс істемеді, ол кісі үй жұмысын атқарды.

Жалғыз асыраушымыз әкей. Айлық жалақыдан бөлек, ол кей-кейде мақалалары мен кітаптарына қалам­ақы алатын. Мұндай күндері біздің үйде нағыз мереке орнайды.

Шешей ол кезде жас әйел бола тұра, көп нәрседен, оның ішінде әшекей заттар мен қымбат киімдерден тартынатын. Әрине, сәнді киініп, әсем әшекейлер таққысы келгені табиғи ғой, алайда бар өмірін перзенттеріне арнап, аналық парызын қысқа ғұмырының ақырына дейін атқарып өтті. Тіпті, қымбат дүниелер алатындай мүмкіндік туған кезде де, өзіне ұнаған заттарды немерелеріне әперумен шектелетін.

Өз өмірімнің Кеңес Одағы тарауымен тұспа-тұс келген сындарлы сәтінде анамның батыл қолдағаны ешқашан ұмытылмайды. Сол бір қауырт күнде­рі Мәскеуде қалып, Ресей мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеу немесе елге қайтып оралуды анықтау қажет еді. Сонда анамның «Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді» деп айтқаны есімде. Бұл сөз бұйрықтай болып естілді.

Анасы кейбір шенеуніктердің аяқасты байып кетуін көре тұра, мұндай өмір салтының баянсыз екенін үнемі айтып отырған. Ол ұл-қыздарына адалдық, қарапайымдық пен ар-ұят секілді құндылықтарды бойға сіңіруге тырысты.

«Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі кеңес беретін.

Бала кезінен Тоқаев анасының мағыналы әңгімелерін, өмірлік ұстанымдарын тыңдап өскен. Анасының пайым-парасаты, байсалдылығы мен көрегендігі оның дүниетанымының қалыптасуына зор ықпал еткен.

Тұрар Шабарбаева – нағыз ана. Ол ұсақ-түйекке дейін мән беріп, балалардың тәрбиесіне ерекше ден қойған. Бірде-бір ата-аналар жиналысын жібермеген. Балаларының ұстаздарын жақсы таныған. Перзенттерінің қуанышы мен қайғысын бірге бөліскен. Оның өмірі – мейірім мен жанашырлықтың үлгісі.

Президент естелігін қорытындылай келе, барша жұртты ананың қадірін білуге, оларды ардақтауға шақырды:

«Аналардың қадірін біліп, әрдайым құрмет көрсетіп, ардақтап жүріңіздер!»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 10
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары