$ 447.4  477.55  4.76

Қытайдағы саяси үйрену лагеріне қамалғандардың 90 пайызға жуығы бүгінде босап шыққан

2018 жылы Қытайда тұратын 14324 этникалық қазақ, 2019 жылы алғашқы төрт айда 1929 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын алған.
фото: azattyq.org
фото: azattyq.org

27 мамырда Алматыда "Қытай зерттеу институты" ұйымының офисінде бір топ адам баспасөз маслихатын өткізіп, туыстары саяси лагерьден босағанымен Қазақстанға келе алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды "Азаттық".

Жиынды ұйымдастырушы Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, "Қытайдағы саяси үйрену лагеріне қамалғандардың 90 пайызға жуығы бүгінде босап шыққан. Бірақ олардың кейбірі Қазақстанға келе алмай отыр".

Жиынға келгендер Қазақстан билігінен «Қытайдан қайта алмай отырған туыстарын елге қайтаруға көмек сұрады».

Солардың бірі Гулбану Рахымқызы күйеуі Рахман Рахыбайұлының лагерьден бірнеше ай бұрын шыққанымен, Қазақстанға келе алмай отырғанын айтады.

«Күйеуім Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Толы ауданында. Негізгі мамандығы - мұғалім. Қазір жергілікті мектепте күзетші болып жүр екен. Ақпан айының 20-сы күні іздеп бардым. Алдымнан күтіп алған полиция күйеуіммен бетпе-бет бірнеше сағат жолықтырды. Туыстарымыздың үйіне жібермеді. Сол жердегі қонақ үйде болдық. Жолдасым ештеңе айта алмады. Бар айтқаны "Менде бәрі дұрыс. Сен қайта бер" деді. Бірақ келгелі қайтып сөйлесе алмадым», - дейді ол.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттыққа 21 мамырда жолдаған ресми жауабында 2018 жылы Қытайда тұратын 14324 этникалық қазақ, 2019 жылы алғашқы төрт айда 1929 этникалық қазақ Қазақстан азаматтығын алған.

«Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдық қызмет департаментінің дерегінше, 2019 жылы 1 қаңтар-15 мамырға дейін Қытайдағы 6506 этникалық қазақ (Қытай азаматтары) Қазақстанда тұратын туыстарына келу үшін виза алды. Ал министрлікке Қытайдан Қазақстанға келу үшін көмек сұраған 343 өтініш түсті» деп жазылған Сыртқы істер министрлігінің жауабында.

Министрліктің мәлімдеуінше, Қытай көші-қон заңнамасын бұзу фактілері - этникалық қазақтардың Қазақстанға шығуына негізгі кедергі. Қытай көші-қон режимін бұзбаған этникалық қазақтарға Пекин тарапынан кедергі жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары