29 сәуірде таңертеңгі пойызбен кеше Ақтөбедегі түзету мекемесінен босатылған азаматтық белсенді Талғат АЯН Атырауға үйіне оралды деп жазады АқЖайық басылымы. Бұдан бұрын хабарланғандай, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген бөлігі оны 3 жыл жарымға шектеумен ауыстырылған болатын.
Вокзалда оны туыстары мен достары құшақ жая қарсы алды. Гитарамен ән айтылып, әуеде түрлі-түсті шарлар қалықтады.
- Бостандыққа шыққаныма қуаныштымын, бірақ Макс Боқаевтың әлі отырғанына қынжыламын. Бәріңізге қолдау көрсеткендеріңіз үшін рахмет! – деді Талғат.
Бәрі қосылып Қазақстанның әнұранын шырқады. Содан кейін ол күні кеше ғана туған күні болған қызын құттықтау үшін үйіне асықты.