$ 448.15  483.46  4.86

Назарбаевқа жақын шенеуніктерге әуежайда арнайы қызмет көрсетілмек

Қаулы алғашқы ресми жарияланғаннан кейін он күн өткенде қолданысқа енгізіледі.
Фото: e-history.kz
Фото: e-history.kz

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын шенеуніктеріне елдегі әуежайлардың арнайы залдарында қызмет көрсетілмек. Бұл туралы 14 маусымнан бастап қоғам талқысына ұсынылған үкімет қаулысы жобасында айтылады. Талқылау 28 маусымға дейін жалғасады, деп жазады Азаттық.

Жобада әуежайлардағы арнайы бөлінген залдарда қызмет көрсетілетін адамдар тізіміне Тұңғыш президент қорының атқарушы директоры мен Назарбаев кеңсесінің басшысы және олардың орынбасарлары, Назарбаевтың көмекшілері, кеңесшілері мен кеңсесінің құрылымдық бөлімшелері басшыларын енгізу көзделген.

Қаулы алғашқы ресми жарияланғаннан кейін он күн өткенде қолданысқа енгізіледі.

Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін кенеттен тоқтатып, орнына парламент сенатының сол кездегі төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған еді. Кейін Тоқаев 9 маусымға кезектен тыс президент сайлауын тағайындады. Назарбаев өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясы съезінде Тоқаевты президенттікке кандидат ретінде ұсынды. Елде кей оппозициялық күштер бойкот жариялаған сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, Қазақстан президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаевтың жолын жалғастыруға уәде етті. Сайлау кезінде наразылық білдіріп көшеге шыққан азаматтарды жаппай ұстаған полиция 957 адамды әкімшілік жауапқа тартты.

Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткенімен заңда бекітілген ерекше мәртебесі мен құқықтары оған билікке ықпал етуіне мүмкіндік береді. Назарбаев басқару тізгінін әлі қолында ұстап отыр деп санайтын кей оппозициялық күштер оны айрықша мәртебеден айыру керек деп санайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары