11.09.2015, 07:07

Елбасы: Қазақ, «мың өліп, мың тірілген» халық

nb.kz

Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550  жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. 

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзі  

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Мәртебелі меймандар!

Қазақ хандығының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі торқалы  тоймен шын жүректен құттықтаймын!

Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар. Бүгінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр.

Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп ашына жазған болатын. Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын.

Тәуелсіздік қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді-мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағына ұланғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынының арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты.

Қазақ, Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың  тірілген» халық.  Бірлігі жарасқанда даңқы асып, билікке таласқанда берекесі қашқан. Баршаға белгілі, байырғы бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, Байкалдан Балқанға дейінгі алқапты еркін жайлаған. Көгімізде желбіреген алтын күн астында қыраны қалықтаған туымыз мемлекеттігіміздің үзілмей жалғасып жатқандығының айғағы.

Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда - 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды.

Сегізінші ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуында: «Алдау мен арбауға арандаған түрік халқы бірлігінен айрылды. Табғаштарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды», - деп жазылған. Қай заманда болмасын, барлық жеңістеріміздің бастауы береке-бірлік екенін жас ұрпақ ешқашан ұмытпай, өткеннен сабақ алуы үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасатып, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің атриумына қойғыздым.

Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері - Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов «берік» яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады.  Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен.

Бірлік - біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады.

Бүгінгі той - ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл - біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұланғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді.   

Қазақ хандығы кезеңі - ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Ел билеген хандардың өмірі майдан шебінде өтті. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты.    Осынау ұлы бабалардың биік рухына барлық ұрпақ айрықша  құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді.  Олардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталады. Қазақтардың талай буыны қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман орнатқан хан ретінде қадірлейтін Әз Тәуке биліктен кеткен соң халқымыздың береке-бірлігі әлсіреп, жүзге және руға бөлінушілік белең алды.

Орталық Азиядағы аса қуатты әскери мемлекет саналатын Қазақ хандығының осы осалдығын оңтайлы пайдаланған жоңғарлар тұтқиылдан соғыс ашып, ел тарихына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енген трагедияға ұшыратты. Дәл осы тұста тарих сахнасына қол бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары сияқты  батырлар, сөз бастаған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билер, ел бастаған Абылай, Әбілқайырдай хандар шықты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлігі асқан қазақ қолы 1730 жылы Аңырақай түбінде жоңғарларға күйрете соққы беріп, ата қонысын жаудан біржолата азат етті.

Қаз дауысты Қазыбек би:

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз.

Достықты сақтай білген елміз,

Дәм-тұзды ақтай білген елміз, - деген  екен.

Бірліктің қадірін біліп, білекке білек қосқанда атамекенді жаудан азат етті. Алайда, ағайынның араздығы, ынтымақтың аздығынан көп ұзамай хандық жойылды. Данышпан Абай айтқандай, «Бас-басына би болған өңкей қиқым»  елдің сиқын кетірді. Сол кезде бүкіл дүние жүзін жайлаған, «бөліп ал да, билей бер» атты отаршылдыққа негізделген сұрқия саясат Қазақ елін біржолата Ресей патшалығының отарына айналдырды. Бұдан кейінгі Қазан төңкерісінен, Азамат соғысынан, халқымыздың тең жартысын жалмаған отыз екінші жылғы ашаршылықтан ер-азаматқа да, елге де сын болған Ұлы Отан соғысынан қазақ қаншама қансырап шықса да, азаттық аңсаған өршіл рухы мен ұлттық келбетін жоғалтқан емес.

Ел арасында айтылатын тәмсіл бар. Абылай хан: «Үш арманым бар еді. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім, қан көп төгілді. Екіншісі, халқым қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым», - деген екен. Абылайдың асыл армандары тәуелсіздік тұсында түгелдей орындалды. Қазақстанның қай түкпіріне барсақ та, қалаларымыз бен ауылдарымыз жарқырап, жайнап тұр.Даламыз жайқалған егінге толып, еліміз жасыл баққа айналды. Алтын күн шуағын шашқан көк байрағымыздың астында қазақ қана емес, 130 ұлттың өкілдері береке-бірлікпен тату-тәтті өмір сүруде. Мен бұдан бұрынырақ «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген едім. Бүгін сол сөзімнің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады» дегім келеді.

Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз.

Ең алдымен, бабаларымыз егемен еліміз тәуелсіздік алғанда еншімізде ұлан-байтақ жер қалды. Бірақ әлемдегі тоғызыншы территория саналатын қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен рәсімделмей, ашық-шашық жатқан еді. Біз осы бір аса күрделі әрі шетін мәселені сәтімен шешіп, Ресей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен арадағы жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын шекарамызды халықаралық құжаттармен рәсімдеп, болашақ ұрпақтың алаңсыз болуы үшін біржолата әрі мәңгілікке шегендедік.  

Екіншіден, бізге мұраға қалған ата қонысымыз  жылдар бойы халқымызға қасірет әкелген ажал полигондары  мен жаппай қырып-жоюға арналған ядролық оқтұмсықтарға толы болды. Біз соның бәрінен елімізді де, жерімізді де азат етіп, әлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Ақыл мен парасаттың кез келген қарудан қуаттырақ болатынын дәлелдеп, жаһандық қауіпсіздікке зор үлесімізді қостық.

Үшіншіден, екі жарым ғасыр патшалық Ресей мен 70 жылдан астам Кеңес Одағы құрамында болғанда қазақ халқы өз жерінде отырып-ақ азшылыққа, ал Қазақстан өз еркінен тыс 130 ұлт пен ұлыстың мекеніне айналды. Әлем тарихына көз тігер болсақ, соғыс атаулы не жер дауы, не ұлт артықшылығы, не дін үстемдігі үшін болатынын байқау қиын емес. Біз елімізді мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыс, дін өкілдерін көк тудың астына жиып, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақтадық. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі талай мемлекетке үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін зор табыспен өткіздік. Бабаларымыз мирас еткен «Кең болсаң - кем  болмайсың» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, әлі талай биіктерге жетеріміз анық.

Төртіншіден, біз іргемізді бекітіп, бірлігімізді бекемдеген соң әлемдегі ең дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, дамудың өзіміз жасаған жаңа моделі - «Қазақстандық жолды» ұсындық. Дамудың ең жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан - 2050» стратегиясын түздік. Дәл осы құжаттың негізінде алға қойған мақсаттарымызды рет-ретімен жүзеге асырып, қуатты да табысты мемлекет орнаттық. Соның нәтижесінде экономикамыз аз ғана жылда ешқашан, ешкімде болмаған қарқынмен алға басты. 2014 жылы еліміздің Жалпы Ішкі Өнімі 1993 жылғы көрсеткіштен 19 есеге көбейді. Ол жан басына шаққанда 696 доллардан 13 мың долларға, яғни 18 есеге артты. 1993-2013 жылдар аралығында 200 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тарттық. Елдің әл-ауқатын барынша жақсартып, өркениетті елдердің деңгейіне жеткіздік.

Бесіншіден, бабалар мирас еткен жеріміз қаншалықты кең болса да, бізде ұлы мұхитқа шығатын жол болған емес. Темір жол атаулы Қазақстанның байлығын тасу үшін тек солтүстікке қарай салынды. Тәуелсіздік жылдары біз жалпы ұзындығы 2500 шақырымдық темір жол салып, еліміздің барлық облыстарын бір-бірімен жалғастырдық. Нәтижесінде Қазақстанның болат жолдары Қытай арқылы Тынық мұхитқа, түрікмен жері, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына, Ресей арқылы Батыс Еуропаға, одан әрі Атлант мұхитына жететін болды. Бұған қосымша «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» еуразиялық автомагистралы да пайдалануға берілді. Ал, «Нұрлы Жол» бағдарламасымен елімізде жаңа 7 мың километрден астам автокөлік жолы салынып, барлық өңірлермен байланыс екі есеге жақын болады.   ХХІ ғасырдың нағыз Жібек жолы деп осыны айтуымыз керек.

Алтыншыдан, қазақты өзге ұлттан даралайтын - оның тілі мен мәдениеті, руханияты. Еліміз егемендігін алғаннан кейін  жағдайдың қиындығына қарамастан тағдырдың жазуымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен миллионнан астам қандастарымызды атамекенге қайтарып алып келдік. Бабалар тарихына қатысты дүние жүзінің архивтерінде шаң басқан тарихи құжаттарды алдырып, том-том кітаптар мен оқулықтар шығарып, ата тарихтың ақиқатын түгендедік. Тәуелсіздік жылдарында 1300-ге жуық мектеп, 1250-ге жуық денсаулық сақтау нысанын, тағы 4 мыңнан астам балабақша салдық. Халықтың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жетті.

Азаттықтың алғашқы жылдарында «Болашақ» бағдарламасын әзірлеп, он мыңнан астам талантты жастарымызды шет елдердің ең беделді университеттерінде оқыттық. Қазір «Болашақ» түлектері басқару ісіне араласып, өздері ел болашағына қызмет істеуде. Кемелімізге келген соң еліміздегі барша орта білім ошақтарына үлгі болсын деп,  республикамыздың әрбір өңірінде дүние жүзіндегі ең биік талаптарға сай «Зияткерлік мектептерді» аштық. Ал, күллі жоғарғы білім ордалары биыл алғашқы түлектерін ұшырып, әлемдік деңгейде танылып үлгерген «Назарбаев университетіне» қарап бой түзейді.    

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ата-бабамыздың асыл мұрасын жинақтаған соң әлемдегі ең жаңашыл өнер ордалары саналатын Бейбітшілік пен келісім сарайы, Орталық концерт залы, Астана опера және балет театры, Ұлттық музей ғимараттарын салып, ұлт мәдениетінің әлемдік өркениет биігінде дамуы үшін барлық жағдайды жасадық. Мұндай мәдениет ошақтары еліміздің әр өңірінде бой көтерді.

Жас ұрпақтың жаны сұлу, дені сау болуымен қатар күш-қайраты мол болуы үшін зәулім спорт сарайларын тұрғызып, қысқы Азиада ойындарын зор табыспен өткіздік. Лондон олимпиадасында ұлы жеңіске ие болдық, отандық спортшылар жарқын жетістіктерімен ел мерейін өсірді.

Жетіншіден, іргесі берік үйдің шаңырағы шайқалмайды. Жақында ғана біз Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өттік. Біздің Конституциямыз ұлттық заңнама жүйесіне берік іргетас болып қаланды. Заң шығарушы, атқарушы билік пен тәуелсіз сот жүйесінің негізін құрды. Қазақстан Парламенті ең жоғары өкілетті орган ретінде өз міндетін абыройымен атқаруда.

Сегізіншіден, бабалар даңқына мақтанумен шектелмей, үздіксіз алға жылжыған ел ғана озады. Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана әлем картасында болмаған Қазақстан дүние жүзінің 56 елінің басын қосатын Еуропа қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, 57 мемлекетті біріктіретін Ислам ынтымақтастық ұйымына абыроймен төрағалық етіп, ұлтымыздың рухын көтеріп, жұртымыздың еңсесін биіктеттік. Қазақстан алып құрлықтағы ең түйінді мәселелерді шешетін 30-ға жуық мемлекеттің басын қосып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін құрып, оны әлемдегі беделді ұйымдардың қатарына қосты. Әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне айналған Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын құрудың басты бастамашыларының бірі болып, бірнеше рет биік деңгейдегі саммит өткіздік.

Біздің бабаларымыз - ғұндар да, түріктер де, қыпшақтар да өткен замандарда Еуразиядай алып материктің басты интеграторы болған. Олар Ұлы даладағы алуан тайпалардың басын талай мәрте қосып, берекесі қашқан кезде сан рет жауларына жем болған. Біз де 20 жылдан астам уақыт бойы Еуразиялық Одақ құру туралы бастаманы табандылықпен ілгері жылжытып, оны бүгінде бес мемлекеттің басын қосатын посткеңестік елдер ішіндегі ең үлкен экономикалық ұйымға айналдырдық.

Тоғызыншыдан, Астананың төрінде тұрып, бүгінде бар қазақтың ортақ мақтанышына айналған елордамыз туралы айтпау мүмкін емес. Астанамыз - жаһанға танылған жұртымыздың жарқыраған жақұты, Азаттығымыздың алтын қыраны! Елорданы салу тәуелсіз Қазақстанның өте күрделі мақсат қойып, оны табандылықпен орындай алатынын күллі әлемге айқын дәлелдеп берді. Бас қаламыз қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытты. Досты сүйіндіріп, дұшпанның мысын басатын еңселі елордаға айналды. Астанамен бірге қалың қазақтың да даңқы артты. Еліміздің әр өңіріндегі басқа қалалар мен елді-мекендер де Елордаға қарап бой түзеп, жарқырай бастады. Бүгінгі торқалы тойымыз өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайы және Спорт кешені де  осындай еңселі ғимараттардың бірі болмақ.

Оныншыдан, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан берік орын алып, әлемдегі үздік отыздықтың қатарына кіруді басты стратегиялық мақсат етіп қойдық. Алда Астанада әлемдегі ғылым мен техниканың, өнеркәсіптің, жаңалық атаулының жетістіктерін насихаттайтын ЕХРО-2017 көрмесін өткізу міндеті тұр. Қазір адамзат қоғамы жаңа индустриялық революцияның қарсаңында тұр. Оған Қазақстанның экономикасы мен өнеркәсібі дайын болуы үшін біз «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын» әзірлеп, жүзеге асырудамыз. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірдік. Баршаға бірдей кәсіби, осы заманғы мемлекетіміз одан әрі табысты болуы үшін бес институционалдық реформа жүргізуді қолға алдық. Тиісті мемлекеттік органдар оны рет-ретімен жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Бұл реформа бізді жаңа биіктерге бастайды.

«Егемен болмай ел болмас» дегендей, біз азаттық жылдарында шын мәнінде ұлы жолдан өттік. Тәуелсіздік кезеңі - біз үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат кезең. Кезінде Керей мен Жәнібекке ілесіп шыққан халықтың ұзын саны 200 мың шамасында екен. Бүгінгі күні сол қазақтың қатары жер жүзінде 15 миллионнан асып жығылды. Ал, егер қазақ өткен ғасырдың ашаршылығына ұшырамаса, өткен соғыста қырылмаса қанша болар еді?

Қазақтың өз ішіндегі береке-бірлігі күшті болуы керек. Данышпан Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», -  деген өсиетін әрдайым естен шығармайық, ардақты ағайын. Алда қандай сын-қатерлер күтіп тұрса да бірлігіміздің арқасында біздің болашағымыз бүгінгіден де жарқын деп кәміл сеніммен айта аламын.

Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол -қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол - Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік - біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол - ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол - Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың аруағы жар болсын!

Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз - солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз - ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл - біздің тағдырымыз! Бұл - біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын!

 Ертеңгі күн ел тарихындағы есте қалар күндердің бірі болмақ. Бүгін, яғни 2015 жылғы 11 қыркүйекте биылғы аса мәнді мерекелердің бірегейі - Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралардың ең маңыздысы өткізілмек.

«Бүгінгі қазақ халқы - сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық», - деп сонау 1992 жылдың өзінде, тәуелсіздіктің таңсәрі шағында, Дүние жүзі қазақтарының бірінші құрылтайында айтқан Елбасымыз осы жылдардың өн бойында тарихқа құрметпен қараудың, өткенімізден өнеге алудың үйренерлік үлгісін көрсетумен келеді. Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын бүкіл халық болып мерекелеу Тәуелсіздіктің, тек қана Тәуелсіздіктің арқасы екендігі айдан анық.

Тарихымыздың осынау абыройлы белесінің өз деңгейінде, лайықты аталуы халықтың өткенінен өнеге, тағылымынан сабақ алуды тәуелсіздіктің бір тірегі, еңселі ертеңіміздің сенімді кепілі санайтын Елбасымыздың ерен еңбегі екендігі тағы талассыз. Басқаны былай қойғанда, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы тақырыпқа «Тарих толқынында» атты тұтас кітап шығаруының өзі Елбасымыздың тарихқа қандайлық мән беретінін көрсетеді. Президенттің «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген бір ауыз сөзінің өзі бізді ата-бабаларымыз үшін мақтаныш сезіміне бөлейді, қазақтың ендігі тарихында да сондай ізгі із қалдыруға үндейді. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы ширек ғасырға жуық уақыт аралығында сөйлеген сөздерін, жасаған баяндамаларын, берген сұхбаттарын зерделеп қарағанда біз Ұлы Дала елінің бүгінгі биігі тарих тағылымын ұғынудағы дара даналықтың да арқасы екенін анық көреміз.

Айтулы шараға орай Елбасымыздың 2014 жылы жарық көрген тоғыз томдық «Таңдамалы сөздеріндегі» тарих туралы толғаныстарынан топтама түзіп, ұсынып отырмыз.

*  *  *

Тарихтағы өз орныңды білу, бабала­рыңды ру төмпешігінің деңгейінде емес, жалпыұлттық өреде мақтан тұту, ұлан-байтақ Еуразия тарихында ұлы істерге ұйытқы болған қазақтар мен олардың бабаларының өзіндік орнын танып-түсіну, ұлттық қадір-қасиетіңді қорлайтын жаттанды жалалардан арылу, міне, ұлттық тұтастыққа кепіл болатын бүгінгі күннің ең қуатты тетіктері осылар!

*  *  *

Өз тарихың қаншалықты ащы болса да оған құрметпен қарау, менің ойымша, қазіргі кез келген өркениетті қоғамға тән болуы тиіс.

*  *  *

Тарихи сенімділік - біздің ұлы тірегіміз.

*  *  *

Тарихтың тағылымы біреу-ақ: ол ешқандай тағылым бермейді дейтін тұжырымға мен үзіл­ді-кесілді қарсымын. Тарихты жеңіл-желпі аңыз ­сөз­дердің жи­ынтығы деп қарайтын адам­­дар ­шы­нын­да да тарихтан тағылым ала ­алмайды.

*  *  *

 Шежіре - халықты бірік­тіруші, тұтас­тандырушы сипатта рөл атқаратын идео­логиялық құрал.

*  *  *

Біздің жасампаз тарихымызды елдің әрбір азаматы мақтан етуге тиіс. Сондықтан да, біз тамырын тереңге тартып, тәуелсіздікпен бірге мәуесін жайған тарихи танымды ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет.

*  *  *

Жұртымыз халықтығына қатер, мемлекет­­­тігіне қауіп төніп, айдарлысы құлға, тұлымдысы күңге айналғалы тұрған сын сағатта ағайын арасындағы бұрынғы өкпе-назды сыртқа сырып тастап, намыс туын көтеріп, ардақ тұтқан азаматының төңірегіне топтаса білген. Арғы-бергі тарихымызда оған мысал көп.

*  *  *

Қазақстан жерінде байырғы да төлтума өркениеттің өсіп-өркендегенін біз әрі мақтаныш, әрі таңданыс сезімде танып-біле бастадық. Қазақтың ұлан-байтақ қуаң даласы бір кездері Еуразияның ұлы кеңістігіне тіршілік ырғағын дарытқан. Көкжиекпен астасып, үнсіз мүлгіген бейіт-қорымдар әлемдік ауқымдағы оқиғалардың куәсі. Осы даладан бірде бейбіт, енді бірде жорық сапарымен қиянға аттанған бабаларымыз өзімен бірге талай елге жеткізген білім-біліктің кейін талай-талай айтулы жаңалықтарға тұғыр болғаны да белгілі.

*  *  *

Біздің ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқа­рып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныстанған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті.

*  *  *

 Біздің тәуелсіздігіміздің, керек десеңіз, кез келген мемлекеттік тәуел­­сіздіктің қалыптасу тарихы дегеніміз бұл тек қана қоғамдық-саяси қайта құру­дың тарихы емес. Бұл - өмірлік құн­дылықтардың, тіптен өмірдің өз мәнін психологиялық қайта парақтаудың тарихы. Бұл - әлемдік өркениеттің құша­­­ғына халықтардың және біздің әрқай­сымыздың қайта оралуымыздың тарихы.

*  *  *

Өткенге қарап ертеңіңді түзе.

*  *  *

Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады. Қазақ халқының тарихындағы сондай киелі тұлғалардың бірі ғана емес, бірегейі - Абылай хан.

*  *  *

Біз аға ұрпақты абыройлы істерін одан әрі жалғап, бізден кейінгі ұрпақ жаңылмай жүре­тін жол саламыз. Бұл жол - тәуелсіз Қазақ­­­ста­ны­мыз­дың гүл­дену, өркендеу және даму жолы болды.

*  *  *

Өткеннің өкінішін айтқанда, елдің еңсесін езе түсетіндей етіп емес, тарихтан тағылым алып, кемшіліктерден безе түсетіндей етіп айту керек.

*  *  *

Біз тойларды тарихтан тағы­лым ­алу, ұлылықтан ұлағат алу үшін өткізуі­міз ­керек.

*  *  *

Тарих бізбен тоқтап қал­майды.

*  *  *

 Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құр­меттеу - алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады.

*  *  *

Қазақ ұлты, басқа қай ұлтпен салыс­тырғанда да, мемлекеттікке лайық екен­дігіне сенімдімін. Мұны ол өзінің бүкіл тарихымен дәлелдеп отыр.

*  *  *

Болашаққа бағытталса ғана тарих сабақ­тарының мән-мағынасы бар.

*  *  *

Бабаларымыз бізге туымызды биік, жүре­гімізді таза, дастарқанымызды бай етіп ұстауды, осы дұрыс жолда өзімізге тиесілі, біз үшін пайдалы еш нәрседен де бас тартпауды аманат етіп тапсырды.

*  *  *

Қазіргі тарихтың кестесі тым тығыз. Бұ­рын жүзжылдықтарға, онжылдықтарға созыл­ған нәрсе қазір қас-қағым сәтке ғана созылады.

*  *  *

 Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ.

*  *  *

Тарих сабақтарын жалпы алғанда, сондай-ақ мәдениет тарихының сабақ­тарын жеке алғанда, олар халықтың жан-жүрегінен орын алса ғана мән-мағынаға ие.

*  *  *

Қазақ халқының тарихы бай әрі күрделі. Біз тек өткенді тиісінше бағалап қана келешегімізді көз алдымызға елестете аламыз.

*  *  *

Тарих сол күннің сұранысына ғана сәйкес жазылса, оның тағдыры аяушылық тудырады.

*  *  *

Тарихты елдің азаматтары жасайды.

*  *  *

Өткенді тану, тарихты терең пайым­дап, оған әділ баға беру үлкен парасат­ты­лық пен жауапкершілікті талап етеді.

*  *  *

«Көшпелілер мал жайып өткен жерінің бәрін өзіміздікі санай берген» дейтін сандырақты ғылыми түрде әшкерелеу шарт.

*  *  *

Тарихтың тағылымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді.

*  *  *

Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру - адам­гершілік парыз ғана емес, қоғамдық даму­дың, ілгері басудың негізгі алғышарт­тарының бірі.

*  *  *

 Атадан қалғанның бәрі алтын емес.

*  *  *

Қазақтың бүкіл тарихы - бірігу тарихы, тұтастану тарихы. Қазақ - тек бі­рігу, бірлесу жолында келе жатқан халық.

*  *  *

Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, ынты­мақтың, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп кетті. Қазақстанның арғы-бергі тарихының ең ғибратты тағылымы, міне, осында.

*  *  *

 Керей мен Жәнібек тіккен сол киелі Ту жығылған жоқ. Ол Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге аспан астында қалықтаған қырандай шырқау биікке көтеріле түсті. Сондықтан біз тәуелсіздіктің көк байрағын берік ұстап, егемендігімізді көзіміздің қарашығындай қорғауға тиіспіз.

*  *  *

Өткенге тағзым етіп, бабаларымызды еске алып, екі білегімізді сыбанып, алға қадам басып, жастарымызды тәр­биелеп, еңбекқор, елді сүйетін, жерді сүйе­тін патриот халық болып өсе берейік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Қазақ хандығы — бүгінгі Қазақстан Республикасы мен көрші аймақтардың территориясында 1465-1847 жылдар аралығында өмір сүрген мемлекет.[1] Қазақ хандығы Еділден Жайыққа дейінгі территорияны, Сырдария мен Амударияөзендерінің аралығын, Хорасан жерін қамтыған.

Қазақ хандығының мемлекеттік құрылымы дала демократиясына негізделген монархияға негізделген. Мемлекет басшысы -хандар саяси билік жүргізетін. Олар төре тұқымынан шыққан сұлтандар арасындағы таңдау негізінде сайланатын.

Қазақ хандығының тұңғыш ханы - Керей, соңғы ханы - Кенесары Қасымұлы.

Керей мен Жәнібек хандар

Қазақ хандығының пайда болуы Қазақстан жерінде 14-15 ғғ. болған әлеуметтік-экономикалық және этникалық-саяси процестерден туған заңды құбылыс. Өндіргіш күштердің дамуы, көшпелі ақсүйектердің экономикалық қуатының артуы, феодалдық топтардың тәуелсіздікке ұмтылуы, осы негізде Әбілхайыр хандығы мен Моғолстан арасындағы тартыстың өршуі, әлеуметтік қайшылықтардың үдеуі 15 ғ. 2 жартысында бұл мемлекеттердің құлдырап ыдырауына апарып соқтырды.

Әсіресе Әбілхайыр(1428-1468) Жошы-Шайбан- Дәулет-Шайх оғланның ұлы хандығы өте нашар еді. Территориясы батысында Жайықтан бастап, шығысында Балқаш көліне дейін, оңтүстігінде Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірінен, солтүстігінде Тобылдың орта ағысы мен Ертіске дейінгі жерді алып жатты. Бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Көптеген ұлыстарға бөлінді. Олардың басында Шыңғыс әулетінің әр тармақтағы ұрпақтары, көшпелі тайпалардың билеушілері тұрды. Әбілхайыр билік еткен кезде халық өзара қырқыс пен соғыстан шаршады. 30 жж. ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы Махмұт Қожаханды талқандады. Сыр бойындағы далада Жошы әулетінің Махмұтханы мен Ахметханын(Тоқа Темір тұқымы) жеңді.

1446 жылы Әбілхайыр Темір ұрпақтары мен Ақ Орда хандары ұрпақтарынан Сыр бойы мен Қаратау баурайындағы — СығанақСозақ, Аққорған, Өзгент, Аркүк сияқты қалаларды басып алады.

1457 ж. Үз-Темір тайшы бастапан ойраттардан (жайылым жер іздеген) Түркістан өңірінде жеңіліп қалды. Масқара ауыр шарт жасасып, ойраттар Шу арқылы өз жерлеріне кетті. Ал Әбілхайыр өз ұлысында , қатал тәртіп шараларын орнатуға кіріседі. Бұл халық бұқарасының оған деге өшпенділігін күшейтті. Нәтижесінде халықтың жартысы Шығыс Дешті Қыпшақтан Түркістан алқаптарына және Қаратау бөктерлерінен Жетісудың батыс өңіріне көшіп барулары еді. Оны Жәнібек пен Керей басқарды.

Дешті Қыпшақ пен Жетісудағы көшпелі бұқара феодалдық қанаудың күшеюіне, соғыстарға наразылық ретінде , хандар мен феодалдардың қол астынан көшіп кетіп, қоныс аударды. Сөйтіп, 15 ғ. 50-70 жж, яғни 1459ж. Әбілхайыр хандығынан Жетісудың батысына Есенбұға хан иелігіне Шу мен Талас өзендерінің жазықтығына көшіп келді. Олардың қоныс аударуының бір себебі, оларды Шыңғыс әулетінен шыққан Керей хан мен Жәнібек ханның жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ халқының дербес мемлекетін құру, оның тәуелсіз саяси және экономикалық дамуын қамтамасыз ету жолындағы қадамы мен қызметі өз ықпалын тигізді. Жетісу рулар мен тайпалар мемлекет бірлестігінің орталыпына айналды. Олардың саны 200 мың адамға жетті. Моголстан ханы Есенбұға өзінің солтүстік шекарасын қорғату үшін, сондай-ақ өзінің бауыры Тимурид Абу Саид қолдап отырған Жүністің шабуынан батыс шекарасын қорғату үшін пайдаланғысы келді. Жәнібек қазақ хандығының тұңғыш шаңырағын көтерген Барақ ханның ұлы, ал Керей оның ағасы Болат ханның баласы. Барақтан басталатын қазақтың дербес мемлекеттігі жолындағы күресті оның туған ұлы мен немересінің жалғастыруы табиғи құбылыс. Мырза Мұхамед хайдар Дулати Қазақ хандығының құрылған уақытын хижраның 870 жылына (1465-1466 жж.) жатқызады.

Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланды (1458-1473 жж.). Одан кейін қазақ ханы болып Жәнібек сайланды (1473-1480 жж.). Бұлардың тұсында Жетісу халқы, 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұға өлгеннен кейін ондағы тартыстың күшеюіне байланысты, өзара ынтымақтықты нығайтуға үлес қосты. Әбілхайыр хандығынан көшіп келушілер Жәнібек пен Керейдің қазақ хандығын күшейте түсті. Едәуір әскери күш жинапан және Жетісуда берік қорғанысы бар Жәнібек пен Керей, Жошы әулетінен шыққан сұлтандардың Шығыс Дешті Қыпшақты билеу жолындағы күресіне қосылды. Бұл күрес 1468 ж. Әбілхайыр өлгеннен кейін қайтадан өршіді. Қазақ хандарының басты жаулары Әбілхайырдың мұрагерлері- оның ұлы Шайх -хайдар мен немерелері Мұхамед Шайбани мен Махмұд сұлтан болды.

Қазақ хандығының құрылуы.

Сыр өңірі мен Қаратау — қазақ хандарының Батыс Жетісудағы иеліктеріне ең жақын болды. Жәнібек пен Керей хандар сауда-экономикалық байланыстардың маңызды орталықтары және күшті бекініс болатын Сыр бойындағы қалаларға өз құқықтарын орнатуға тырысты. Сондай-ақ Сырдың төменгі және орталық сағаларының жерлері қазақтың көшпелі тайпалары үшін қысқы жайылым да еді.

70-жылдары Сауран, Созақ түбінде, үлкен шайқастар болды. Асыны (Түркістанды), Сығанақты біресе қазақ хандары, біресе Мұхамед Шайбани басып алып отырды. Осындай шайқастардың бірінде көрнекті қолбасшы Керейдің ұлы Мұрындық болды. Ол 1480 жылдан бастап хан болды. Соның нәтижесінде 15 ғ. 70-ж-да қазақ хандығының шекарасы кеңейе берді. Оңтүстік қазақстан қалалары үшін Шайбани әулетімен арадағы соғыстар Жәнібек ханнан кейін қазақ хандығын билеген Бұрындық хан (1480-1511 жж.) тұсында да толастамады. Батыс Жетісудағы иеліктеріне оңтүстіктегі өздеріне қараған қалаларға (СозақСығанақСауран) сүйене отырып, алғашқы қазақ хандары Дешті Қыпшақтағы өкімет билігіне талаптанушы барлық хандарды жеңіп, өз иеліктерін ұлғайтты. Дешті Қыпшақта қазақ хандары билігінің орнығуы,Мұхаммед Шайбаниды Дешті Қыпшақтағы тайпалардың кейбір бөлігін соңына ертіп Мәуереннахрға кетуге мәжбүр етті. Мұнда ол Темір әулеті арасындағы өзара тартысты пайдалана отырып, өкімет билігін басып алды.

Сонымен қазақ хандығының құрылуына ұйтқы болған себептер — саяси және этникалық процестер болды. Оның басты этапы — Керей мен Жәнібектің қол астындағылармен бірге көшпелі өзбектердің басшысы Әбілхайырдан кетіп, Моғолстанның батысына қоныс аударуы. Мұндағы маңызды оқиға — Керей мен Жәнібекті жақтаушылардың өзбек-қазақтар, кейін тек қазақтар деп аталуы. Әбілхайырдың өлімінен кейін Керей мен Жәнібектің Өзбек ұлысына келіп, үкімет билігін басып алуы. Жаңа мемлекеттік бірлестік Қазақстан атана бастады.

Қасым хан кезеңі

Қасым ханның тұсындағы Қазақ хандығы.

16-17 ғғ. қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында «жерді біріктіру» процесін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібектің ұлы Қасым. Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты.Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (ШуТаласҚараталІле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия,Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс болды. Ұлы князь 3 Василий (1505-1533) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып білді.

«Қасым ханның қасқа жолы» деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалынды.

Дегенмен Қасым хан тұсында Қазақ хандығы бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Ол Қасым өлгеннен кейін бірден байқалды. Өзара қырқыс, таққа талас басталды. Моғол және өзбек хандарының қазақ билеушілеріне қарсы одағы қалыптасты.

Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы және мұрагері Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере інісі Таһир (1523-1532) хан болды. Оның айырықша елшілік әне әскери қабілеті болмады. Маңғыт және Монғол хандарымен әскери қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшін сәтті болмады. Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бір бөлігінен айрылып, оның ықпалы тек Жетісуда сақталып қалды. ТаҺир ханның інісі Бұйдаштың (1533-1534) тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ.

Хақназар хан кезеңі

16 ғ. 2 ж. әлсіреген хандықты біріктіруде Қасым ханның баласы Хақназар (1538-1580 жж.) өз үлесін қосты. Ноғай Ордасындағы алауыздықты сәтті пайдаланған ол, Жайық өзенінің сол жағындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд- Рашидке қарсы ұтымды күрес жүргізілді.Хақназар өзара тартыста өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдулламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Хақназарды у беріп өлтірді.

Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді. Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болып жатты. Мемлекеттің солтүстігінде Ресей өз иеліктерін қазақ даласына едәуір жылжытты. Қазан мен Астраханьды басып алғаннан кейін Еділ өзенінің барлық аңғары Ресейдің қол астына кірді. Башқұрт және Сібір хандықтары Ресей құрамына енгеннен кейін, ноғайлар Қазақ хандығының солтүстік-шығысына ығыса бастады. Олар Еділден Ертіске дейінгі аралықта көшіп-қонып жүрді. Башқұрттар мен Сібір татарлары да қазақ жерлеріне енуін тоқтатпады. Сырдарияның төменгі ағысына қарақалпақтар келе бастады.

Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай одағы ыдырап, ауыр дағдарысқа тап болды. Оған қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлегі Қазақ хандығына келіп қосылды. Хақназар Ноғай Ордасының көп ұлысын (бұлардың көбі қазақтың Кіші жүзі – алшын одағына енген тайпалар) өзіне қаратып алды. Тарихи деректерде Хақназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған. Сөйтіп, ХҮІ ғасырдың 60-жылдары Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да Қазақ хандығына өтті. Бұл жағдай Қазақ хандығының солтүстік-батыс және солтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай Ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің Қазақ хандығына қосылып, енді бір бөлегінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын Қазақ хандығына жақындата түсті.

1563 жылы Сібір хандығының билігіне келген Көшім хан Қазақ хандығына дұшпандық саясат ұстанды. Оның үстіне моғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар болып тұрды. Осындай күрделі жағдайларда Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауераннахрдағы шайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Сөйтіп, шайбанилық Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен одақтық келісім-шарт жасасты. Соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы жиіледі. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, шаруашылық өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы нығайа түсті. Бірақ Хақназар ханды 1580 жылы Абдолла ханның қарсыласы Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын өзінің адамын жіберіп өлтіртті. Қадырғали Жалайырдың айтуынша «Оның да атағы мен абыройы туралы көп айтылады. Алайда Хақназар хан өз араларында болған қақтығыстарда қаза болған».

Тәуекел хан кезеңі

Хақназардың мұрагері Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайған Шығай (1580-1582) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586-1598 хан болған) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұқар ханы Абдоллаға келді. Абдолла Шығайға ходжент қаласын сыйға тартып онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшеді.

1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды. Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тәуекел ханның бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уәдесінен бас тартады, екіншіден, біздің ойымызша, басты себеп – Абдолла Тәуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тәуекел ханнан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді. Өйткені кезінде бүкіл Мәуереннахрды Тәуекелдің көмегімен Шайбани мемлекетінің қол астына біріктірген болатын. Тәуекел хан да Жошы ұрпағы болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды.

Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш салады. Ендігі жерде ол Сыр бойындағы қалалар үшін Абдолламен күресті бастайды.

1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдолланың негізгі күштері Мәуереннахрдың солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тәуекел хан Мәуереннахрдың оңтүстік аймақтарына шабуыл жасайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына қауіп төндіреді. Бірақ Тәуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады.

Тәуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту барысында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын одақтастар іздеді.

1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Тәуекел ханның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру және 1588 жылы орыс әскерлері ұстап әкеткен өзінің немере інісі, Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді.

1595 жылы елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс патшасы Тәуекел ханға Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына алатынын» және «оқ ататын қару» жіберетінін уәде етті. Сонымен бірге мынадай талап қойды: «біздің патшалық қоластымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұқара патшасымен және бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар». Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға тәуелді болды. Сондықтан ол өзінің Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады.

1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Абдылмомын әкесіне қарсы шықты. Осы қырқысты пайдаланып, Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан болды. Осы орайды пайдаланған Тәуекел хан жүз мың әскермен Мәуераннахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды. Сөйтіп, ол өз мемлекетінің солтүстік-батыс шекарасындағы бейбіт жағдайды және Орта Азиядағы шайбанилықтардың алауыздығын, бұл әулеттің Аштарханилықтар- дың жаңа әулетімен ауыстырылғанын пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты тәмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нәтижесінде Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады.

Тәуекел Орта Азияға жорығында тек қарулы күшке емес, Орта Азия халықтарының белгілі бір әлеуметтік топтарына сүйенді. Атап айтқанда, Тәуекел ханды дін иелері қолдады. Сонымен бірге Ескендір Мұңшы Тәуекел әскерінің құрамында «Түркістан тайпаларының және қырдағы өзбектердің» жауынгерлері болғанын айтады. Жалпы, Шайбани ұрпақтарының өзара қақтығыстарынан шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тәуекел ханды қолдады десек қателеспейміз. Өйткені Шайбани тармағынан тараған Жошы ұрпақтарының өзі Мәуераннахрда Шайбани әулетін қазақ хандарының әулетімен алмастыруға ниет білдірген. Өкінішке орай, Мәуераннахр қазақ хандарының қолына толығымен көшпеді. Сөйтсе де, Ташкент және оның аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды.

Есім ханның тұсында Қазақ хандығы

Есім хан (1598-1628 (1645) ж.ж. билік құрған) Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел хан]ның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз -әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.

]]Есім хан]] билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.

Ойраттардың бір жағынан ЕмбіЖайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуығ екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хансаясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады.

Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды.

Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұлы таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асырудаЕсім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұлы жағына аунап түседі. Соның нәтижесінде онымен бірігіп, Уәли Мұхаммедті өлтірісіп, Иманқұлымен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлыға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді.

Бұл кезде Иманқұлының Есіммен соғысарлық шамасы жоқ еді. Сондықтан онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды.

Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді.

Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Түтпет келгенде, «Есім салған ескі жол» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылған. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланды.

Мұның өзі кейін Тәукенің әйгілі «Жеті жарғысына» негіз болып, қазақ халқының мәдени-рухани және салт-дәстүр қалыптарының төлтумалығын шыңдай түсуге ықпал етті. Жалпы көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты, Есім хан да тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған атақты ханның қайтыс болған жылы – 1645 жыл деген шындыққа келетін сияқты.

Есім хан дүние салған соң қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645-1652) отырды. Халық оны ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деп атанған. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды.

Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598-жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан - Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты.

Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді.Ол көп ұзамай тәуелсізхан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім ханТашкент қаласын орталық еткен тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал ТұрсынМұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты.

Есім хан Әбдірахимнің қызы Патша ханымға үйленді де, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахимге берді. Есім хан мен Тұрсын хан арасында күрес шиеленісе берді, 1627-жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді. Есім ханның феодалдық бытыраңқылықты жеңіп, қазақ хандығын біріктіру жолындағы күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған. Есім хан Ташкент қаласына білдіртпей түнде кіріп, хан сарайының күзетшілерін байлап тастап, тұрсын ханды қаперсіз ұйықтап жатқанда қапылыста өлтіреді, сонда Есім ханның қасындағы Төлеген (Марқасқа) жырау оны мынадай жырмен оятады:

«Ей, Қатаған хан Тұрсын!

Кім арамды ант ұрсын.

Жазықсыз елді жылатып,

Жер тәңірісің, жатырсың,

Хан емессің қасқырсың,

Қара албасты басқырсың!

Алтын тақта жатсаң да

Қазаң жетті қапылсың!

Еңсегей бойлы ер Есім,

Есігіңе келіп тұр,

Шашқалы тұр қаныңды,

Кешікпей содан қатарсың!»

Есім хан шошып оянған Тұрсын ханның басын алады.

«Бахыр әл асырардың» авторы Махмұд ибн Уәлидің айтуына қарағанда, Есім хан 1628-жылы қайтыс болған. Ал «Қазақ совет энциклопедиясының» мәліметіне қарағанда 1645-жылы қайтыс болған делінеді.

Тәуке хан кезеңі

1680 ж. Жәңгірдің баласы Тәуке (1680-1718) хан болды. Оның тұсында «Жеті жарғы» деген заңдар жинапы құрастырылды. Жеті жарғы көшпелілердің ел билеу заңы болып табылады. Оның негізгі баптарының мазмұны: қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адамға 1000 қой, әйелге 500); ұрлық, қарақшылық, зорлық-зомбылыққа өлім жазасы кесіледі, жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады; денеге зақым келтірсе, оған сәйкес құн төленеді (бас бармақ 100 қой, шынашақ 20 қой); егер әйел ерін өлтірсе өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екіқабат әйел жасаса жазадан босатылады); төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді; егер ері әйелін өлтірсе, әйел құнын төлейді.

