$ 494.87  520.65  4.91

Атырау облысының әкімі Макс Боқаев пен Талғат Аянды алдамағанын айтып ақталды

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев бүгін журналистермен өткен брифингте былтыр өңірде болған халық көтерілісен қатысты сұраққа жауап берді. Сол митингтен кейін Н.Ноғаев көтеріліске шыққандардың ешқайсысы жазаланбайды деп уәде берген болатын. Алайда, артынша қоғам белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аян ұзақ мерзімге сотталды. Әкім болса ешкімді алдамағанын, өз сөзінде тұрғанын шегелеп айтты.

"Cіз жер митингісіне қатысқандардың алдына шыққан кезде белсенділер қудаланбайды деп айтқан едіңіз. Бірақ біз білетіндей, екеуі Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталды. Сіз саналы түрде оларды алдадыңыз ба, әлде шын мәнінде белсенділерді жазалауға болмайды деп санайсыз ба?", — деп сұрақ қойды журналистердің бірі Атырау облысы әкімінің баспасөз мәслихатында. 

"Мен ешкімді алдаған жоқпын деп есептеймін. Мен митинг қорытындысы бойынша ешкім қудаланбайды деп айттым. Солай болды. Оларды (Макс Боқаев пен Талғат Аян – ред.) өзге істер бойынша жауапқа тартты. Тоқтар Төлешовқа қатысты іс бойынша, мұның барлығы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып, жазылды. Атырауда 24 сәуірде болған митинг қорытындысы бойынша ешқандай санкциялар қолданылған жоқ", — деп жауап берді Ноғаев.

Ол қазіргі уақытта өңірде бәрі тыныш екенін айтты. 

"Жер мәселесі ылғи өткір тұрады. Өйткені қазақтар өз болашағын жермен байланыстырады, жер негізгі қор болып табылады. Елімізде, облыста жер ауыл шаруашылығы өнімдерін алуға пайдаланылады. Мен өз баяндамамда өзге облыстармен салыстырғанда біздің жер аса құнарлы болмаса да, атыраулықтар жерді өңдейді, алдағы уақытта егін салатын жерлерді кеңейтуге мүмкіндік бар екенін айттым", — деп қосты облыс басшысы.

Еске сала кетсек, былтыр елімізде жер дауы туындап, халық біраз дүрліккен болатын. Ел азаматтары жер кодексіне енгізілген бірнеше өзгеріске, атап айтқанда ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді қазақстандықтарға сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсылық танытып, бірнеше өңірде шеру де өтті. Осыдан кейін президент жер кодексіндегі бұл өзгерістердің күшіне енуіне мораторий жариялап, жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, кейін оның орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен, құрамына жетпістен астам адам кірген комиссия жаз бойы жұмыс істеді. Оның жұмысының қорытындысы бойынша маңызды ұсыныстар әзірленіп, заң жобасы әзірленді. 

Комиссияның ұсынысы бойынша Қазақстан президенті қолданыстағы мораторийдің мерзімін 5 жылға, яғни 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартты.

Дереккөз: Sputnik Қазақстан

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары