$ 524.65  552.19  5.14

ВЛКСМ-ның 100 жылдығын дүркіретіп атап өтуге де «комсомол» Сұлтанов бастамашыл болыпты

Өткен аптада Алматыда қазақстандық комсомолдар аталған ұйымның 100 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өткен болатын. Алайда, бұл шара қазақ қоғамында қызу талқыға түсіп, жұрттың ашуын келтірді.

Қазақстандықтардың басым көпшілігі құрдымға кеткен осынау ұйымның аңсаушылары мен қолдаушылары билік өкілдері болғанына наразы. Өйткені, тойға келген «құрметті» қонақтардың қатарында экс-премьер, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағанбетов, сенаторлар Бірғаным Әйтімова мен Бақытжан Жұмағұлов, мәжіліс депутаттары Қуаныш Сұлтанов пен Серік Сейдуманов және өзге де билік өкілдері бар.

Белгілі болғандай, «Комсомол» ұйымының мерейтойын тойлау бастамасын депутат, бұрынғы комсомол Қуаныш Сұлтанов көтерген екен. Тіпті, жыл басында Елбасының рұқсатын да алыпты. Бұл туралы мақала «Комсомолькая правда» газетінің ресми сайтында биыл сәуір айында жарияланған.

Аталған мақалада Қуаныш Сұлтановтың жетпісінші жылдардың соңында қазақ комсомолдар ұйымының бірінші хатшысы болғаны көрсетілген. Ол бастаған топ жыл басында Мемлекет басшысының атына хат жазып, 20 қазан күні Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында салтанатты іс-шара өткізуді сұрапты. Президент болса рұқсатын берген.

Айта кету керек, Қазақстан КСРО құрамында болған уақытта, яғни елді комсомолдар билеген 75 жылда екі бірдей ашаршылықты, сталиндік репрессияны, Екінші дүниежүзілік соғысты бастап өткеріп, миллиондаған қазақ қаза тапты. Десе де, не билік, не отандық тарихшылар мұны геноцид деп мойындау мәселесін көтерген емес.

Ал, Қуаныш Сұлтанов болса бұған дейін де өз бастамаларымен талай рет есте қалған. Мәселен, былтыр ол Астанаға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атын беру керек деген идеясын айтқан болатын. Әлеуметтік желі қолданушыларының көбі оны «жағымпаз» деп айыптап, күлкіге айналдырып жатты. Сұлтановтың өзі болса бұған ренжігенін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары