Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Атырау облысында ерегісіп, жаға жыртысуға дейін барған мешіттің бас имамы мен наиб-имамын қызметтерінен қуды. Олар дін қызметкерінің этикасын бұзды деп айыпталды. Бұл туралы мүфтияттың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау ауылында орналасқан «Зинеден Құрасұлы» мешітінің бас имамы Құрметқали Бақтығұлов пен наиб имам Қанайбек Салиев дін қызметкерінің этикасын бұзғаны үшін жұмыстан босаталды. ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілдігі аталған азаматтардың қызмет барысында сөз таластырып, келіспей қалғандығын анықтады», - делінген аталған хабарламада.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушыларын 2017 жылдың 22 мамырында болып кеткен оқиға туралы объективті ақпарат беруге шақырады.
Айта кетейік, бұған дейін бұл іс бойынша сот болып, наиб-имам кінәлі деп танылған еді. Ол көпшілік алдында имамнан кешірім сұрап, 10 АЕК көлемінде айыппұл төледі.