$ 494.87  520.65  4.91

Отыз жылда қазақ тілін үйренбеген шенеуніктер енді үйренеді деген күлкілі емес пе?

Бүгін қазақстандықтардың ең көп талқылап жатқан тақырыптарының бірі - Мемлекет басшысының Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаевты қабылдауы. Елбасы осы кездесуде министрдің есебін тыңдап, бірқатар тапсырма жүктегенін бұған дейін жазған болатынбыз. Сол тапсырмалардың бірі жалпы үкімет пен Парламентке қарай айтылды, яғни министрлер кабинеті де, Сенат пен Мәжіліс депутаттары да бұдан былай жұмысты тек қазақ тілінде жүргізуі тиіс деді Президент.

Жасыратыны жоқ, қоғамның қазақтілді бөлігі Елбасының бұл бастамасын қолдай кетіп, мәз-мейрам боп жатыр. Мұны әсіресе әлеуметтік желілердегі жазбалардан анық байқауға болады. Көпшілігі мұны «егемендік жылдарындағы ең маңызды шешім» деп атойласа, өзгелері бір ауыз қазақша білмейтін шенді-шекпенділердің ана тілінде сайрап кететініне сеніңкіремейді.

Иә, тәуелсіздігімізді алғанымызға отыз жылға жуық уақыт өтсе де әліге дейін қазақша «нан сұрап жей алмайтын» лауазымды тұлғалар елімізде жетіп артылады. Расымен де олар не істемек? Отыз жылда үйренбеген мемлекеттік тілді бірер жылда үйреніп ала ма, әлде ұлы сөзде ұят жоқ дегендей, Елбасының тапсырмасына «көлденең қоя ма»?

Мәселен сіз көз алдыңызға Владимир Косаревтің, Артур Платоновтың, Альберт Раудың, Роман Склярдың, Владимир Божконың, Талғат Мұсабаевтың Парламентте қазақша сөйлеп отырғанын елестете аласыз ба? Мүмкін емес сияқты, иә? Сол сияқты Үкіметте де қазақшаны тек қағазға қарап қана оқитын лауазымды тұлғалар жетіп артылады. Бұлар Елбасының тапсырмасын орындай ала ма, әлде құлақ аспай қоя сала ма? Әншейін де әр сөзін «в рамках поручении Президента» (Елбасы тапсырмасына сәйкес) деп бастайтын шенеуніктерге бұл жолы расымен де қиын болатын сияқты.

Жалпы, мемқызметкерлердің әрбірі Президент айтпай-ақ қазақ тілін жетік білулері тиіс. Атазаңда Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тілдің бар екені және оның қазақ тілі екені анық көрсетілген. Мемлекеттік органдардың, ведомстволардың бәрінде іс-қағаздар мен құжат айналымы қазақ тілінде жүргізілуі керек. Әрбір мемқызметкер қызметке алынар кезде қазақ тілінен емтихан да тапсырады. Енді осы заңдағы талаптардың бәрінен аттап өткендер Мемлекет басшысының тапсырмасын «қатырады» дегенге расымен де сену қиындау болып тұр. Қатыратын болса Елбасы бұған дейін бірнеше рет «қазақ пен қазақ тек қазақша сөйлессін» деп те тапсырған. Өкінішке қарай, бұл тапсырма тек баннерлердегі жазу күйінде қалды.

Десе де, осындай кең байтақ жерде, тәуелсіз елде отырып, биліктің мемлекеттік тілде сөйлегеніне қуанатын халық әлемнің өзге бұрышында жоқ шығар деп ойлап та қоямыз. Жарайды мейлі, не де болса Президент тапсырмасының қаншалықты орындалғанын жыл соңына қарай көре жатармыз. Оған дейін қолдан келгенше шенеуніктерді өзіміз «қамшылайық».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары