Күні кеше қазақстандық БАҚ өкілдері Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болған Бағлан Майлыбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат таратты. Ресми органдар бұл ақпаратты растамағанымен әлі теріске де шығарған жоқ. Ал, оған дейін Ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаев қамауға алынған болатын.
Саяси сахнада орын алып жатқан осынау жағдай бүгінде қазақ қоғамында қызу талқылануда. Ірі шенеуніктердің бірінің артынан бірі ұсталуын халық жақсылыққа жорып отырған жоқ десе де болады. Тіпті, "ел түрмелеріндегі сотталушылардан тұтастай бір үкімет жасақтауға болады" деген әңгімелер айтылуда.
Ал, астаналық тұрғын Азамат Көшенов шенеуніктерді түрмеге қамағанды тоқтату керек деп есептейді. Оның пікірінше, тәжірибелі, білімді азаматтар жазаларын ауылдарда өтеуі керек.
"Ұсталған шенеуніктердің дүниелерін түгел тәркілеп, оларға тағы бір рет мүмкіндік берген дұрыс. Яғни, ауылға жіберіп, 50 мың теңге жалақыға жұмыс істету керек. Сондай-ақ, сотталушы сол ауылдан 10 жылға дейін ешқайда шықпауы тиіс. Олардың түрмеде біздің қаражатқа өмір сүруінен ешкімге пайда жоқ. Менің пікірімше, ауылдардың жағдайы мұнан кейін бірден өзгереді. Мұндай тәжірибесі мен таныстары бар адамдар біздің ауылдарды өте жоғары деңгейге көтере алады. Туған ауылынан мұнан кейін кім көшкісі келсін?! Мысалы, көз алдыңызға елестетіп көріңіз, Майлыбаев Бабайқорған ауылы ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары, Серік Ахметов бас инженер, Бишімбаев мектепте мұғалім және тағысын тағы. Менің ойымша, бұл баршаға тиімді болар еді", - дейді А.Көшенов өзінің Facebook-парақшасында.