«Хабар», «Қазақстан» РТРК» АҚ-ы телеарналары мен «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттеріндегі әріптестеріміз «мыналар неге үзілді-кесілді сөйлейді-ей» деп ренжімей-ақ қойсын, бүгінде қазақстандықтардың басым көпшілігі олар ұсынған дүниелерді көрмейді де, оқымайды да. «Көрмейді де, оқымайды да» дегеніміздің өзі барынша әдеп сақтап, жұмсақ айтылған әңгіме, отандастарымыздың ішінде оларды өлердей жек көретіндері де, қолына билік берсеңіз осылардың бәрін бір-ақ сағатта жауып тастап, қызметкерлерін тентіретіп жібергісі келетіндері де аз емес. Біз бұл әңгімені аты аталған БАҚ-тарда қызмет істеп жүрген әріптестерімізді жек көргеннен немесе олардың мемлекеттік ақпарат құралдарында жұмыс істеп жүрген бағын көре алмағаннан, күндегеннен айтып отырғанымыз жоқ. Елдің арасына жиі шығуға тура келеді, сол сапарларда әлеуметтің көңіл-күйінен бағамдағанымызды айтып отырмыз. Қоспасыз.
Газет оқырманымен – газет, телеарна көрерменімен – телеарна. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде аталған газеттер мен телеарналар өз аудиторияларынан неліктен алшақтап қалды?
Иә, бұл жерде біраз ағайын мәселенің бәрін саясатқа әкеліп тіреуі мүмкін. «Мемлекеттік телеарналар мен газеттерді билік қаржыландыратындықтан, олар сол биліктің ығынан шыға алмайды» деген диагноз ешкімді де қателестірмейді. Ол сөздің жаны бар. Алайда, мына бір мәселені де ұмытпағанымыз абзал, кешегі Кеңестер Одағы салтанат құрып тұрған кезде де бұқаралық ақпарат құралдарын билік қаржыландыратын. Сөйте тұра, биліктің сөзін сөйлей отыра сол тұстағы БАҚ-тар қарапайым қарашаға өте жақын болыпты, олардың шынайы сүйіктісіне айнала біліпті. Менің бұл сөзіме илана алмайтындар болса мен сияқты ерінбей өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарында шыққан қазақ газеттерінің тігінділерін бір ақтарып шығуларына болады. Таң қаласыз. Басқасын айтпағанда «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» сияқты газеттерде шығармашылық ұжым мен оқырмандардың арман-мүдделерінің астасып кеткендігіне куә боласыз. Әлгі басылымдар сол кездегі өкіметтің бірде-бір саясатына қарсы шықпайды. Керісінше қолдап жазады. КПСС-тің июнь Пленумы, август Пленумы дегендеріңізді бірінші беттен бастап насихаттайды, соларды насихаттап отырып-ақ қараша қазағының рухани мұқтажын өтеуге тырысады. Іліп алып, оқырманға керек нәрсені тауып бере қояды. Әйтпесе оларды да сол кездегі өкімет қаржыландырып отыр!
Демек, бәрін саясатқа әкеп тіреп қоя берудің қажеті жоқ. Тәуелсіздікке дейін мемлекетте арнайы цензура мекемелері жұмыс істепті. Бірде-бір газет олардың қолы мен бұрыштамасынсыз баспаханаға жіберілмейді! Осындай қатаң бақылауда отырып-ақ ұлттың керегін түгендеп берген, өз оқырмандарының рухани мұқтажын өтеуге тырысқан сол кездің журналистеріне қалай құрмет көрсетсек те жараспай ма?! Құдайға шүкір, бүгінде цензура да жоқ, басқа да жоқ, соның өзінде «Егемені» бар, «Хабары» бар, кешегі күннің ақпарат құралдарындай бұқараға жақындай алмайды.
Абай атамыз айтпақшы, бұдан мағлұм болғаны мемлекеттік БАҚ-тардың бұқарадан қол үзіп қалуына жалғыз билік қана себепкер болмайды екен. Енді не? Бәлкім, мемлекеттік БАҚ-тарда қызмет атқаратын әріптестеріміздің кәсібилігі төмен шығар... Жо-жо-жо-жо-оқ, бұлай деп тек Құдайдан қорықпағандар ғана айтатын шығар. Онда қызмет атқаратын ағайындарымыздың басым көпшілігінің кәсіби деңгейі қай-қайсысымызға қарағанда да өте жоғары. Сауатты жазу, стилистика мәселесінде бірқатар жайттарды осы әріптестерімізден үйренсек жарасады. Олардың оқырманнан, көрерменнен алшақтап қалуының себебі кәсібиліктің төмендігінен де емес.
Иә, мемлекеттік ақпарат құралдарының аттың жемін жеп, есектің жүгін көтеріп жүруінің себебін анықтау үшін ешқандай да велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бүгінде мемлекеттік телеарналар мен мерзімді баспасөз бәсекелестіктен барынша тыс қалған. Үнемі бағуда тұрған, бөтегесін май басқан бүркіт қасқырды айтасыз, қоян ала ма екен, өзі?! Ерінеді ғой. Бүгінгі «Егемен», бүгінгі «Хабар» дегенде елдің көз алдына кәрі аңшының тұғырда үнемі маужырап отыратын бүркіті келеді. Алды тола қызыл ет. Бүркіт мұндай жағдайда көкке самғағанды айтасыз, көкке самғауды аңсамайды да емес пе?!
«Сонымен айтпағың не?» демексіз бе? Біздіңше, мемлекеттік телеарналар мен мерзімді баспасөздерді дамыту үшін оларды жекеменшікке беріп, бәсекелестік ортаға тәуелді ету керек. Сонда ғана бір нәтиже болады. Әйтпесе ел бюджетінің сансыз емшегін кезек-кезек, онда да тырсиғандарын ғана таңдап еметін «Хабар», «Қазақстан» РТРК», «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» (тағы осыған ұқсас 4-5 серіктестік бар) жылына 40 миллиард теңгеден астам қаржыны толғана асап, жеткен жерлерін бәріміз көріп отырмыз ғой. Осынша қаражатты опырғанда не қиратып тастады дейсіз бе? Ештеңе де. Бітіретіндері – жылына бір жоба жасап, сонысын ғана жабумен келеді.
Бұл жарықтықтардың тәбеттерінің ашылғандығы соншалық, бүгінде олар ешқандай ұялмай-қызармай-ақ, қысылып-қымтырылмай-ақ итке тастаған сүйекті талғажау етіп, жан бағып келе жатқан жекеменшік БАҚ-тардың несібесіне де жармасатын болды. Мәселен, жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарына жылына бөлінетін 1 миллиард теңгеге жуық қаржының тең жарымы теле-аудио роликтер мен деректі фильмдер жасауға бағытталады. Лобби осы жерден басталады! Қалай дейсіз ғой? Былай!
Әрбір бейне немесе аудио роликтер мен деректі фильмдердің техникалық сипаттамалары осы алып ашқарақтардың асқазандарына арналып түзіледі. Әрі қарай бәрі белгілі. Жіптің бір ұшын қолдарына мықтап ұстаған Айдос Үкібаев пен Нұржан Мұхамеджанова секілді епшілдеріңіз де, жіптің екінші ұшын сұқ саусағына сәндеп орап алып, зірк-зірк сөйлеп отырған майлы шашты шенеунігіңіз де «Алланың мұнысына да шүкір» деп жылтырап отыра береді. «Шүкір» десе, әрине.
Бастан өткен бір мысал. 2013 жылғы күз айында Еңбекмині «Жұмыспен қамту-2020» және «Зейнетақы жүйесін дамыту» бағдарламалары шеңберінде теле және аудио өнімдерге 46 млн. теңге бөлгені белгілі болды. Бағымызды сынамаққа әлгі конкурсқа біз де қатысып көрдік. Техерекшеліктерін де қиыннан қиыстырдық. Алайда, Нұржан апамыз бен Айдос бауырымыздың атынан Еңбек министрінің кабинетіне 5 минутқа кіріп шыққан өкілдері жағдайды мүлдем өзгертіп жіберді. Сөйтіп біз құладық. Бұл телеарналарға қатысты бір ғана мысал. Байланыс және ақпарат агенттігінде электронды БАҚ-қа арналып өткізілген конкурс та кеше мәресіне жетті. Мұнда да тура сол жағдай қайталанды.
Дәл осындай мысалдарды «Егемен Қазақстан» мен «Казправдаға» да қатысты ондап, жүздеп келтіруге болады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттен түсетін тұрақты да қомақты қаржыға әбден семіріп, бөтегелерін май басқан мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары не өздері дамымайды, не өзгелерді дамытпайды. Яғни, жекеменшік БАҚ-тардың аяғына еріксіз тұсау түседі.
P.S. Он бүлдіршінге арналған жазғы лагерьдің ашылғанын да жаңалық деп ұсынатын немесе Статагенттік таратқан мәліметтерді халыққа қайталап оқып беріп (не айтып тұрғанын өздері де түсінбейтінін қайтерсің), сонысын экономикалық сараптама деп шығаратын біздің мемлекетіміздің басты-басты БАҚ-тарының жай-күйі осындай! Оның қасында нағыз бәсекелестік ортаның көрігін қыздыратын жекеменшік БАҚ-тар өлместің күйін кешсе де өктем-өктем сөйлеп, өзекті мәселелерді көтерумен келеді. Кәсіпкерлікті дамытамыз деп даурығатын біздің Үкіметтің бұл жағдайды мүлдем көрмейтіндігі, жекеменшік кәсіпкерлердің тұншығып жатқанын тіпті де білмейтіндігі қынжылтады. ...«Көрмейді», «білмейді» дейміз-ау, тағы. Ненің көрмегені, ненің білмегені. Көргенде солар көрсін, білгенде солар білсін! Дұрысы, әріден, тым әріден ойластырылған шара шығар. Бұл өкімет аман тұрса әлі бәрімізге енді бес жылдан кейін «Сталин әкәм білмей отыр да, білсе...» дегенді айтқызады. Оны өкімет те біледі, біз де білеміз...
Еркін ЖУРНАЛИСТ.