Ырысбек ДӘБЕЙ:
– Біраз бұрын әлеуметтік желіден Жүрсін Кәрім деген кісінің «Олар тойлап жатыр» деген шағын жазбасын көріп қап, компьютеріме көшіріп алдым. Өзіме қатты әсер етті.
Ол жазба былай. Үнді халқының ұлы музыканты Тансен патша Акбардың сарайында ғұмыр кешкен екен. Бірде оған Акбар: «Сенен асып түсетін адам бар деген ой менің түсінігіме кіріп шықпайды! Сенен асар ешкім жоқ. Сендей шығармашылықтың шыңын, өнердің өрін бағындырған тұлға туғызған Аллаға сансыз мадақ! Бірақ мен әрдайым осылай ойлаған кезде еріксіз тағы бір ой келіп мазалайды, сені осындай шеберлікке дайындаған ұстаз бар шығар. Мүмкін ол сенен де шебер шығар, кім білсін? Ол кім, тірі ме екен деші? Егер ол кісі тірі болса, сарайға қонаққа шақыруға бола ма?», – дейді. Сонда Тансен: «Иә, ол кісі тірі. Бірақ ол кісіні сарайға қайтып шақырарсың. Ол кісі жабайы аң тәріздес, еркін жүріп, еркін тұрады. Ол – қоғамның адамы емес, жел айдаған бұлт немесе сол желдің өзі секілді. Оны мына дүниемен байланыстырып тұрған жіптер жоқ, ол бір үйсіз-күйсіз диуана. Одан да зоры оған өтініш жасап, ән айтқызу немесе би билетудің мүмкіндігі жоқ. Ол тек өзі бір нәрсені жүрегімен сезген жағдайда ғана ән салып, би билейді. Оның жанына тек жақын барып аңдып, күтіп, қадағалап отыру керек», – деп тоқтайды. Бұл сөзден кейін Акбардың қызығушылығы бұрынғыдан да артып, іздеп баруға бекиді іштей. Ұстазы ел кезіп жүрген Харидас деген пақыр екен. Тансен арнайы адамдарды жіберіп, оның Жұмна өзенінің жағасында тұратын лашығын табады да, Акбар патшаны ертіп жүріп кетеді.Сол маңда тұратын жұрттың айтуынша, Харидас түнгі үш-төрттер шамасында ән айтып, би билейді екен. Бірақ күндіз ол кісі ініне тығылып отырған тышқан секілді тып-тыныш отырады. Сонымен, Акбар мен Тансен түн ортасында ұрылар секілді оның лашығының арқасына келіп тығылып аңдып отырады. Себебі, ол кісі біліп қойса, ән де салмайды, би де билемейді екен. Түннің бір уағында Харидас ән салып, би билей бастайды. Акбар бірде-бір сөз айтуға шамасы келмей, сиқырланып қалғандай күй кешеді. Себебі, көрген нәрсесіне ешқандай баға беру мүмкін еместігіне көзі жетеді. Ол тек үздіксіз ағыл-тегіл жылаумен болды. Екеуі қайтып келе жатқанда араларында ауыр үнсіздік орнап, тек көздерінен жас парлап, жылаумен болады. Акбар өз сарайына оралған кезде Тансенге бұрылып: «Мен сенен асатын ешкім жоқ деп ойлайтынмын, сені теңі жоқ дарабоз деп есептеуші едім, кешір мені, бетіңе айтайын, сен тек өкпелеме, сен өз ұстазыңның тырнағына да татымайды екенсің! Неге?», – деп сұрайды. Тансен оған: «Бұл бір қарапайым нәрсе, мен ақша, атақ-мансап, билік, құрмет үшін ән салып, би билеймін. Менің сазым – әзірге белгілі бір нәтижеге қол жеткізу ғана. Мен бір нәрсені қолға түсіру үшін ғана ән саламын, ал ұстазым бір нәрсені қолына түсіргені үшін ән айтады. Басты айырмашылық осында. Ол ішінде алай-дүлей жарылыс болған кезде ғана әндетеді, тек сол кезде ғана ән туады, тек сол кезде! Бұл бір жетістікке жету секілді. Оның көкірегі Құдай нұрына толған кезде және одан әрі сыймай кеткен тұста еріксіз ән сала бастайды. Оның ән салуы – нәтиже, дәрежеге жету. Ол соны тойлап, мерекелейді!», – деп күрсінеді... Жалпы, өнердің мәні туралы бұл хикаядан асырып айта алмаспыз. Демек, ат-атақ қалдыруды мақсұт тұтқан өнердің тағдыры аян болды. Ойланатын-ақ мәселе... Ал енді осы уақыт құзіретіндегі нәзік құбылыстарды бағамдап, таразылау дегеніңіз, миы бар кісіге онша әуес болмайтын жұмыс-ау шамасы. Бірақ қазір екі сөздің басын қосып сөйлей алмайтын журналист болсын, басқасы болсын, өзінің тар танымын жұртқа жайып, төрелік айтқыш боп алды...
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ:
– Өнер – көптің меншігі дей бастасақ-ақ, көп нәрседен, әсіресе, таза өнердің өзіндік эстетикасынан алыстай беретін секілдіміз. Бірақ қазір осы қағида берік орнаған. Ән де, күй де, сөз де, кино да көпшілікке бағытталуы керек, бәріне түсінікті болуы шарт деп талап қоятындардың алдында біз, әуелі өнердің бағлан басын ұмыт қалдырып жатқанымызды байқамаймыз. Бірақ өнер – мүлдем синкретті дүние деп қана тұжырып, көпшіліктен жырақтай алмайтынымыз тағы шын. Осы екі ортадағы дүрдараздық көп әңгіменің өрбуіне себеп болуда. «Қанша адам болса – сонша пікір бар» деген қағиданы да жөнді-жөнсіз желеу ететінді таптық. Мұндай кезде ақсақал-қарасақал екеніне, оның сол саладағы (өнердегі) орны барлығына қарамастан, жастардың дүрсе қоя беріп, шәлкем-шалыс пікірін топты ортаға тастай салатыны батырлық саналып, заңдылыққа айналып бара жатқаны да шын. Көбінесе өз көзқарасын көптің пікірі деп білетіндердің молайғандығы байқалады. «Менің осы пікірім қаншалықты әділетті? Мен осылай сөйлеуге тиіспін бе?» деген сұрақты өзіне қойғаннан гөрі, «Мен айтпағанда, кім айтады?» дейтін желіктің үстемдік құратыны таңырқатады. Ал керісінше, жастарды қанаттандыруды құрғақ мақтаумен, оларды шыңдауды қарадүрсін сынаумен шұғылданатын алдыңғы толқынның да өзіндік уәжі тіптен көп. Жадағай сынның жандайшаптармен қосылғанда ес кетерліктей сарынға ұрынатынын да көріп жүрміз. Әрине, мұның бәрі қай өнер саласында болса да кәсіби әрі талғампаз сыншылардың жоқтығынан туып отыр. Сарабдал пікір айтушылар болмаған уақытта, аузы жыбырлағанның бәрі әнші, қолына қалам алғанның бәрі қаламгер болуға ұмтылары анық. Ал мұндай үрдістің пайдалы да, зиянды да жағы жеткілікті... Тағы бір байқағаным, біздің тұстастарымыздың бәрі гений болуға құмар. Олардың ешқайсысы сынды қабылдауды, орынды пікірді құп көрмейді. Тек мақтау естуге үйір құлақтардың елеңдесіп тұратынын байқаймыз. Қай ортада болса да өзін бірінші сезініп, өзінің аты аталмаған сәттердің бәрін мәнсұқтап, өзін мақтағанның ығына жығыла кетуге пейіл. Мұның бәрі әдеби талғамның шикілігінен туындайды. Біздегі айтыс-тартыстар қарабайыр, көңілге қонымсыз кейіпте өрбіп жатады. Жастар қашанда өздеріне жанашырлық керек деп ұқса, үлкендер «біздікі дұрыс» деген қатаң қағидаға сенімді. Егер әдебиеттің жаңаруы жолындағы шынайы һәм сауатты пікірталас болса, онда сөз басқа болар еді.
Арман ӘЛМЕНБЕТ:
– Өнердегі тазалық Гогольдің «Портрет» әңгімесіне де өзек болып еді ғой. Жақтауына алтын жасырылған сурет қолына түскеннен бастап, суретші ақша үшін жұмыс істеп, ақыр аяғында құлқынының құлы болып кетпеуші ме еді? Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейнесіндегі» бір толғам да сол туралы. Дәл осындай мысалдарды әрі-бергідегі ақылмандардың айтқан-жазғандарынан көптеп кездестіруге болады. Демек, сондай бір сын сағаты сөз ұстағандардың ешқайсысын айналып өтпейтін болғаны ғой. Алдыңғылар соны кейінгілерге түрлі тәмсілмен ескертуге тырысқан шығар. Ал енді дәл бүгінгі – біздің жағдайымызға келетін болсақ, әдебиет деген әркімнің ұғымында әр түрлі секілді. Біреуге ақша табудың, шапан киіп, құрмет жинаудың, енді біреуге тираж жасаудың жолы. Осындай мақсаттарға жету үшін, бәрін кесіп-пішіп, қазылық жасап, «төбеден» сөйлеп отырады. «Шіркінде ес болсашы, сезеді деген...». Ішкі пиғылын жұрт аңғармайды деп ойлайды. Ондай қылық үлкен кісілерден шықса, Мағауин айтатын «қисық ағаш» екен ғой дейсіз де қоясыз. Ал егер жастар солай сөйлей бастаса, әлгі «қисық ағаштардың» өнімі екені көрініп тұрады...
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– «Әдебиет – азшылықтың мүлкі» (Т.Шапай). Бұл әдебиетті жасаушылар туралы айтылған сөз болса керек. Жалпы, халық оқып, өзінің керегіне жарата береді. Бүгінгі күні тура мағынасында әдебиет азшылықтың мүлкіне айналғандай. Оны жасайтындар да, оқырмандар да санаулы. Сол санаулылардың өзі «қисық ағаш» екенін ойлау өте ауыр. Би-шешендердің аңызына үңіле қалсаңыз, дауласқан екі адам ылғи қазы іздеп жүретін. Осы бір мысалдың өзі төрелікті кез келген адам айтпайды деп тұрғандай. Сол секілді әдебиетте де қаламгерлер қазылық іздеп баратын біреу болу керек еді ғой...
Ырысбек ДӘБЕЙ:
– Күреңбайлық көрегендіктен көз жазып, өнер мен мәдениеттегі «аузы қисық болса да бағланның баласы көйтетіндей» өмірге икемделе бастағанымыз – ұсақ ұлттарға тән кереғарлық. Төрелік айтар Биді іздеусіз, сұраусыз, терең қазып, тепкілеп көмгелі жүргеніміз жақсы ырым емес-ау... Жазылып жатқан әдеби сындарды, талқылауларды бажайлап қарап отырсаң нақтылық деген нәрседен жүген ұстап, лағып кететініміз бірден көрінеді. Қарапайым ауыл адамынан бастап, өнертанушыға дейін қанымызға сіңген бір қырттық бар. Баяғыда ауылымызда Мөнтек деген тіркіс шал бар еді. Тіркіс болса да нақты сөйлейтін. Мәймөңкелеп, майпаздайтындарды қатты жек көретін, жарықтық. Сол Мөкең бірде ауылдағы Мағау деген шабан-шалаң кедейге біраз ақша қарыз беріп, қарызын алатын кезде іздеп бармай ма. Жаз мезгілі болса керек. Қарызын іздеп келген адамды кім жақсы көрсін, төмен қарап, беретін ештеңесі жоқ Мағау саусағымен жер шұқып: «Мөке, ақшаңа ақша бере алмаймын-ау, тоқты-поқты, лақ-пылақ, бидәй-сидәй алып қайтарсың. Бірақ дәл қазір емес», – деп міңгірлесе керек. Сонда қазақтың ынжық, езбе мінезін жек көретін Мөкең: «Әй, Мағау! Тоқтыңды алайын, поқтыңды өзің ал. Лағыңды алайын, пылағыңды өзің ал. Бидәйіңді алайын, сидәйіңді өзің ал. Бірақ иттің баласы, соны дәл қашан беретініңді мыңқылдамай ашық айтшы», – деп орнынан тұра жөнеліпті... Бізді құртқан осы мінезіміз ғой, қай сала да болсын міңгірлеп, нақты сөйлей алмаймыз. Ал айтқан сөзіміздің түрі анау...
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ:
– Қазақ әдебиеті Зейнолла Серікқалиевтер кезеңіне қарыздар секілді. Сол дәуірдегі ірі романдар мен бірегей туындылар осы кісілердің сараптауынан, екшеуінен өтіп отырды. Қазір сын жазудың өзі саудаға айналып кеткендей көрінеді. Жақындығың, достығың, яки «мүдделестігің» – топтардың ортасында, туыстастардың қарауында болуың – бәрі маңызды ықпалға ие. Соның кесірінен, шынайы сыншылдық құлдырап тұр. ЖОО-ларда «Әдебиеттану» деген пән оқытылады. Соны қай деңгейде, кімдер оқытып жатқанынан хабарсызбын. Бірақ құрғыр жүрек бір ескілікті сезеді. Оқулықтардың дені Кеңес одағы кезінде жазылғанын, әдеби теориялардың да сол кезеңнің шекпенін киіп әлі жүргенін байқаймын. Бізге осы әдебиеттану мәселесін қайта қарау қажет. Қолына қалам ұстауға икемді, алғыр жастарды іріктеп, арнайы оқыту ләзім. Олардың топ пен жікке бөлінбеуіне де назар салуға тиіспіз. Шетелдегідей «әдеби агент» ұстауға дәл қазір қазақ қаламгерлерінің дайын еместігі рас. Оған мүмкіндіктері де жоқ. Сондықтан өзін-өзі мақтап, өзін-өзі жарнамалап жүретіні заңды. Күреңбайлықты сағынуға болады, бірақ қол қусырып отыру – дәрменсіздік.
Арман ӘЛМЕНБЕТ:
– Әрідегі-берідегі әдебиетті білетін сыншы бар. Бірақ ондай адамдар сын жазуды қойып кеткені рас. Өйткені, тыңдайтын құлақ жоқ. Көпшілік ол сыншыңызды танымайды да. Оның үстіне «байғұс» сыншы мыңдаған сайт пен жүздеген басылымдарда жарияланып жатқан миллиондаған өлеңдер мен әңгімелердің қайсын оқып отырады? Кей кездері қазіргі әдебиет кәдімгі базарға ұқсап кететіндей. Бәрі өз тауарын мақтап айқайлап жатады, «кезек-кезек айқайлаңдар» деп ешкім айта алмайды, «өтірік айтпаңдар» деп те ешкім тия алмайды... Жазарман қауым шалдыққан және бір дерт бар. Өмірді әдебиет деп ойлап қалу... Әсілінде, әдебиет адам жанының бір қалтарысында жасырынған, нәзік құтыға құйылған тәтті де ащы шырын болса керек. Ал егер жазарман сол құтыға өзі сүңгіп кетсе, айналасының бәрі поэзия боп сөйлеп тұрғандай көрініп, өзі бір әлем жасап алып, санасы сол әлемде қыдырып жүретін қауіпті дертке шалдығады. Анығында, адам болған соң, бір мезгіл өзінің «не көтеріп жүрген, ненің қабы екенін» есіне алып, барар жері – қара жер екенін ұмытпай жүрсе, құба-құп еді.
Ырысбек ДӘБЕЙ:
– Шынымен де қазіргі сүріп отырған «ашық қоғамымыз» «қазаншының еркі өзінде, қайдан құлақ шығарсаның» кебін келтірді. Не жазып, не салсаңыз да, интернетіңіз дайын. Бірақ «ұят болар, осым жөн емес-ау» дейтін мәдениеттің, әрбір жеке тұлғаның ұятына саятын ішкі қырындының кеткені – ішкен асы бойына тоқтамайтын адамның мазасы кеткен түрін елестетеді. «Екі елі ауызға бір елі қақпақ» қойып көріңіз енді. Аурудың диагнозы бар, емі жоқ. Емі болар еді, зар заманның Дулаты айтпақшы, «ебі кеткен ел болдық»... Бір қызығы, «ашық қоғамыңыз» есік-терезесін тарс жауып алған, бар ашу-ызасы жел сөзбен тарап жатқан шәкене ауылдай ғана. Әйтпесе айналамыздағы әлемде баяғысындай әдеби процесс қайнап-ақ жатыр. XXI ғасырдың да жойқын жазушылары жазарын жазып, Швед академиясының мінберінде адамзатқа айтарын айтып жатыр ғой. Кәне, біздің «ашық қоғамның» сөресінде солардың шығармалары қазақша сайрап тұр? Зеңгір аспанды құдықтың аузындай ғана деп елестететін бейшара бақаның қор өмірі басымызға түсті ме деп қорқасың.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ:
– Бұл қазіргі әдебиеттегі басты аурудың бірі. Өз басым, орыс әдебиетін құрмет тұтамын. Толстой, Достоевский, Пушкин, Есениндерден бүгінге дейінгі тұтас орыс әдебиеті тың үрдісті қалыптастырды. Олардың әлемдік әдебиетке ықпал еткені де шын. Дегенмен, соларды қайталап айта беру мен оқи берудің өзі жалықтырады. Бізде тіпті, бүгінгі орыс әдебиеті қалай өріс алуда, қалай дамуда деген сұрақтың да жауабы жоқ. Бүгінгі орыс әдебиетшілері де бізге қызығып қарағанын байқап отырғам жоқ, оларда да «ұлы орыстық» менмендік бар секілді. Жақын көршілеріміздің де қай деңгейде екенін білмейміз, білеріміз – Әуезов кезеңінде өзбек, қырғыз, түрікмен әдебиетшілерімен байланысымыз жайындағы аңызға құрылған естеліктер. Ал «Мәдени мұраның» аясында шыққан әдеби жауһарлардың көбі бұрын жарық көрген немесе Батыс әдебиетінің классикалық дәуірінің туындылары. Әдеби әлемдегі одан бергі толып жатқан жаңалықтар, яғни табиғи даму кезеңін біз қабылдамастан, бұрынғыға қайталай үңіле береміз. Менің Джек Лондонды жақсы көруім мүмкін, бірақ Америка әдебиеті сол дәуірмен тұйықталып қалған жоқ қой. Бальзакты оқу – тұтас француз әдебиетін білу деген сөз емес. Мысалы, физиктерге Ньютонның заңдылықтарын ғана оқытып, одан бергі неше дүркін ғылымдағы жаңалықтарды үйретпесеңіз, олардың кванттық физикадан қара үзіп шығуы мүмкін бе? Сондықтан да бүгінгі әлем әдебиетін тың зердемен сараптайтын уақыт жетті. Қазір Шығыс Азия әдебиетіне назар ауып отыр. Қытай жазушысы Мо Янның Нобель сыйлығын алуы азиялық қаламгерлердің жаңа дәуірге аяқ басқанынан хабар береді. Араб әлеміндегі саяси төңкерістердің салдарын әдебиетшілері де сараптамай тұрмас, жуырдағы жылдары олардың да бітімі өзгеше туындыларына басқа жұрттың назар саларына сенемін. Тек Орталық Азия елдері мимырт жағдайдан шыға алмауда. Бұған басты себеп, рухани түлеудің тым қасаңдығы, саяси режимнің жаттанды, көне сүрдекке бейімдігі. Шетелдіктер Олжас пен Шахановтан өзге қазақ қаламгерлерін танымаса, бұған Жұмекеннің, Мұқағалидың, Қалиханның, Әбіштің, Мұхтардың (Мағауиннің) кінәсі жоқ, мәдениетке салғырт қарайтын жүйенің кесірі деп білген жөн.