Абылай ханның тұсында Қазақ хандығы

1742 жылы 20 тамызда Ор қаласында Ресей, жоңғар және қарақалпақ, қазақтардың Кіші, Орта және Ұлы жүздің өкілдері қатысқан келіссөз жүргізілді. Онда Ресей өкілі қазақ пен жоңғар арасындағы қақтығысқа байланысты уәж айтпақшы болды. Бірақ жоңғарлар оны тыңдаған жоқ. Олар орыс қамал-бекіністеріне, қазақ қоныстарына жақын жерде 20 мың әскер ұстап, қазақты мазалауын қоймады. Ендігі жерде қазақтар өз күшіне ғана сенуіне тура келді. Осы идеяны орнықтыруға Абылай хан зор күш жұмсады.

1711 жылы дүниеге келген Абылай Уәлиұлының бастапқы есімі Әбілмансұр болды. Ол жастай жетім қалды. 1731 жылы жоңғарлармен шайқаста көзге түсті.

Жоңғарияның ханы Қалдан Серен 1745 жылы өліп, оның мұрагерлері таққа таласты. Осы кезде оған Цинь империясы тиісе бастайды. Абылай осы сәтті пайдаланды. Ол сыр бойындағы қалаларды азат етуге кірісті. Ол бұл жорықта қазақ әскерлерін үш топқа бөлді. Оның бірінші тобын Қанжығалы Бөгенбай мен Үмбетей жырау басқарды. Бөгенбай басқарған 10 мың әскер Түркістанның солтүстік жағына, Созақ бекінісіне барып тиісуге тиіс еді.

Екінші қолды Жәнібек батыр басқарды. Оған Тәтіқара жырау қосылды. Олар Сырдың төменгі ағасына қарай кетті. Үшінші негізгі қолды Абылайдың өзі басқарды. Жорыққа қатысушылар Шиелі, Жаңақорған бойымен Түркістанның күнбатыс жағына қарай жылжыды. Бұл топта Қабанбай, Баян, Сырымбет, Малайсары, Жанұзақ болды.

Жоңғар әскерін басқарған Қалдан Сереннің ортаншы ұлы Цевен Доржи де өз әскерін үшке бөлді. Ол өзінің басты күшін Абылайға қарай бағыттады. Оның қару-мылтығы, түйе үстіне орнатқан 15 зеңбірегі бар еді. Қазақ жасақтары сойыл, шоқпар, садақпен қаруланды.

Цевен Доржи өзінің ауыр қолымен Абылай әскерлерінен бұрын келіп, Жаңақорғанға бекініп алды. Абылай Жаңақорған бекінісін алуды Қабанбайға тапсырды. Сырымбетті оң жақ қанатқа, Баянды әскердің сол жақ қанатына қойды. Олардың сыртынан үш мың қолы бар Малайсары, Оразымбет батырлардың әскерін топтастырды.

Бұл соғыс екі айға созылды. Қазақ әскерлері Жаңақорғанды, Шымкентті жаудан тазартты. Түркістанға дейін жетті. Бөгенбай басқарған әскерлер Созақ пен Сайрамды босатты. Батыр Баян Талас өзеніне дейін барды. Жәнібек батырдың әскерлері қарақалпақ жерін босатып, қалмақтарды Сырдың жоғарғы сапасына шегіндірді. Амалы таусылған Цевен Доржи Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр болды.

Келісім бойынша Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент қалалары Әбілмәмбеттің қарамағына өтті. Түркістан туралы мәселе кейінірек шешілетін болды. Абылой бұл жолғы жеңістерін жоңғар хандығының күйреуінің бастамасы деп есептеді. 1745 жылғы соғыс осымен бітті.[2]

Қазақ жерін қалмақтардан толық тазарту мақсатымен Абылай бастапан қазақ жасақтары 1750 жылы жауды жоңғар қақпасы маңында оңдырмай соққы берді.

1755 жылы жоңғарлар бірнеше ұсақ иеліктерге бөлініп кетті. Осыдан кейін 1758 жылы Жоңғар мемлекеті құлады. 1758 ж. Цинь қытайлары Шығыс Түркістандағы қазіргі Синь-Цзянь жерін басып алды. Цинь империясының батыс шекарасы қазақ жерімен шектесті. Қытайлар дүркін-дүркін шабуыл жасап қазақтарға тыным бермеді. Абылай келісімге келу туралы Пекинге адамдар жіберді. Сөйтіп, Қытаймен сауда, экономикалық қатынас орнату жолдарын іздестірді. Ол Ресеймен де қарым-қатынас орнатты.[3]

1771 жылы Әбілмәмбет хан өлгеннен кейін, Түркістанда Абылайды Орта жүздің ханы етіп сайлады. Бір жылдан кейін 1772 жылы вице-канцлер М.Л. Воронцовтың жарлығымен Абылайға арналып Есіл өзеніне таяу жерде Жаңғызтөбеге ағаш үй салынды. Абылай 1780 жылы мамыр айында Ташкентте 69 жасында қайтыс болды. Орнына Уәли сайланды.[4]

Қазақ халқының басқа тайпалармен күресі

Қазақ халқының ойраттарға қарсы күресі

Қазақ хандығындағы 1-азаматтық соғыс.

16 ғасырдың соңында ойраттар(қалмақтар) төрт тайпалық бірлестіктен тұрды. Олар Тарбағатайдан Шығысқа қарайғы өңірді алып жатқан торғауыттар, Ертістің жоғары ағысында қоныстанған дербеттер, қазіргі Дихуа қаласының маңындағы хошауыттар, Іле өзенінің жоғары жағындағы шоростар еді.

Қазақтар мен ойраттар арасындағы жайылым жер үшін күрес 15 ғасырда-ақ басталды. 16 ғ. соңында ойраттардың шағын бөлігі қазақ ханы Тәуекелге бағынды. 1635 ж. Хонтайшы Батурдың бастауымен Жоңғар хандығы құрылды. Қазақ-жоңғар қатынастары Батур хонтайшы (1634-1654) билік құрған кезде шиеленісе түсті. Онан кейінгі жоңғар хандары (Сенге, халдан) Оңтүстік қазақстанды, маңызды сауда жолдары өтетін қалаларды өздеріне қаратуға тырысты.

Қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресі

1718 жылы Тәуке хан қайтыс болып, орнына Болат хан болды. Оның кезінде қалмақтардың қазақ жеріне жорығы күшейді. Бұл жорықтардың табысты болуына шведтің артиилерия сержанты Иоганн Густав Ренаттың әсері күшті болды. 1709 жылы Полтава түбінде орыстардың қолына түскен Ренат Тобыл қаласына айдалды, осында Ертістің бойында Бухгольцтің экспедициясы құрамында Кереку қаласының маңында 1715 жылы қалмақтарға тұтқынға түседі. 1733 жылға дейін қалмақтардың қолында болды. Ол қалмақтарға зеңбірек құюды, баспахана жасап, әріп құюды үйретеді.

