Бұл Қарағандыдан кім шықпады десеңізші?! Алысқа ат салмай-ақ, жақыннан тартайықшы. Елбасы осы жерде ел қатарына қосылған. Қыз алып, күйеу атанды. «Қатын алма, қайын ал» деген, әйелді алғанда да Арғынды тіреп тұрған жуан ата Қуандықтан, оның ішінде Сармантай-Мұраттан алды.Бұл атаның балалары кезінде Қарағандыны жайлаған еді...
Осы жердің қыраны қазақтың қасқасы болып, ғарышты бағындырды. Осы жердің екі азаматы дәл қазіргі уақытта екі көзі бозарып қамақта отыр. Бірі үкіметті басқарып отырып мұрттай ұшты. Жарықтық Сәкен де нарком кезінде марқұм болып кетіп еді-ау. Екіншісі еркек тоқты құрбандық, қосақта кетті. Әйтеуір, бір қуаныш, бір реніш қатар жүреді. Жақсысы мен жаманы да алма-кезек.
Енді келіп, Қарағандының тағы бір азаматы Ұлт көшбасшысымен тайталасып, таққа таласып жатыр. Құдай-ау, не деген жүрек жұтқан кісі еді... Иә, рас, не шықса да осы Қарағандыдан шығады.
Жаңа ғана Қарағандының орталық көшелерімен жүріп келдім. Жолдың бәрін қалың қар басқан. Автолар шиырлаған ақ қардың ат көпірі шыққан: күре жолдың ортасын, екі қапталын ала жал-жал болып жатыр. Құдай сақтап, бір-екі жерде қарсы көлікке сүйкеніп кетпей, аман өттік. Қар жауды-ау, күреу керек-ау деген тірі жанды байқамадық.
Есіме еріксіз түскенін-ай: осы Әбекең әнеубір жылы Қарағанды облысына әкім болып келгенінде тура осындай көріністің куәсі болып едік. Коммуналдық шаруашылық қызметкерлері жаппай жұмысқа шықпай, Қарағанды көшелері күреусіз қалған болатын. Сол кезде қала көшелеріндегі омбы қарды бұзып-жарып өтем деген талай көліктің түрлі жағдайдағы апатқа түскенін көз көріп еді.
Әбекеңнің әкімдіктен кетіп, кәсіподақ болғанына шын қуанғанымыз да күні кеше еді.
Сол Әбекең бүгінде президенттіктен үміткер. Экраннан бір-екі рет көріп қалып едім, пенсия жасына келіп қалған ағамды аяп кеттім. Көзінде от жоқ. Қазағымды ұшпаққа шығарам деген сөзі тағы жоқ... Табиғаты тыныштықты қалайтын ағамды мұндай сайқал саясатқа қосып қойған қандай оңбаған десеңізші?!
Дегенмен, Арқа жұрты сайлаудың қорытындысын асыға күтеді. Жезде ме, балдыз ба – айрмасы аз... Неге десеңіз, жеңгеннің пейілі кең болады. Секеңдер мен Баукеңдерді алқымнан сыққан шеңгелдің амнистия дегеннің алдында шарасыз болып қалуы әбден мүмкін-ау...
Қ. Абдолла
(Facebook парақшасынан алынды)