Еліміздің тарихында қандай уақыт болмасын діннің алар орны ерекше болғандығы белгілі. Қанша ғасырлық тарихымызда жер, жесір т.б. тақырыптарда дау, келіспеушіліктер болса да дінге қатысты дау болғанын тарих беттерінен байқамадық. Ал, қазіргі уақыттағы жағдай көтерер мәселемізді бір жағынан алып қарасақ күрделірек.
Еліміздің кейбір аймақтарында болған террористік бағыттағы іс-әрекеттер кеш те болса елімізге діни ахуалды реттеу үшін ес жию керектігін көрсетті. Бұл экстремистік-террористік бағыттағы әрекеттердің ар жағына үңілсек, шет елден, атап айтқанда ДАИШ секілді террористік топтарда соғысып жүрген азаматтардан, елдегі бауырларына телефон соғылып, «сендер бізбен бірге өкінішке орай соғыса алмасаңдар ең болмағанда өз елдеріңде жихад жасаңдар» деген бұйрықтан бастау алғанын көруге болады. Ал, ДАИШ құрамында соғысқан қарапайым әскері мен жоғарғы лауазымды басшыларының идеологиясын, сүйенетін кітаптарын, көшбасшылары санайтын үлкен ғалымдарын алып қарасақ, елімізде өзін «салафи» санайтын азаматардың пір тұтатын ғалымдары мен кітаптарынан еш айырмашылығы жоқ.
Жоғарыда айтылған мәліметтерге терең мән берсек, мақалалар мен теледидар беттерінде айтылып жүрген байсалды салафилердің бір мезетте радикалды салафиге айналып кетуі қаупі өте жоғары.
«Салафизмді» біз өз мақаламызда тілдік мағынасы мен шариғи мағынасына мән беріп жіктемей, тек елімізде ғана емес, әлемде қалыптасқан сунниттік бағыттың ішіндегі діни топтың атауы ретінде ғана алудамыз. Ең алғаш 90-жылдарда елімізде «салафизм немесе уаххабизм» ағымының негізгі бұлақ көзінің пайда болуын сол уақыттағы идеологиялық вакуумның болуымен, яғни жастарға дәстүрлі діни бағытымызды көрсететін білікті діни, дұрыс бағыттағы лидерлердің болмауымен байланыстырсақ болады.
«Салафизмге» сырт көзбен қарағандағы кейбір ислам ғалымдарының пікіріне тоқтала кетейік, бұрынғы Египет муфтиі Али Жума айтқандай «салафизм» қазіргі уақытта ислам үмметі сондай мұқтаж болған жалпы даму мен ислам дағуатының жаңа бағытта серпін алуына өз агрессиясы мен қатыгездігі себепті үлкен кедергі болды. Бұрынғы муфтидің айтуынша бұл топ қатыгездіктері себепті экстремистік идеологияны жандыратын сыртқы күштердің негізгі нысанасына айналды, сондай-ақ бұл топ адамды қоғамнан бөліп, шынайы өмірін емес, өз фантазиясындағы өмірін сүргізді.
«Салафизм» оңай шағылатын жаңғақ емес, жүздеген жылдардан қалыптасқан жүйесі бар, сүйенетіні негізгі айналдырған 4-5 кітабы болса да, кез-келген тілде, тіпті кішкене бала түсінетіндей деңгейде түсіндірілген, әлеуметтік желінің қайсысында болса да, қайсы тілде болса да уағыздары тақырыптарымен, номерлерімен реттелінген. Міне, осындай жүйеге қарсы тұру үшін, бізде де одан асып түсетін жүйе қалыптасу керек, әр теолог маман күн сайын білімін жетілдіріп, дамып отыру керек, тек дәстүрлі бағыттағы кітаптар мен мақалалардан басқа оппоненттің аргумент, дәлелдерін, оқып, оған солар қабылдайтын дәлелдермен жауап беру керек. Кез келген салафи Құран мен хадисті сондай–ақ алғашқы буын ғалымдарының сөзін қабылдайды, олай болса теолог та бірінші орында әр сөзін осы негізгі құндылықтармен байланыстыру керек. Жоғарыда айтылған дәлел алынатын бұлақтар кез келген иісі мұсылманның басы мен көзіне қоятын негізгі қайнар көз дәлелдері екендігі түсінікті, бірақ негізгі түйін оларды түсінуде.
Еліміздің кез-келген аймағы экстремизм мен терроризмнің тамырымен, жемісімен білікті теологтарының, психологтарының т.б. мамандарының көмегімен күрес жүргізуде. Алматы қаласына тоқталар болсақ, еліміздің ең ірі мегаполисінде «Дін істері жөніндегі басқармасының Кеңес беру және оңалту орталығы» жұмыс жасауда. Орталықтың негізгі орталығы және екі филиалы бар. Оның ішінде екі филиалдың біреуі әйелдер жамағатымен жұмыс жүргізеді. Орталықтың жұмысына 9 теолог, 1 психолог және 1 заңгер тартылған. Жұмыстарды негізінен теолог мамандар жүргізеді. Психолог маманның әңгімелесулер барысында жиі талап етілмейтіндігіне байланысты, қажеттілігіне қарай жұмылдырылады.
Оңалту орталығындағы теологтардың барлығы дерлік жоғарғы білімді, жалпы бұл дін саласындағы бірнеше жылдар тәжірбиелері бар мамандар. Қандай да бір салада жетістікке қол жеткізу үшін кадрдың рөлі үлкен екендігі белгілі.
Адам жүрегін бері бұру, жүрегіндегі дертін білу оңай дүние емес, үлкен қажырлы еңбекті талап етеді, сол себепті бұл жұмыс адам психологиясымен тікелей байланысты болғандығы себепті деструктивті діни ағым (бұдан әрі – ДДА) өкілінің дейгейіне қарай уақыт талап етеді. Соған сай біз жеке де жалпылай да көптеген кездесулер өткізіп, осы жолда тер төгудеміз. Қазіргі күні ДДА өкілдерінің саны мыңдап азаймаса да өсу көрсеткіші тоқтады.
Қоршаған ортаны, ауызбіршілігімізді, тұрақтылық пен қауіпсіздігімізді сақтау әрбір азаматтың елі алдындағы борышы, олай болса осы міндетті орындауда біз әлі көп еңбектер етіп, ел қамы үшін шаршамаймыз деп айта аламыз.
Әбішов Қуаныш,Алматы қаласы Дін істері жөніндегібасқармасының жанындағыКеңес беру және оңалтуорталығының теологы.