Жан-жақты әскери дайындығы бар жоңғарлар 1710-1711 жж. қазақ жеріне басып кіріп соғыс жүргізді. Олар 1717 жылы жазда Аякөз өзені жағасында қазақтардың 30 мың жасағын талқандады. Келесі жылы жоңғарлар қазақтарды Бөген, Шаян, Арыс өзендері бойында тағы да қырады.

Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама

1723 жылы ерте көктемде жоңғарлар қазақ жеріне тағы да соғысуға келді. Шуна Дабо деген қалмақ басқарған бұл шайқас екі бағытта жүруі тиіс еді. Бірінші бағыт Қаратауды басып өтіп, Шу мен талас өзендеріне шығу болса, екінші бағыт қазақтарға соққы беріп, Шыршық өзеніне жету болатын. Бұл жоспарды іске асыру үшін әскерлер жеті топқа бөлініп, оның бірі Жетісу Алатауының етегіндегі Балқаш көліне құятын төрт өзеннің бойына топтастырылды. Қалмақтың ірі қолбасшысы Амурсана басқарған 70 мың адамнан тұратын екінші бір тобы Іле өзені бойына, Кеген өзенінің солтүстік жағасына, Нарын өзенінің күншығыс жағынадғы Кетпен тауы баурайына орналасты.

Бейғам отырған қазақтар аямай қырылды. Жоңғарлар Жетісуды, Ұлы жүзді қырып-жойып, Ұлы жүз, Кіші жүз жеріне де жетті. Халық басы ауған жаққа шұбырды. Ұлы Жүз бен Орта Жүздің қазақтары Самарқан пен ходжентке қарай шұбырды. Кіші жүз қазағы хиуа мен Бұхараға ағылды. Босқындардың біразы Сырдың сол жағындағы Алакөл маңына топтасты. Халық бұл кезеңді «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атады. «Елім-ай» деген ән туды.

Халық ең соңында бірігудің қажеттігін түсінді. 1728 жылы Әбілхайыр бастапан Кіші жүз жасақтары, Тайлақ батыр, Саурық батыр бастапан әскерлер Ырғыз уезінің оңтүстік шығыс бетіндегі Бұланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қалмақтарға қарсы соққы берді.

1730 жылы көктемде Балқаш көлі маңында тағы соғыс басталды. Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, сияқты батырлар бастапан қазақ жасақтары жоңғарларға аяусыз соққы берді. Бұл жер кейін «Аңырақай» деп аталып кетті. Шуно Дабо бастапан қалмақтар Іле өзені бойымен шығысқа қарай қашуға мәжбүр болды. Қазақ жерін азат ету жолындағы соғысты жеңіспен аяқтау үшін Үш жүздің әскерлері Шымкентке таяу Ордабасы деген жерге жиналды. Қолбасшы болып Әбілхайыр мен Бөгенбай сайланды.

Осы тұста Тәуке ханның баласы Үлкен Орда иесі Болат хан қайтыс болды. Таққа талас басталды. Болат ханның інісі, Орта Жүздің ханы Сәмеке (Шахмұхамед) тақтан үміткер болды. Сондай-ақ қалмақты қыруда үлкен ерлік танытқан Кіші жүз ханы Әбілхайырда тақтан дәмеленді. Алайда аға хан болып Болаттың үшінші ұлы Әбілмәмбет сайланды. Әбілхайыр бұған наразы болып, майдан шебінен әскерін алып кетті. Сәмеке де Шу бойымен Бетпақдалаға қарай өз әскерін алып кетті. Жоңғарларға қарсы майдан әлсірей бастады. Ұлы Жүздің ханы Жолбарыс жоңғарлармен мәмлеге баруға мәжбүр болды.

Осы тұста әрбір жүздің ішінде феодалдың бытыраңқылық күшейді. Кіші жүз сұлтандары Батыр мен Нұралы (Әбілхайырдың баласы) өз алдына ел биледі. Сол сияқты Орта жүзде Күшік пен барақ сұлтандардың да өз иеліктері болды. Қазақ хандығының Бұхара, хиуамен қатынасы да нашар болды. Еділ өзені бойында қалмақтар мен башқұрттар Кіші Жүздің жеріне шабуыл жасап, үнемі қауіп туғызды.

Қазақ хандығының саяси-әлеуметтік жағдайы

Қазақтардың өзара саяси қарым-қатынасы

16 ғасырда қазақ хандығы солтүстікте құрылған Сібір хандығымен (орталығы Түмен) шектесті. 1563 жылы Шайбани әулеті мен Тайбұғы руы арасындағы ұзақ жылдар бойы жүргізілген күрестен кейін Сібір хандығы Шайбани әулеті Көшім ханның қолына көшті.

Сібір хандығының халқы түркі тілдес қырық рудан құрылған және угар тайпаларының жиынтығынан тұрды. Хандықтың негізгі халқы түркі тілдес «Сібір татарлары» деген атпен белгілі болды. Сібір хандығы Қазақстанмен саяси және сауда байланысын жасап тұрды.

1552 ж. Ресей Қазан қаласын жаулап алғаннан кейін, ол Сібір хандығымен көрші болып шықты. 1581 ж. Ермактың сібірге жорығы басталды. Көшім хан жеңілгенмен, Ермак жеңісті баянды ете алмады, ол 1584 ж,. қаза тапты. Бірақ Сібір хандығы да көтерілмеді. Сөйтіп ол 1598 жылы Ресей құрамына енді.

17 ғ. 2 ж. Қазақ хандығының жағдайы нашар болды. Өзара қырқысты пайдаланған жоңғарлар Жетісудың бір бөлігін басып алып осы аймақта көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұқара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастапан кезде, қазақ хандарының бірі Жәңгір Бұқар әміршісін жоңғарларға қарсы күресу үшін әскери одақ жасауға көндірді. Жәңгір жоңғарларға қарсы жорықта 1652 ж. қаза тапты. 17 ғ. 90-ж-да жоңғарлардың қазақ жеріне шабуылы бәсеңдеді. Бұл кезде қазақ хандығының нығаюы, қырғыздар мен қазақтар арасындағы одақ және оған қарақалпақтардың қосылуы күшті жүрді.

Қазақ хандығының саяси-әлеуметтік шағы

Феодалдық қанау көптеген салық түрін енгізді. Малшыдан зекет, егіншіден ұшыр жиналды. Ең жоғары басқарушы хандар болды. Олар тек Шыңғыс тұқымынан шықты. Феодалдық шартты жер иеленушілік, жерге меншіктің тұрақты түрлері, әсіресе Қазақстанның оңтүстік аудандарында, Сыр бойындағы қалалар аймағында қалыптасты. Олардың сойырғал, иқта, милк, вакуф сияқты түрлері болды. Ханнан тархандық құқық алып, сыйлық жерді иеленушілер онда тұратын егіншілерден, қолөнершілерден өз пайдасына салық жинады. Қазақ қоғамын әлеуметтік-таптық топтарға бөлу негізіне әл-ауқаттылық жағдайынан гөрі, әлеуметтік шығу тегі негізге алынды. Жоғары аристократтық топ ақсүйектерге Шыңғыс әулеттері хандар, сұлтандар, оғландар төрелер, қожалар жатты. Ал басқа халық әл-ауқатына қарамастан қара сүйекке жатқызылды.