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– Рафат Әбдіғұлов ағамыз ертеректегі сұхбатында бір кісінің әпенделігін айтып еді. Ол өзі «жасырып жабатыны жоқ» деген сөзді көп айтатын болса керек. Бірде түнде келе жатып әлгі кісі қазулы тұрған шұңқырға түсіп кетеді. Шұңқырдан шыға алмай жатқанында, бір бала өтіп бара жатып: «Аға, не істеп жатсыз?» десе, «жасырып жабатыны жоқ. Ағаң құлап қалды» дейтін көрінеді. Сол секілді жасырып жабатыны жоқ, біздің «ашық қоғамымыз» шұңқырға құлап қалған ағамызға ұқсайды. Бірақ түк тындырмай жатып, «мен келдім» деп айғайлайтындар сол кісі сияқты «жасырып жабатыны жоқ, ағаң құлап қалды» деген сияқты әпенделікпен болса да «құлап жатқандарын» мойындауды білмейтіні өкінішті. Биылғы Нобель сыйлығын алған Элис Мунроның әңгімелерін оқығым келеді. Швед академиясы оны «қазіргі заманғы қысқа әңгімелерді жазудағы шеберлігі» үшін сол атаққа лайықты деп шешіпті. Расымен қызық қой. «Қысқа әңгімелердің шебері» дегеннен-ақ қызығушылығың оянады. Бірақ біздің «ашық қоғам» ондай мүмкіндік тудырып отырған жоқ. Мен канада тілінде оқи алмаймын. Ал оны қазақша кім аударуы керек? Оны ұйымдастырушылар кімдер болуы керек еді? Ал бүгінгі біздің шұңқырдағы «ашық қоғамыңызға» одан гөрі «маңыздысы» интернет бетінде ойран салу. Өзін өзгелерден жоғарырақ қойып сөйлеу. Сахнада ән айту. Мунроны неғылсын. Рухани тамырдан айрылғанымен қоймай, жапырақ жаюға да құлықты еместей. Өзіміз өмір сүріп отырған қоғамнан бөлініп қала алмаймыз. Бірақ сол шұңқырдан шығудың жолы тамырды тереңге жіберу емес пе? Қазір бірдеңеге таңғалудан қалдық. Тұрсынжан Шапайдың мына мазмұнда әңгімесі бар еді. «Мен Ақан сері деген әншімін» десе, «Атыңыз таныс. Қандай әндеріңіз бар?» деп қайыра сұрап, «Құлагер» десе, «Жақсы ән былай. Бір екі жерін өзгерту керек» деп бетіңе қарап тұратын адамдардың өмірде бар екеніне сене бастағандаймыз. Тіпті, үйреніп қалдық па...
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ:
– Біз әлемдік әдеби үрдістен кемі жарты ғасыр кешігіп келеміз. Орхан Памукті түріктердің белгілі тобы ұнатпады деп, біздің де ұнатпауға ешқандай қақымыз жоқ. Оның саяси ұстанымы емес, бізге керегі – шығармалары. Мунроны енді жиырма жылдан кейін қазақ тіліне аудару – тек қана кейін қалудың белгісі. Одан да алда кімдер Нобель сыйлығын алуы мүмкін, соларды аударып отырсақ, өзгелерден алға озсақ игі. Орыстар әлдеқашан аударып болған соң, 20-30 жылдан кейін қозғалғанымыздың өзі соларға тәуелділікті сездіретіндей. Жас өскін қазақ тілінде өзге саланың емес, алдымен, мәдени жаңалықтарды оқып, өз ұлтының алғабасарлығына тәнті боп өсуі керек. Сонда олар «Орыс бәрінен мықты, орыстар елден бұрын бәрін оқиды, орыстар бізге қарағанда әлеуетті» дейтін ұстанымға үйір болмас еді...
Арман ӘЛМЕНБЕТ:
– Оныңыз рас. Біз тек әдебиет тұрғысынан қарағанда ғана емес, барлық салада сол жаққа жалтақтап отырғандаймыз. Мысалға, телеарналардағы жаңадан ашылып жатқан бағдарламалардың көбі орыстар жасаған жобалардың айна-қатесіз көшірмесі болып келеді. Оны жалпақ жұрт тамашалайды. Өйткені, оларда басқа амал жоқ. Ал сол бағдарламаларды жасап отырған адамдар не өздерінің мінін көре алмайды, не жұрт алдындағы жауапкершілікті сезінбейді. Жақында әлеуметтік желілердің бірінде телеарна саласында қызмет істейтін болса керек, бір жас қыз ағаларының сынына орынды уәж айтты. «Дәлелсіз сынай бергенше, көзімізді ашатындай етіп, талдап, түсіндірсеңіздер екен». Осы мазмұнда. Тура осы жерде зиялы қауымның атқарар ролі зор екені көрініп-ақ тұр.
Ырысбек ДӘБЕЙ:
– Эстетикалық талғам және сол талғамды қалыптастыратын азшылықтың ұлт өміріндегі ролі өте маңызды-ақ, егер ол шын мәніндегі сұрмерген сыншы, жанашыр болса. Қытай жазушысы Мо Янның атсыз-атақсыз кезінде режиссер Чжан Имоудың қырағы көзі алыстан танып, «Қызыл гаолянға» кино түсіргені шынымен де таңғаларлық құбылыс емес пе?! Режиссердің қиырды көріп, қиянды шалатынын уақыт дәлелдеді. Бізде ше? Ұлт өнерінің бір-бірін толықтыруы, даму байланысы қаншалықты қатысты? Ойланатын мәселе ғой. Қазіргі қазақ өнерінде ұлттық тамырға, танымға бойлаудан гөрі, қондырма, көшірмелік тәсіл етек алып кеткен секілді. Кейбір киноларды көріп отырып, ойыңның астаң-кестеңі шығатыны жасырын емес. Бір бейбақ шалды қаумалаған қалың қасқырмен састыратын кино бар ғой. Сол киноны түсірген режиссер Тобық Жармағамбетовтың «Отамалындағыдай» «Бес қонақты» негізге алып, қазақтың жаратылыстанудағы амалдарын тұздық етсе, бұл әлдеқайда алапат кино болар ма еді, қайтер еді деп ойлайсың кейде. Міне, қараңыз, біздің өмірге қаншалықты жақындығымызды...
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– Шындықты айтқаны үшін атылып кететін қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз. Шүкір. Бірақ шындық «демала да алмайтын, тұншыға да» деген қалыпта азап шегіп жатқан жоқ па екен... Жұмекеннің сол «Әрі-сәрі» өлеңінің күйін бүгін адам емес, сөз кешіп жатқандай. Ұлт жолында қызмет етуі тиіс құрылымдардың басындағы азшылықтың талғамы қай деңгейде екенін айтатын ауыз бар болғанымен, оны жариялайтын, жалпы халыққа жеткізетін құрал жоқ. Көгілдір экранды жаулап үлгерген телехикаялар мен фильмдердің тым нанымсыз, трагикомедиялық кеспірде шыққаны айтулы керек мінбеден әлі естілген жоқ. «О не дегеніңіз, ол Пәленшеев қой!». Қазақты жақсы көрмейтін адамдар тұлға болуға ұмтылатыны қызық. Әр істеген ісін «ұрпақ жолында» деп ұпай жинау үшін айтатын сөздің ар жағындағы ниет қара дақ секілді көрініп тұрған жоқ па? Моңғолдың бір жазушысының «Қара дақ» деген сатиралық әңгімесі бар екен. Алғаш кино шығып, көшпелі кинотеатрлардың заманы. Сондай бір театрдан қандай кино көрсетсе де «қара дақ» жүретін көрінеді. Әлгі көшпелі кинотеатрдың директоры комедия көрсетілсе, «мынау пәленше деген кейіпкердің көңілі. Былай күліп жүргенмен, оның басында трагедия бар. Мына қара дақ соның белгісі» дейді. Трагедиялық фильм көрсетілсе, «мынау біздің қоғамдағы қара дақ. Соны астарлап көрсеткеніміз» деп тағы көрермендерге түсіндірумен болады. Кейін кино біткеннен кейін экран орнына жүретін матаны түсірсе, ортасында жыртық бар екен. Қандай картина көрсетілсе де, әлгі «қара дақтың» қалмайтын себебі сол. Бүгінгі біздің қазақтың талғамында да «астарлап айтқысы келетін» қара дақ бар. Сондай «қара дақпен» «ардың ісіне» төрелік айтқысы, өнер тудырғысы келетіндердің көбейіп кеткені таңғалдырады. Бір ғана «қара дағы» жоқ – Уақыт. Талғам мен талғамсыздықтың арасындағы күрес ертеден жүріп жатқан сияқты. Уақыт төрелігін айтады. Сіз бен біз сол үкімді мүмкін естірміз, мүмкін естімеспіз. Бірақ ол өте әділ болады...