30.07.2015, 11:23

«ИШИМ-ді» жасырын қолдаушылардың бірі - біздің еліміз емес пе?

http://qamshy.kz/

Орталық Азияда террористік тәуекелдер туралы сөз сонау 90-шы жылдардың басынан бері айтылып келгенімен соңғы 5-6 жылдың төңірегінде бұған әлемдік масштабта назар аударыла бастағаны белгілі. Экстримизмнің тектері жалғыз қылмыстық топтардың ғана емес, биліктің де бақылауында (қол астында) болатынын көрші Қырғызстаннан айқын көруге болады. Ал Қазақстан ше? Саясаткер  Досым  Сәтпаевтың пікірінше,  терроризм мен экстримизм қауіпі алда болатын турболенттік кезеңде немесе биліктегі транзиттен соң өршуі бек мүмкін.

Сонымен, Қазақстандағы терроризмге оралатын болсақ, көбіміздің көкейімізде жүрген сұрақ – биліктің биік дәлізінде жүргендердің террористермен байланысы бар ма? Олай ойлауға әлі ешкім шек қоймағанын ескерсек, әбден болатын секілді. Сириядағы содырларды жасырын қолдаушы мемлекеттердің бар екені белгілі. Әсіресе, Ислам мемлекеті деп аталатын жаңа бір тажалды қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырған АҚШ екендігі туралы әлемдікБАҚ-та жиі айтылып келеді. АҚШ конгресінің сенаторы Ренд Пол былай дейді: «Біз ИГИЛ-ді қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырмыз. Яғни, қолдап отырмыз деген сөз. Сөйте тұра біз әлемдегі террористермен күресудеміз. Бұл парадокс қой,иә?»( https://www.youtube.com/watch?v=uBLbh2tWdvA).

Террористерді қолдау діни ұстаным ба, әлде бизнес пе?

Естеріңізде болса, 2007 жылдары Қазақстанда радикалды құрылым өкілдері қылмыстық топ құруға әрекеттенген еді. Сондағы мақсаттары – халықты қанап тапқан қаржыға экстримистік топтарға қару-жарақ, ішіп-жем сатып алу болған. Мысалы, 2007 жылы Қарағанды облысы ҚМДБ қызметкерлері сәләфизм ағымының 4 бірдей өкілінің қылмысын әшкерелеген. Кейіннен анықталғандай, олар лас жолмен ақша тауып, жиһад жасамақшы болған. Кейін Ақтөбе облысында да мұнай тасымалдайтын пойыздарды тонаған қылмыскерлерді құрықтаған. Олар еріктілерді Ауғаныстанға жиһадқа жіберу үшін Алматы қаласында қаржы базасын құруға әрекеттенгені тергеу барысында анықталған болатын.

Ең қорқыныштысы – Қазақстан түрмелерінде діни сенімдері бұзылғандардың саны күрт артып кеткендігі. Мысалы, 2010 жылғы Ақтау түрмесінен қашып кеткен 21 қылмыскер де экстримистік топ мүшелері болған.

Радикалдардың көбеюіне – Мемлекеттік идеологиялық вакуум, жемқорлық пен діни білімнің таяздығы себеп болуы мүмкін дегенмен, олар арқылы пайданың көзін тауып отырғандар аз ба?

Алғашында 150 қазақстандықтың Сирияға кеткендігі туралы ақпарат тарай бастағанда жұрт дүрліккені рас. Қазақстандық БАҚ бұлар туралы аз жазбады. Кейін келе жиһадшыларға жұрт таң қалмайтын болды. Жеткен жеріміз осы болса, кінәнің қыл шылбырын кімге артамыз?

Қазақстан ИМ-ді жасырын қолдаушылардың бірі емес пе?

Қазіргі әлемдік саяси кеңістікте Ислам мемлекетін жасырын қолдаушы, қару-жарағын сатып, пайда тауып отырған – АҚШ болса, шын мәнінде сол АҚШ пен ауыз жаласа отырып, Сириядағы содырларға қарсы күрес ашып отырған Түркия. Яғни, екі жақты саясатты ұстанып отырған АҚШ-тың бар ойы пайдаға кенеліп қалу екені айтпаса да түсінікті. Ал Ердоғанның аға досы Назарбаев неге үнсіз? Неге Қазақстаннан аттанып жатқан жиһадшылар Түркия территориясы арқылы өтеді? Неге жиһадшылардың жолы кесілмей отыр? Сириядағы содырлардың 3/1-і Ресей азаматтары мен Рамзан Қадыров  сарбаздары екені ендігі бәріне аян. Ал Қазақстаннан аттанғандар жиһадшылар біз білетіннен әлдеқайда көп екені түсінікті. Десе де, Қазақстанға одан пайда не?  Осыларды ескере келе, Қазақстан Үкіметі Сирияны жасырын қолдаушылардың бірі емес пе деген күдікті  ой туады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

http://qamshy.kz/