17.06.2019, 17:15

Тексерушілер өңірлерге жол жүргенде бөлінген қаражаттан тиынды да жұмсамауға айла табады – Шпекбаев

Фото: Elorda Aqparat
Сонымен қатар, күтіп алушылардың бұл әрекеттері басшылыққа көрсетілетін құрмет деп білетіні оны таң қалдырған екен.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өзінің Facebook-парақшасында мемлекеттік қызметкерлердің іссапарлары туралы мәлімдеме жасады.

«Өзімнің жаңа саладағы алғашқы постымда мемлекеттік аппараттағы келеңсіз құбылыстардың бірі - ел ішіндегі іссапарлар барысындағы қызметшілердің теріс қылықтары және отырыс, алым-салық, дастархан жаю және тарту жасау қоса жүретін тамыр жайған, төмен құрылымдарды жаппай тексерулерге назар аудартқым келеді», - дейді Алик Шпекбаев.

Әрбір іссапарға шығатын тексеруші қызметкерлер үшін тиісті қаражат берілетінін атап өткен Алик Шпекбаев, сол тексерушілерге облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі қызметшілердің шағымдарының көп екендігін атап өтті.

«Тексерушілер өңірлерге жол жүргенде бөлінген қаражаттан тиынды да жұмсамауға айла табады. Жақсы қонақ үй нөмірі, ең жақсы мейрамханаларда тұздалған қияры бар кешкі ас, қымбат сыйлықтар, монша және аң аулау - осының барлығы тексерілетін әріптестерінің жеке ақшасының есебінен. Бақылаушылардың тәбетін біле тұра, жергілікті басшылар тексерушіні қарсы алу үшін бизнесмендерге көмек сұрап жүгінеді. Мұндай көмек ешқашан тегін болмайды және әрі қарай шенеунік тарапынан ерекше қамқорлыққа бөленеді. Мұның бәрі қалай аяқталатындығын еске салудың қажеті жоқ деп ойлаймын», - деп жазды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.

Сондай-ақ, Алик Шпекбаев аймақтағы қызметкерлердің елорда мен облыс орталығынан келетін қонақтарды ерекше күтіп алуы дәстүрлі үрдіске айналғанын атап өтті.

Сонымен қатар, күтіп алушылардың бұл әрекеттері басшылыққа көрсетілетін құрмет деп білетіні оны таң қалдырған екен.

Бұдан бөлек, бұндай іс-әрекеттерді қолдаушылар жұмыстан босатып қоймай, бас бостандығынан айырылатынын ескертті.

«Бұл жұмысты сапалы жүзеге асыруда азаматтық қоғам институттары маңызды рөл атқарады. Барлық қоғам белсенділері мен немқұрайлы қарамайтын азаматтарды осындай фактілерге мұқият назар аудара отырып, бізді кез келген ыңғайлы тәсілмен: менің электронды поштама жазбаша түрде жүгіну alik.shpekbaev@gmail.com, әлеуметтік желілерде хабарлаумен немесе Агенттіктің 1424 колл-орталығына қоңырау шалып, хабардар етуге шақырамын», - деп қорытындылады сөзін Алик Шпекбаев.