Осыдан бірер күн бұрын Алматыда Жазушылар одағының құрылтайы өтіп, одаққа жаңа төраға сайланған болатын. Аталған жиын әдеттегідей емес, айқай-шумен өтті. Елімізге танымал ақын-жазушылар экс-төраға Нұрлан Оразалинге қандай да бір құрмет көрсетілуіне қарсы шығып, оның 22 жыл бойы түк бітірмей, жағымпазданумен өткенін ашып айтты.
Мәселен, ақын Мұхтар Шаханов «Оразалин биліктегі басшылардың туфлиін керемет шеберлікпен жалады» деп қойып қалса, Қабдеш Жұмәділов «Оразалин 22 жыл бойы өзінің жандайшаптарын дайындаудан басқа түк бітірмеді» деп айыптады.
Бұл дау-дамай туралы жазбаған БАҚ өкілдері кемде-кем. Тіпті, Парламент депутаттары да ақын-жазушылардың бұл әрекетін дұрыс емес деп, оларды ел болуға шақырды. Алайда, танымал журналист, ғалым Қуандық Шамахайұлы депутаттардың өздерін сынап тастады.
«Кейбір елдің парламентарийлері келісе алмаса, жұдырықтасып та жатады. Ал, біздің бірауызды депутаттар соны көрмей съезде сөз қағыстырып қалған бірлі-жарым жазушыны сөгіп, ұлт екендігімізге күмән келтіреді.Жеке адамдарды сынасын, айтсын-ақ. Ол əркімнің құқы, көзқарасы. Ал, сол үшін ұлттығымызға күмəндаудың қажеті қанша? Екі жазушы шекісіп қалды екен деп ұлттық болмыстан ажырап қаламыз ба? Қазақ - ежелден бері ұлт болған және бола да береді. Жазушы деген еркін ойлы тұлға. Олардың бәрі ләппайшыл, жағымпаз жалтақ болуға міндетті де емес. Бүгін шекіседі, ертең бекіседі. Плюрализм мен демократиядан жұрдай біздің депутаттар өзгені өздері білсін, дəл жазушыны түземей-ақ қойсыншы», - деп жазды журналист өзінің Facebook-парақшасында.
Оның әлеуметтік желідегі осынау жазбасын қолдағандар саны аз емес. Мәселен, Есенбек Санатұлы есімді желі қолданушысы: «Бас шұлғып үйреніп қалған депутаттарға жазушылардың айқай-шуы бір түрлі көрінген шығар» деп кекетті «халық қалаулыларын».
Ермек Дүйсенқожа есімді желі қолданушысы осынау айқай-шу бюрократиямен ауырған шенділерге деген наразылықтан туған дейді.
«Бір орында ұзақ отырып, бюрократиямен ауырған шенділерге деген наразылық пен ұзақ жыл бойы жиналған қыжыл мен ызаның шынайы бейнесі боп көрініс тапса несі айып? Осы тұрғыдан жасы жағынан қартайса да, санасы мен руxы қартаймаған ақсақал жазушыларымызға мың алғыс», - деді ол.