$ 444.32  473.33  4.76

Әкімдер атқармайды, тапсырады!

Бүгін еліміз бойынша тұңғыш рет мемлекеттік қызметкерлер күні аталып өтілуде. БҰҰ-ның 2002 жылы қабылдаған қарары бойынша осы күн мемлекеттік қызметкерлер күні болып жарияланып еді. Содан аталған ұйым оған мүше мемлекеттердің барлығына осы мерекені енгізуді ұсынған болатын. Бұл мәселе біздің елде осыдан екі жыл бұрын қозғала бастаған-ды. Мінекей, ант беріп атқаратын жұмысы үшін мемлекеттік қызметкерлер бір күнді мереке етіп бекітті.

Қазір қай мамандықтың мерекесі жоқ? Бәрінің де бір күннен еншісі бар. Мұғалімдер күні, медицина өкілдерінің төл мерекесі, құрылысшылар күні дегендей... Қыл аяғы күлкіге дейін бір күнді арнайы бекітіліп қойылған. Солардың бәрінде бір күн мереке болғанда, еліне аянбай еңбек етіп жүргендер үшін неге төл мереке күні болмасқа?

Дегенмен... Задында «мемлекеттік қызметкер» дегенде елдің мұң-мұқтажын ойлаумен күн өткізетін қызметкер еске түсуші еді. Сол қызметіне қабылданарда басшының алдында ант-су ішіп маңдай терімен қызмет етуі тиіс болатын. Былайғы қарапайым тілмен айтқанда, ақ көйлек, қара бешпет киген демесеңіз, кәдімгі қара жұмысшыдан айырмасы жоқ. Бұрынғы КСРО заманында ел басқарған ірі тұлғалар болмаса, райком, облком дегендеріңіз шаруаның басы-қасында жүруден қолы босамайды дегенді естуші едік. Бірақ, бүгінгі «облкомдар» мен «райкомдар» олай емес... Шаруаның басы-қасында жүру жағын қайдам, әкімқараларыңыз «тапсырма» беруді жетік меңгерген.

Анығында, тапсырманы беретін елдің басшысы ғана. Қалғандары сол тапсырманы орындаушы ғана емес пе еді? Жоқ, қазір олай емес. Қазір бір ауылда мемлекеттік бағдарламамен балабақша ашылып жатса да облыс әкімінің арқасы. Сол басшы тапсырма бермегенде бұл балабақшаның ашылуы да екітайлай болатындай.

Мәселен, жуырдағы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке назар салайық. Онда облыс басшысының «Көксай» айналма су арнасының құрылыс жұмыстарын тездетіп бітіру жөнінде тапсырма (!) бергендігі жөнінде айтылады. Облыс басшысының сол шаруаның бітуін жеделдетуі оның алдында-ақ тапсырма болып тапсырылған болатын. Нақтырақ айтар болсақ, былтыр қырғыз ағайындар суды жібермей қойып, шаруалардың сусыз қалғаны үлкен дауға айналған еді. Содан кейін біздің Үкімет Қырғызстан жеріне кірмейтін арнайы арна қазу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Жамбыл облысы әкімінің бұл жолғы тапсырмасы Үкіметтің сол тапсырмасы еді. Жұмысты атқаратын қара жұмысшылар болғаннан кейін тапсырмадан тапсырмалатып жататын әйтеуір бітпейтін «ақ жағалылар».

Сондай-ақ, Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың да халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы жақында жаңалық болып тарады. Нақты мәліметтер бойынша бүгінде Успенский ауданы халқының 35 пайызы ғана орталық су торабына қосылған екен. Мұны есіткен облыс басшысы дереу халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма береді. Халықтың ауыз сумен толық қамтылғаны жөнінде жоғарыға есеп беруі тиіс әкіміңіз шаруаны қалай тез бітіруді оланып жатпайды. Оны ойлайтын өзгелер табылар,.. тапсырма береді!

Ол ол ма, жергілікті шағын және орта бизнесті тексеруді азайту жөнінде жергілікті тексеруші органдарға да тапсырма береді. Жалпы, бұл мәселенің мемлекет деңгейінде талай мәрте сөз болғаны жалпақ жұртқа әбден белгілі болған жайт. Мемлекет билігін ұстаған Президент бұған қатысты әлдеқашан-ақ тапсырма беріп тастаған еді. Павлодар обылсында сол тапсырма әлі беріліп жатқанға ұқсайды...

Тізбелей берсек, облыс не аудан әкімдерінің тапсырмаларының «арқасында» атқарылып жатқан шаруаларды тауыса алмайтын түріміз бар. Жергілікті атқарушы билік деген аты болғаннан кейін жұмысты тапсыру емес, атқаруы тиіс еді. Мемлекет билігінен берілген тапсырманы жүзеге асырушылардың да тапсырма беретіні біртүрлі қызық көрінеді екен.

«Мемлекеттік қызметкерлер күні» дегеннен кейін еске түсіп жатқаны ғой... Мерекелеріңізбен, құрметті мемлекеттік қызметкерлер!

Ержан ЕРІМБЕТ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары