25.08.2014, 04:06

«АП» МЫҚТЫ МА, «КПМ» МЫҚТЫ МА?

Сурет: kalitva.ru

Сонымен, елімізде мемлекеттік органдарды бір-біріне әбден сапырылыстырып жіберу салдарынан бұттары шидей, қарындары шермиген, мешел, медицина тілімен айтқанда «рахит» министрліктер пайда болды. Енді олардың сапалы жұмыс жүргізуі былай тұрсын, орындарынан қозғалуының өзі мұң болатындай.

Иә, мемлекеттік органдарды ықшамдауды біраз адамдар құп көріп отыр. Мәселен, Қазақстанда мемлекетті құраушы ұлт саны 60%-дан сәл-ақ асады. Ендеше, негізінен тек қазақтарды қамаумен айналысқан (қамаған адамдарының  99,99%-ы тек қазақтар) Қаржы полициясы мен Тони Блэрдің кеңесшілері мен көмекшілерінің лекцияларын ұйымдастыруды кәсіп қылған Мемлекеттік қызмет істері агенттігін бір-біріне қосып жібергені, сондай-ақ, өңірде туылғаны болмаса өмірінде бір рет те өңірге барып жұмыс істеп көрмеген Жәмішев патшалық қылған Өңірлік даму министрлігін таратып жібергені біздіңше де әбден дұрыс болды.

Алайда,.. Орнынан онсыз да қопал қозғалатын Көлік және коммуникация министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар (Ақтаудағы атақты планшет зауытымен танымал) министрлігін бір-біріне қосудың қандай қажеттілігі бар еді? Әлде Әсет Өрентайұлы «осыларды астыма салып бермесең вице-премьерліктен кетпеймін» деп жер тепкілеп отырып алды ма екен? Мәселенің дәл осылай қойылуын тіпті де жоққа шығаруға болмайды. Себебі, тәуелсіздік алғаннан соң біздің елде мемлекеттік органды құрмай тұрып, бірінші министрді тағайындап алу үрдісі қалыптасып үлгерді ғой.

Бізді тағы бір ойландыратыны, ендігі жерде құрамында 9 комитеті мен 10-нан аса департаменті бар, 2,5 мыңға жуық (!) мемқызметкер жұмыс істейтін Инвестиция және даму министрлігі қалай қозғалмақ? Сонда мұның қай жері ықшамдалған болды?

Ол ол ма, Энергетика министрлігін дәл бүгінгідей формада  жасақтаудың кімге керек болғанын ешкім де тамыр ұстағандай етіп, дәл айтып бере алмайды. Дегенмен, үлкен астауды көргендердің біразының іші бәрібір бірнәрсені сезеді... Оны аз десеңіз, кейбір ағайындардың «қазақ жерінің асты мен үстіндегі бар байлығын басқаруды Мәсімовтің сенімді серігінің қолына ұстата салды» деген өкпе-реніштері биліктің осынау жүрісінен кейін пайда болды. Расында да, енді кен өндіру, шикізат өңдеу барысында қоршаған ортаға келетін зиянның бәрі автоматты түрде «жойылады». Себебі өндіруді бақылайтын да, оның айналаға тигізген зиянын тексеретін де Школьниктің ықтиярындағы құрылымдар. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, осыдан кейін шахталардан шығарылған химиялық заттар мен ашық жерге төгілген мұнай қалдықтарының заңсыздығын кім әшкерелейді? Иә, көшеге бір-екі патриот пен екі-үш эколог айқайлап шығуы мүмкін. Онда да шықса... Себебі кешегі қыста төбеден құлаған Протонды айтам деп Мұсабаевтың алдына келгендер не болды? Ұлттың батырынан тек батырлық күткен ағайынның жігерінің қалай құм болғанын бәріміз телебезерден көрдік қой. Батыры өз халқын млисаға ұстатып жібермеді ме?! Қайта Талғат Мұсабаев айдың айналасын көріп келген азамат емес пе, млисаға ұстатқаннан әріге бармады. Әлі Школьник болып жүрген қазіргі министрдің шулаған халықты көрсе қандай қадамға баратынын бір Құдай біледі де.

Бірді айтып бірге кетпейік, билік әлеуметті «ықшамдау нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің 5-6 пайызын қысқартып жатырмыз, енді мемлекеттің қоржынында үлкен көлемде қаржы үнемделмек» деп жұбатуда. Алайда, мәселені асықпай зерттеген адам қысқарған 5-6 пайыздың онсыз да босап қалған (вакантты) орындар екендігіне бірден көз жеткізеді. Сонда дабыра қылған оптимизациясы қайда қалды?

Айта берсең сөз көп. Мынау соның бірі. Сенімді дерек көздерінен мәлім болғанындай, бүгінде Премьер-министр кеңсесінің басшылығы Премьерге «министрліктерге берген тапсырмаларымыз уақытынан кешігіп орындалуда» деп шағым айтып жатқан көрінеді. Біздіңше, бұл шағымның басы. «Қызықтың» көкесі алда. Ендеше, берген тапсырма хаттар министрліктегі орындаушысына жетемін дегенше кемі жарты ай өтетін, бір хат министрдің қолын күтіп, кемі бір апта жататын заманға тап болғанға ренжімей-ақ қойыңыз. 

Премьердің кеңсесі демекші, жалпы, бұл құрылым билеп-төстеуші орган ретінде керек пе, өзі? Сенесіз бе, мемлекеттік органдар Президент Әкімшілігінен емес, осы Премьердің кеңсесінен өлердей қорқады. Президент Әкімшілігінің жұмысымен жағаласып қалған мұндай құрылым қай дөкейге керек болды екен?

Мәселен, министрліктер Премьер кеңсесіне тапсырған айлық, тоқсандық, жартыжылдық немесе жылдық есептерін тура сол қалпында (тек кейбір пункттері өзгереді) араға апта салып, Президент Әкімшілігіне жолдайды. Есептің аты ғана өзгереді, «заты» сол қалпында. Дәлірек айтқанда, басқа іс-шаралар жоспарының басқадай тармақтары бойынша дәл сол баяғы тапсырманың есебі. Сонда деймін-ау, қызметкерлерді жұмысбасты еткеннен, бір қызметкердің істейтін жұмысын бірнеше қызметкерге жүктегеннен мемлекет не ұтады? Әлде жұмыс көлемін осылайша ұлғайтып, Елбасына беретін есептің көлемін 1-2 параққа арттыру үшін бе?

Президент Әкімшілігі кеңсесінің басшысы М. Қасымбековтің министрлерге тапсырма беріп, фишка түсіріп жатқанын көрген де, естіген де емеспіз. Ал, Премьер кеңсесінің басшысы Қошанов мырза тапсырма атаулыны күніне ондап түсіретіні анық. Тіпті осы Қошановтың бірнеше орынбасары бар. Бәрі де саяси қызметкерлер. Бәрі де жарты құдай. Тағы да бұлардың бәрі қарап отырмай, тапсырма беріп, жиналыс өткізуге машықтанған. Министрлер Премьерге тікелей шығып, мазасын алмауы үшін алдымен осы кеңсе басшысы мен оның орынбасарларынан Мәсімовтің көңіл-күйін біліп, хабарласу мақсатын бүге-шігесіне дейін талқылап алуы қажет. Бұл өз кезегінде жұмысбастылықты күшейтіп, өзекті мәселелердің уақтылы қаралмай, керісінше, қордаланып қалуына әкеп соқтыратыны сөзсіз. Ауа райын осындай дөкейлер жасап отырғанда заңды түрде вице-премьерлердің функциясы қандай деген сұрақ туындайды.

Премьер жұмысты әуелі өз кеңсесін жөнге келтіруден, өз кеңсесін ықшамдаудан бастағанда одан мемлекет ұтар еді. Өкінішке қарай, олай болмады...

P.S. Сонымен, бала-шағасын түрлі министрліктер мен комитеттерде жұмыс істеп асырап жүрген ағайын үшін Президент Әкімшілігі мықты ма, Премьер кеңсесі мықты ма? Өкінішке қарай, мұның жауабын мемлекеттік қызметкерлер бізге білсе де айтпайды. Қайтеміз, айтпаса айтпай-ақ қойсын. Біздің білгеніміз осы. Бірақ, маңыздысы ол да емес. Маңыздысы, кез келген «оптимизация» мемлекетке, мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп жүрген жандарға титтей де болса пайда әкелуі тиіс. Мына «оптимизацияның» Премьерден басқа ешкімге тиімді болып тұрғаны байқалмайды. «Қателесесің!» дейсіз бе? Қателессек оған бірінші өзіміз қуанар едік. Лайым, біз қателесейік.

Еркін Журналист.