$ 448.15  483.46  4.86

«Түрікшілдік» пен «Тұраншылдықтың» қайсысы қазаққа жақынырақ?

Қазір бәрі «түрікшілдікті» ту етіп жүр. Болашақта барлығының басын біріктіретін үлкен бір ұйым құрмақшы.

Президентіміз де өткенде осындай «ойлар» айтып қалды. Негізі жақсы бастама. Орыстардың мүддесін көздейтін әртүрлі «одақтарға» балама болатын бір күшті бірлестіктің керегі даусыз. Түрік тілін енді осы ұйымның тілі етіп ұсынуда. Құптарлық нәрсе. Бірақ, ортақ тілді таңдамас бұрын, ең алдымен тюркологтар мен лингвистерге сөз берген дұрыс еді. Әйтпесе тағы бір «старший брат» пайда болайын деп тұр. Себебі, түріктер мұндай маңызды жобаны алып жүре алмайды. Оған паносманизмді араластырып, жұртты шатастырып жіберуі мүмкін. Бұны сол жақта болған, сол елді бес саусағындай білетін адамдар жақсы түсінеді. Жалпы, Түркияда ғылым қатты саясиланып кеткен. Былтыр солардың бір мықты профессорымен сөйлестім. Әңгіме арасында сөзін аздап түзетіп, босниялықтардың, шешендер мен ингуштердің түрік әлеміне кірмейтінін айтқан едім. Қатесін көзге шұқығандай етіп көрсеткенім үшін, маған қатты ренжіп қалды. Ал түрік оқымыстыларының көбі бұларды қандастарының қатарына қосады. Себебі олар Анкараның «ықпал ету» аймағына кіретін халықтар. Егер қазіргі түрік тілін мықты мемлекет болғаны үшін ғана ортақ тіл ретінде таңдап алатын болсақ, онда сөз жоқ. Ал егер тіл тазалығы мәселесіне келсек, онда «қара шаңыраққа» ие болып қалған қазақ тілі де осындай рөл атқара алатынын ұмытпауға тиіспіз. Сосын түрікшілдік емес, тұраншылдық дегеніміз абзал. Аты ауысқанымен заты бір нәрсе ғой. Есесіне, бұны өзіміздің жанымызға жақын тақырып етіп алатын едік. Себебі Тұраншылдықтың идеологтарының біразы қазақ қайраткерлері болған. Өзіміз де Тұранның территориясында тұрып жатырмыз. Сондықтан «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанымыз» дұрыс деп санаймын. Қысқасы, мен жай ғана ой тастадым. Қалғанын қалауларыңыз шешсін...

Жолымбет Мәкішев 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары