$ 494.87  520.65  4.91

Алматылық қария сүт ішінен мүшеқап шыққанын айтып, шу шығарды

Сүт ішіндегі «сюрприз»! Алматылық 61 жастағы зейнеткер дүкеннен сатып алған пастерленген сүттің ішінен мүшеқап шыққанын айтып дабыл қақты. Сұмдық жағдайдан шошынып қалған Қизат Унаева еліміздегі білдей зауыттың осы өнімін 1 жылдан астам уақыт қолданып келген екен. Енді қарапайым сүт қатқан шай ішуден қорқып қалған ол, құзырлы мекемеге арыз түсірген деп хабарлайды КТК арнасы.

Бірақ өндіруші компания өкілдері толықтай автоматтандырылған зауыт өнімінен мүшеқап табылуы ақылға қонбайды дейді.  

«Сүтті ашсам ішінен мүшеқап шықты. Масқара ғой бұл», - деген Қизат Унаева дүкен сөресіндегі пастерленген сүтті екі күн бұрын сатып алғанын айтады.

Алайда үйге келісімен тетрапакеттің аузын ашқан зейнеткер ішінде қалқып жүрген мүшеқапты көреді.

«Жартысын банкіге құйғаннан кейін ақпай қалды. Қайшымен кескен жерін жыртып жібердім. Сол кезде мүшеқап шықты ішінен. Бәріміз шай ішеміз. Сонда біз не ішіп жүрміз? Менің осыны қолданғаныма бір жылдан асты. Бұның алдында не болғанын қайдан білеміз?», - дейді алматылық қария.

Халал таңбасы белгіленген сүттің ішіндегі тосынсыйдан есеңгіреген зейнеткер дүкенге қайта жүгіреді.

Асып-сасқан сатушылар бірден өндіруші компания өкілдерімен телефон арқылы тілдестіріпті. Бірақ тұтқаны көтергендер кінәні шағымданушының өзіне арта салған көрінеді.

«Мүмкін ол кісінің өзі ішіне салып қойған шығар дейді. Мен осындай жасқа келгенде, сол маған керек пе? Осындай шу кімге керек?

Мынаны ашпай, сүтті қолдансам не болады? Мүмкін ішіндегі ауру нәрсе? Ойлаңызшы, сұмдық нәрсе ғой», - дейді Қизат Унаева.

Алайда, сүт өндіруші зауыт өкілдері алматылық тұрғынның іс-әрекеті шындыққа жанаспайды дегенді алға тартуда.

Олардың мәлемтінше, автоматтандырылған жүйеде ондай олқылық кету мүмкін емес. 

Ал адал асты «арамдағандармен» ақырына дейін күресуге бел буған алматылық зейнтекер құзырлы орындарға шағым түсіріп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары