22.12.2015, 04:42

2016 жылы баспана бағасы қалай өзгереді?

Шикізаттық дағдарыс республиканың жылжымайтын мүлік нарығын да айналып өткен жоқ. Сапаршылардың мәліметінше, келер жылдың көктемінде елдегі тұрғын үй бағасы 20-30 пайызға дейін арзандамақ. Отандық валютаның девальвация көрсеткішін ескере отырып, баспана бағасы 50 пайызға дейін құлдырап кетуі ықтимал деген болжамды алға тартатындар да бар. Төмендегі факторлар 2016 жылы жылжымайтын мүлік бағасының өзгеруіне тікелей әсер етпек.

Сауданың бәсеңдеуі

Теңгенің тоқтаусыз девальвациялануы нарықтағы жылжымайтын мүлік бағасын да бір орынға қоймай отыр. Девальвацияның келесі жылы да жалғаса беруі мүмкін екенін ескерсек, алдағы жарты жылда нарықта нақты бір бағаның бекітілуі екіталай. Бағаның тұрақталуын күткен халық қазір сауда келісімшартын жасауға құлықсыз. Сұраныстың төмендігі баспана бағасының арзандауына жол ашпақ.

Банктер тұтынушыларынан айырылуда

Әдетте, ипотека рәсімдеген азаматтардың банкпен арадағы келісімшарты бойынша, несиелендіру мерзімі 15 жыл болса, бір реттік алғашқы салымның минималды көлемі 20%, ал жылдық пайыздық үстемақысының орташа көрсеткіші 17% шамасында. Аталған көрсеткіштердің жоғарылығы мен банктердің несиелендіруіндегі талаптардың күшейтілуі баспана саудасын 2% бәсеңдеткен.Соңғы бес жылда бірінші рет биыл ипотекалық несиелендіру көлемі төмендеп, ағымдағы жылдың 9 айы қорытындысы бойынша, екінші деңгейлі банктердің жиынтық несиелік портфелі 0.3%-ға азайған. Басты себеп нарықтағы баспананы сатып алуға халықтың қауқарсыздығы. Бұл да баспана бағасының төмендеуіне бір алғышарт.

Сұраныс ұсыныстан жоғары

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2003-2014 жылдары республика бойынша 69 млн 911 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Соның ішінде Алматы қаласында салынған үйлердің жалпы ауданы 8,5 млн шаршы метр болса, Астанада бұл көрсеткіш 12,723 млн шаршы метрді құрайды. Ал 2015 жылы баспана құрылысынан республика рекордтық көрсеткішке жетіп, 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Дегенмен, әлі де болса сұраныс ұсыныстан анағұрлым жоғары болып тұр. Ranking.kz сараптамалық қызметінің зерттеуіне сүйенсек, адам басына шаққанда республикадағы баспана көлемі 19.8 шаршы метрді құрайды. Ең жоғарғы көрсеткіш Астана (25.1) мен Алматы (23.3) қалалары. Ал БҰҰ талаптарына сай, кісі басына шаққанда баспана көлемі кемінде 30 шаршы метрді болуы тиіс. 

Мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынып жатқан үйлердің жақын уақытта халық қажеттілігін қанағаттандыра қоймайтыны анық. Демек нарықтағы баспана бағасы әлі де болса өз құнын бермек емес. Онымен қоса, сыртқы нарықта доллармен жұмыс істейтін құрылыс компаниялары құрылыс шығындарын толтыру үшін бағаны қолдан ұстап тұруы ықтимал. Нәтижесінде нарықтағы баланс заңдылығына сәйкес, теңгемен саудаланатын баспаналар да қымбаттай түспек. 

Тіпті доллармен шаққанда 20-30 пайыз арзандағанның өзінде баспананың теңгемен есептегендегі бағасы керісінше 35-50 пайызға қымбаттайды. 2007-2009 жылдары дағдарыс кезінде дәл осылай доллармен арзандаған баға 2009 жылы қайта өсе бастады. Нәтижесінде баспана бағасы девальвация есебінен бір қымбаттаса, дағдарыстан шыққаннан кейін тағы бір қымбаттады.

Бауыржан Мұқанов