05.09.2014, 08:31

ПУТИНГЕ ЕМЕС, ӨЗІҢЕ ӨКПЕЛЕ!

Сурет: interfax.ru

Бүгінде ұлтшылдар да, ұлтшыл еместер де Путинді түтіп жеуге дайын жүр. Түсінуге болады. Өкпелейтін жөніміз бар. Көше кезіп жүрген әншейін біреу емес, білдей бір елдің, елдің болғанда да әлемде империя екеу болса, соның бірінің, жалғыз болса, сол жалғыздың президенті «бұрын-соңды тарихта Қазақстан деген мемлекет болмаған» деп қойып қалса өкпелеу бер жағы, өтің жарылып кетер. Бірақ, өзіміздің зорсынғанымыз болмаса мына әлемде қазақтың өкпесіне қарап жатқан кім бар дейсіз?!

Десек те, Путинге несін өкпелейміз? Путин Ресейдің президенті басымен орыстың тарихын білмесе онысы әрине, үлкен айып болып саналады. Алып империяны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған адам ежелгі Қытайдың, Үндістанның, Америка мен Еуропа елдерінің тарихын білмесе «мынаның тарихтан сауаты шамалы екен ғой» деп ол үшін де күлуге болар. Алайда, өтіміз қанша жерден жарылып кетсе де шындықты айтайық. Әлемде 250-ге тарта мемлекет бар, соның бәрінің тарихын тарих пәнінің мұғалімі де жетік біле бермес. Алдыңғы елу елдің қатарында болсақ қатарында шығармыз, бірақ, жер шарының тұрғындары ана қырық тоғызды білуі мүмкін, бізді... Ұлыбританияны, Францияны, Американы, Ресейді, Қытайды, тағы басқа алпауыттарды білгендей біле бермейді. Ирактың, Грузияның, Арменияның әлемдік рейтингте нешінші орындарда тұрғанынан хабарсызбыз, бірақ, алты құрлық Қазақстанға қарағанда солардың тарихын жақсы біледі. Путин және Путин сияқтылар «бұрын-соңды тарихта Ирак деген мемлекет болмаған, Грузия деген мемлекет болмаған» дегенді айта алмайды. Олай айтса ұятқа қалатынын біледі. Ал, елулікте тұрған біз туралы «бұларда мемлекет болмаған» деп айта салады. Өкінішке қарай, солай...

Біздің тарихымызды білмегені үшін Путиннің де, өзгелердің де кінәсі жоқ. Бәріне тарихымызды өзгелерге таныта алмай келе жатқан өзіміз кінәліміз. Өзіңді өзің танытпасаң сені кім танытады, сені кім таниды?!

Турасына келгенде, өкпе Путинге емес, қазақтың тарихшыларына артылуы тиіс. Осынша бай тарихыңды әлем білмей отырса, Путин және тағы сол сияқтылар білмей отырса, оның ең бірінші жауапкері – тарихшылар.

Турасын айтайық, біз нақты істен гөрі сөзі көп халықпыз. Біз үшін бәріне әйтеуір біреу кінәлі... Кешеге дейін «ойбай, бұлар бізге өз тарихымызды да оқытқан жоқ, біз орыстың тарихын оқып келдік қой» дедік. Дұрыс. Солайына солай. Алайда, өзіңнің елдігіңнің тарихын өзгелерге танытамын десең тәуелсіздік алғаныңа да ширек ғасыр уақыт болды емес пе?! Қане, не бітірдің? Қай тарихыңды бүкіләлемдік деңгейде насихаттай алдың? Бүкіл әлем сенің тарихыңды аузының суы құрып отырып көретіндей қандай кино түсірдің? Мәселен, мына орыстар бірінші Петрден бастап, екінші Николайға дейінгі патшаларының өмір сүрген кезеңдерінің бәрінің көркем картинасын жасады. Поддубныйдан бастап Харламовқа дейін кино тілінде сөйлетті. Сіз не бітірдіңіз? «Жиырма пәленбай жылда бұлардың бірде-бірін істей алмадық» дейсіз бе? Ендеше, осынша жыл шарасыз отырғаныңызды кімнен көресіз? Ельциннен бе? Путиннен бе? Медведевтен бе? Бұл үшеу түсірген қай киноңызды сөреге тықтырып тастап еді? Қай тарихыңызды ЮНЕСКО-ға кіргіздірмей қойды? Жоқ, Назарбаев кінәлі ме? Нұрсұлтан Әбішұлы билікке келген 1989 жылдан бері қай тарихшы Бекмаханов секілді «халық жауы» болып сотталып кетіпті? Елбасы қай тарихшыны, қай режиссерді, қай әдебиетшіні көзқарасы үшін қудалапты? Қайта «тарихымызды танытсаңдаршы» деп «Қазақфильмдегілерге» өзі идея беріп жүрген жоқ па?! Егер біздің жадымыз алдамаса соңғы екі жылдың өзінде ғана Елбасы «Қазақфильм» мәселесіне екі рет соқты. Алғашқысында «Қазақфильмнің» жай-жапсарымен өзі барып танысса, түнеукүні ғана осы мекеменің басшысы Ермек Аманшаевты арнайы қабылдады. Кездесу барысында  «хандар тарихы туралы неге кино түсірмейсіңдер?» деген әңгіме айтылды. Және бұл әңгіме осы кездесудің өзекті әңгімесі еді. Түсінген жанға хандар тарихы дегеніңіз Сіздің мемлекетіңіздің тарихы емес пе?! Сіздің елдігіңіздің тарихы емес пе?!

Бір мәселені естен шығармайық, Елбасы Аманшаевты Путиннің әңгімесінен кейін емес, бұрын қабылдады. Тіпті қай жылы «Қазақфильмге» барып кеткенінен кейін де жаттың идеологиясымен уланбаған тым болмағанда бір картина түсіруге әбден болатын еді.

Бізді қайран қалдыратыны, неге осының бәрін Елбасы айтуы тиіс? Осы салаға тікелей жауапты Мәдениет министрлері не бітіреді? Жарайды, Арыстанбек Мұхамедиұлының тағайындалғаны кеше ғана ғой делік, мәселен, осы орынтаққа үш келіп, үш кеткен Мұхтар Құл-Мұхаммед не бітірген? «Қазақфильмнің» басшыларына «хандар туралы кино түсірейікті» неге айтпаған, неге ұйымдастырмаған? Құл-Мұхаммед Аманшаевты етене тани бермей ме, әлде?..

Ренжіп жатса алдын ала кешірім сұраймыз, кейде маған біздің елдегі Мәдениет министрлерінің деңгейі Тәуелсіздік күніне белгіленген салтанатты концертті қалай өткізгеніне қарап анықталатын сияқты болып көрінеді. Ал, тарихшылармен тікелей жұмыс істеуге тиіс Білім министрлері тек ҰБТ кезінде ғана «танымал тұлғаларға» айналады. Одан қалса жоғары оқу орындарын біресе ашып, біресе жауып немесе біріне бірін қосып сапырылыстырумен ғана есте қалады. Сіз қазақтың тамаша тарихын халықаралық аренаға шығаруға талпынып, керемет бір жоба жасауға әрекеттенген бір Білім министрін айтып бере аласыз ба? Қазір біздің тарихымыз әруақтары кешірсін, аттары не жыр-дастандарда кездеспейтін, не аңыз әңгімелерде кездеспейтін «батырлар» мен «билердің» ескерткіштерін орнатумен, елді мекендерге атын берумен «дамып» келе жатыр.

Расында да, «қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ». Әңгіме соны әлемге қалай насихаттауда! Жатқа өзіңді қалай сыйлатуда! Бүгін біреулерге өкпелейтін уақыт емес, жұмыс істейтін уақыт. Тарихыңды танытуда қол қусырып қарап отыра берсең бүгін Путинге ренжисің, ертең Обамаға, арғы күні Карзайға... Сонда бүкіл өміріміз өкпелеумен өте бере ме?! Ойланайық та...

 Абай БАЛАЖАН,

«SKIFNEWS. KZ».