$ 498.34  519.72  4.85

БҚО-да көпбалалы ана Сириядағы соғысқа қалай қашып кеткенін айтып берді

Жуырда ғана Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров Сирияда соғысып жүрген лаңкестердің әйелдері мен балаларын отандарына қайтуларына көмектескен болатын. Ондаған адамның қатарында қазақстандықтар да бар.

Солардың бірі кеше "Мой Город" басылымының тілшісіне сұхбат беріп, Таяу Шығысқа қалай қашып кеткені туралы айтып берді. Ол өзінің болашақ күйеуімен әлеуметтік желі арқылы танысып, оған кездеспей-ақ ғашық болып қалыпты. Кейін жігіттің шақыруымен 2011 жылы ата-анасынан қашып Пәкстанға кетіп қалған.

- Күйеуге мен 2011 жылы Пәкстанда шықтым. 2011 жылы біз шекараны заңсыз кесіп Түркияға бардық. Түркияда тұрған үш жылда бізде екі қыз туылды. Содан кейін күйеуім екеуміз Сириядағы өмір жайында видеолар көре бастадық. Видеода бәрі керемет, адамдардың барлығы шариат заңдарымен өмір сүреді екен. 2015 жылы халифат құрғандары туралы айтқанда біз оларға сеніп, Сирияға көшіп кеттік, - дейді көпбалалы ана (аты-жөнін атамауды жөн көрген).

Сирияда жүріп ол тағы баланы дүниеге әкеліпті. Артынша төртеуін алып ол елге қашуға мәжбүр болған.

- Біз Сирияға келдік те, қаңырап бос тұрған үйлердің біріне кіріп алдық. Кейін білгеніміздей, Сириядағы өмір мүлдем басқаша екен, біз видеолардан көргендей емес. Ешкім шариат заңдарымен өмір сүрмейді. Біз тек ДАИШ берген ақшаға ғана өмір сүрдік. Олар әуел баста бізге басқа соманы айтты да, келгеннен кейін мүлдем аз төлей бастады. Әр берген сайын ақша көлемі азая берді. Соңғы рет бүкіл отбасымызға небәрі 30 доллар берген болатын. Бұл ақшаға біз тамақ пен тұрмысқа қажетті заттар ғана сатып ала алдық. Видеороликтерде көрсетілгеннің бәрі өтірік, керемет өмір жоқ мұнда, ешкім байып жатқан жоқ. Бізді шақырған кезде алдымен келіп көресіңдер, ұнамаса кері қайтасыңдар деп айтқан. Алайда, бұл да өтірік. Егер ол жаққа бір кірсеңіз кері шыға алмайсыз. Кеткісі келгендердің бәрін ұстап, түрмеге қамап тастайды. Егер кетпеуге қайта уәде берсе ғана босататын. Ал, уәде бермесе өлтіре салатын. Біз қайту керек деп өзіміз шештік. Алайда, Сириядан шығу қиынның қиыны еді. Кімге сену керек екенін білмейсің. Сол кезде жергілікті тұрғындардың бірі қашатын жолды білетінін, бірақ ол тек әйелдерге ғана арналғанын айтып, ұсыныс жасады. Қыркүйек айында біз өзге әйелдермен бірге сол жолмен күрдтерге барып, берілетінімізді айттық. Ол жерден бізді 13 қараша күні Ресей Федерациясындағы Грозный қаласына алып келді, кейін үйіме ата-анама оралдым, - дейді лаңкестің әйелі.

Көпбалалы ана Сирияда ұзақ уақыт болғанымен өзі де, күйеуі де қарулы қақтығыстарға қатыспағанын айтып отыр.

- Менің күйеуім әліге дейін Сирияда тұрып жатыр. Өйткені, ер адамдарға ол жақтан кері қайтатын жол жоқ. Әйелдер қашып кете алады, бірақ ерлерге бұл өте қауіпті. Егер содырлар оның әйелі мен бала-шағасы қашып кеткенін біліп қойса сөзге келмей өлтіреді, - дейді ол.

Қазіргі таңда көпбалалы ана өз ата-анасымен және 4 баласымен бірге бір үйде тұрып жатыр. Балаларының ешқайсысында құжат жоқ. Оларды балабақша мен мектепке беру үшін енді құжаттарын басынан жасату керек.
Айта кетейік, елге оралған әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары