13.01.2016, 11:11

Абылай ханнан қызыл комиссар Сүтішев артық болып тұр

Қызылжарда Сүтішевтің атындағы үлкен көше бар. «Сүтішев» десеңіз таксистер түсінбейді, баратын мекен-жайыңызды «Сутюшев» деп түзеуіңізге тура келеді. Қаланың ең әдемі ауданында. Абылай ханның қайта қалпына келтірілген резиденциясы осы көшенің бойында орналасқан. «Мағжанмен» қиылысады, «Сәбит Мұқановқа» параллель орналасқан.

Сүтішев деген кім? Сүтішев ақ пен қызыл болып қырқысқан кезеңде атағы дүркіреген командир көрінеді. Ұлты – татар. Қызылжарда орыс ұлысы ғана емес, татарлар да көп шоғырланған. 

Халық арасында Абылай ханның ақ үйі аталып кеткен ғимарат сонау 1765 жылы салыныпты. Сүтішевтің бойындағы көрікті ғимарат анадайдан менмұндалап көзге шалынады.  

Негізі, Петропавлдың іргетасын қалауға басқа емес, Абылай ханның тікелей қатысы бар. 1759 жылы осы төңіректе Жәрмеңке ашқызған. Атақты Қызылжар жәрмеңкесіне Ташкент пен Бұқарадан, Құлжадан сауда керуендері ағылып келген екен. Соның арқасында осы жерге халық шоғырланып, қала болып қалыптасқан. 

Төңкеріске дейін Абылай ханның ақ үйі орналасқан көше Керуен деп аталыпты. Қызылдардың қолына билік тиген кейінгі жылдары Кәрім Сүтішев болып өзгерген. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асса да, Сүтішевке ешкімнің әлі келер емес. Тіпті, үш жүздік басын қосқан хан Абылайдың да дәрмені жетпей тұр. Бірнеше жыл бұрын Абылай ханның 300 жылдығына орай, Сүтішев көшесінің атын ауыстыру туралы мәселе көтерілген. Алайда, көп ұзамай саябырсып, нәтижесіз аяқталды. 

Кәрім Сүтішевтің Қызылжарға сіңірген үлесі қомақты шығар, әрине. Алайда, қазақ үшін Абылай ханның қасында қызыл комиссар кім еді?! 

Нұртөре САМАРҚАН