$ 447.4  477.55  4.76

Жезқазғандағы медициналық колледж қатары жаңа студенттермен толықты

Мектеп бітіріп колледж немесе университетке түскен жастарға жаңа оқу жылы жаңа таныс, жаңа белес, жаңа қуаныш алып келеді. Оқу орнының табалырығын жаңа аттаған баланы студенттер қатарына салтанатты түрде қабылдау жыл сайын өткізілетін шараға айналған. Жезқазған медициналық колледжі биыл да осы дәстүрді жалғастырды.

Ақ халатты абзал жандарды маман етіп даярлайтын білім ордасының негізі 1961 жылы қаланды. Осы уақытқа дейін 10 000 астам орта білімді медицина мамандары түлеп ұшып, халықтың денсаулығын жақсарту ісіне өз үлестерін қосып отырған бірден-бір оқу орны. Олар еліміздегі алдыңғы қатарлы денсаулық сақтау мекемелерінде қызмет етеді. Колледж қазіргі заман талабына сай ең қажетті базалар және техника түрлерімен жабдықталған. Өте жоғарғы деңгейдегі жауапкершілікті талап ететін дәрігер мамандығына мысты қала жастарының қатарында қызыққандардың саны жыл сайын артып келеді. Биылдың өзінде медициналық колледж оқушыларының қатарын 160-5а жуық бала көбейткен.

Медициналық колледж директорының міндетін атқарушы Меруерт Молдина алғаш болып сөз алып, ақ халат киіп, дәрігер болсам деген армандарын арқалап келген жастарға алдағы оқу жылында сәттілік тілеп, жаңа толқыннан үкілі үміт күтетінін жеткізді.

«Жарқыраймын. Сәулемді басқадан аямаймын» деп аталған қабылдау кеші кеше ғана мектеп бітіріп, аңғал балалық шағымен қоштаса қоймаған балаларға ерекше көңіл күй сыйлады. Студенттер қатарына қабылдау салтанаты - әрбір бірінші курс студентінің жаңа өмірге ену мерекесі ретінде есте қалары сөзсіз. Үлкен курс оқушылары «балмұздақтарды» колледж тарихымен, құрылымымен, ұстаздар құрамымен таныстырды. Медицина атасы Гиппократ сахнаға шығып, колледж білім алушылары оған құрмет көрсетті. Сонымен қатар, І курс оқушылары Гиппократка қызмет жолында адал болып, адамдардан бар көмектерін аямауға ант берді.

Студенттер қатарына қабылдау кешінің әсерлі кезі Гиппократтың студент билеті мен сынақ кітапшасын табыстау болды. «Студент» атағын алға жастар ерекше қуаныш пен толқыныста болды. Кеше ғана мектеп бітірген бозбала мен бойжеткен енді үлкен мамандық иесі болу жолында.

4 курс студенті Саятжан Рысметов 1 курс студенті Мақсат Құдайбергенге білім алауын табыс етіп, жолын қуған іні-қарындастарына алауды сөндіріп алмас үшін оқуда озат болу керек деп ақылын айтты. Ал денсаулық саласында еңбек етуді таңдаған бүгінгі ұрпақ тәуелсіз елдің медицина саласына сүбелі үлес қосудан үмітті екендіктерін жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары