$ 443.44  480.51  4.88

«Адамды құтқару – бірінші мақсатымыз»: Өртке оранған үйден газ баллон алып шыққан полицейлер марапатталды

Ұйқыдағыларды оятып, қарт пен жас қызды алып шықтық.

Талдықорған қаласы полиция басқармасы патрульдік полициясының қызмет инспекторлары Данияр Базарбаев пен Диас Омаров батыл әрекеттері үшін ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ішкі істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оқиға 2023 жылдың 2 қазанында түнгі сағат 4:00 шамасында Талдықорған қаласында болды. Дүкен өртеніп жатты. Әріптесім екеуміз патрульдеу барысында байқап, оқиға орнына келсек, ешкім жоқ екен. Алдымен эвакуация жасауға кірістік, – деді Данияр Базарбаев.

Бірінші қабаттағы жалынды көрген тәртіп сақшылары ғимараттың екінші қабатына шыққан.

Ұйқыда жатқан азаматтарды оятып, үй ішінен бір үлкен кісі мен жас қызды алып шықтық. Тінту барысында үйде екі газ баллон бар екенін байқадық. Оны да тез арада алып шықтық, – деді Диас Омаров.

Қайғылы жағдайдың алдын алған полицейлер өрт сөндірушілерді шақырған.

Қорқыныш болды. Қорқыныш болғанымен, адамдарды құтқару бірінші мақсатымыз болды. Ішкі істер органдарында тоғыз жылдан бері қызмет атқарып келемін, – деді Данияр Базарбаев.

Оның әріптесі Диас полицияда сегіз жыл.

Полицей болу – менің бала күндегі арманым. Өзімнің әкем де осы салада қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Кішкентай кезімнен әкеме қарап қызығатынмын. Сол арманыммен осы жұмысқа келдім, – деді Диас Омаров.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары