Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен 1993 жылы енгізілген «Болашақ» стипендиясы талай жастың шетелде білім алып, білікті кадрларға айналуына мүмкіндік жасап келеді. Десе де, осы уақытқа дейін 47 стипендиат елге оралмаған деп жазады «Айқын» газеті.
Өзге елге кімнің қандай ниетпен кетіп жатқанын бағамдау қиын. Алдына шынайы мақсат қойды ма, әлде жұрттан қалмайын деп көшке ілесті ме, белгісіз. Бір анығы – «оқуға аттандым» деп құр қыдырып қайтқан адамның өзі білім алып қайтады. Өйткені шет мемлекет – жаңа түсінік, жаңа таным. Айтулы университетте білім алып, елге келіп бос жүрген де, мықты мамандық меңгеріп тіпті келмей қалғандар да баршылық. Осы уақытқа дейін 47 стипендиат елге оралмапты. «Жат ел жаққан-дағы». Белгілі блогер, медиатор, ағылшын тілінен дәріс беруші Асхат Еркімбайдың айтуынша, өз елінде өгейдің күйін кешіп жүргендерді көрген көзі ашық жастар болашағын шетелмен байланыстырады. Рас, «елін сатып кетіпті» дегенге қарағанда, «ілім іздеп кетіп, сол жақта жұмыс бабымен қалып қойыпты» деген әлдеқайда «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді» емес пе?!
«Америкада оқып жүргенде сондай оймен келген жастарды кездестірдім. Бірақ бұл – өз күшіңмен болашағыңды жоспарлай аласың дегенді ұқтыра алмаған қоғамның кінәсі. Бастапқыда шетелде білім алу сәнге айналды. Себебі, шетелде оқу екінің біріне бұйыра бермеді. Кімнің не оқып келгенін түсіне бермедік. Соңғы он жылдың ішінде елді де, мамандықты да мақсатты түрде таңдап баратындар көбейді. Мәселен, Болашақтың есебін қарасақ, ағылшын тілінде білім беретін елдерді көбірек таңдап жатыр. Елге келген соң бірден жұмысқа араласқысы немесе әлемдік деңгейдегі компанияларда жұмыс істегісі келеді. Осы ретте біз алған білімін жүзеге асыра алатындай мүмкіндік жасап отырмыз ба, жоқ па дегенге көбірек алаңдау керек. Сол кезде шетелге кетпес бұрын студенттер «келген соң немен айналысамын» деген сауалға нақты жауабын тауып, шетелде мақсатына сәйкес, білім алады. Ал келген соң елде немесе кәсіби саласында не өзгеріс болатынын білмесе, алған білімін қандай мақсатта қолда-натынын түсінбей қайтып оралады, я біліктілігіне сұраныс тудырған қоғамда қалып қояды», – дейді оқытушы.
24 жылдың ішінде «Болашақ» 12 500 түлек даярлаған. Жыл сайын оқуын тәмамдап, шетел ассам дейтін ұл-қыздардың саны артты. Сапа да санға лайық болуы тиіс. Келген соң білімін кәдеге жарата алды ма, жұмыс тапты ма? Әлде, «Болашақтың» қызық дәурені сыбағасы мол стипендиямен тәмам болды ма?