Атырау қаласындағы Перетаска және Зарослый тоғандарында өлі балықтардың толып кетуі тұрғындарды абыржытып жіберген еді. Іле-шала сауда орындары мен көшелерде балық сатушылар көбейіп кетті деп жазады Zhasalash.kz.
«Соңғы күндері балық алуға қорқатын болдық. Өткенде бір балалар үй-үйді аралап, «балық керек пе?» деп сұрап жүрді. Одан Балықшы ықшамауданына барғанда балықтың көптігін, бағасы түскенін байқадым. Бірақ, оларды қандай күйінде аулады, шалажансар болып жатқанда да, өлгесін бе – соған көзім жетпегеннен кейін алмадым», — дейді Еркінқала ауылының тұрғыны Мариям ҚАЗИЕВА.
Тосын жағдайдың себебін анықтау үшін комиссия құрылып, оның құрамына Атырау облыстық балық шарушылығы басқармасы, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, экология департаменті, Қазақ балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты, ветеренариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясы, төтенше жағдайлар департаменті мен Атырау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары енді. Зерттеу үшін су тоғандарындағы өлі және тірі балықтардан сынамалар алынған. Қазіргі күні жүзден астам балықтың өлгені анықталып, «су құрамы таза, адамдардың өміріне қауіп жоқ» деген анықтама берілуде.
«Қазір жағдай толықтай бақылауда. Төтенше жағдай тек Атырау қаласы бойынша орын алып отыр, аудандарда мұндай ақпарат тіркелген жоқ. Алынған сынамалар бойынша тексеріс жұмыстары жүргізілді. Аталған жағдай тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізбейді», — деп мәлімдеді Атырау облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ.
Алайда аймақта зертхана нәтижелерімен келіспейтіндер аз емес.
«Балықты ауа жетпегеннен тұршықты деп жатыр екен, меніңше, бұл негізсіз. Өйткені, қыс әлі қаһарына келіп, мұз қалыңдап қатқан жоқ, ультракүлкін сәуле өткізбейтіндей мұз жоқ. Өз басым суға қандай да бір өндірістік қалдықтар кетті ме деп болжаймын. Зарослый мен Курилкиндағы тоғандардың балығын тексергенде құрамынан аммиак шығыпты деп естідім. Бірақ, қолымда ешқандай нақты дерек жоқ, дәлелдей алмаймын. Бұл мәселемен прокуратура айналысуы керек деп ойлаймын», — дейді балық саласының ардагері, эколог Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ.
Мұндай күмән туғызып отырған тағы бір жәйт – балықшылар әшейінде ауға балыққа ілесе шығып, мазаны алатын су шаянының аяқ астынан жоқ боп кеткеніне таңырқаулы. Бостон Сүлейменовтің айтуынша, судың қаншалықты тазалығын шаянға қарап білуге болады екен. Су ластанғанда алдымен шаян, балықтардың ішінен көксерке өліп, қара балықтар біразға дейін шыдайтын көрінеді.
«Менің көпшілікке «балық алмаңдар» деп айтуға құқым жоқ, ол үшін жауапқа тартуы да мүмкін. Балық – менің сүйіп жейтін асым, алайда, жеке және осы саланың маманы ретіндегі пікірім – жағдай реттелгенше балық сатып алмау керек деп ойлаймын. Балықтың желбезегі қып-қызыл, еті тығыз болып тұрғасын «свежий» деп аласың, шындығында, оның қандай жолмен келгенін білу өте қиын», — деп түсіндіреді табиғат жанашыры.
Балықтардың қырылуын экологиямен байланыстырып отырғандар аз емес. Соған қарамастан, ресми мекемелер тарапынан бұл жөнінде ләм-лим деп ауыз ашқан жан баласы жоқ.
Тек 110 балық өлді деген ресми ақпарат тарады.