21.01.2016, 10:53

Астанада көшесі бар Сембинов кім?

Астанадағы біз білетін «Сембинов» көшесі сонау Целиноград заманынан бері бар. Даңғыл болмаса да, тай шаптырым жерге созылып жатқан әжептәуір ұзын көше. «Имановтан» басталып, «Кенесары ханды», «Баянауылды», «Дулатиды», «Сейфуллинді» қиып өтіп, «Жиенқұловамен» тұйықталады.

Жергілікті халық көшені білгенімен, Сембинов дегеннің кім екенін біле ме?!

– Қазақ-түрік лицейі сол көшеге жақын екенін білемін. Сембиновтің кім екенінен бейхабармын. Астанаға 1998 жылы оқуға келгенмін, Сембинов көшесі, әйтеуір, содан бері бар,– деді Амангелді есімді бір жігіт.

«Бұрын «Сембиновте» пәтер снимать еткен» бір қарындасымыз да көшенің аты кімге, не үшін берілгенінен бейхабар екен.

«Сұңқар» қонақүйінің кіреберісінде тұрған еңгезердей жігіт те «Білмедім, бауырымнан» артық жауап бере алмады. Аялмадама тұрған оқушылардан сұрастырсақ, «Берлинді мен алған жоқпын...» деген кейіпке еніп кете жаздады.

Жоқ, Сембиновті білмеді деп біреу-міреуді жазғырғалы отырған жоқпыз. Шыны керек, ол туралы біздің өзіміз кездейсоқ естідік. Басшылықтан пәрмен түскен соң ғана, іздестіре бастағанбыз. Сөйтсек, біз іздеген Сембинов Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, «Даңқ» орденінің толық кавалері Әлмұқан Оспанұлы Сембинов болып шықты. Ұлы Жеңіске 70 жыл толар тұста жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан қаһарман жерлесімізді халыққа таныстырғанды жөн көрдік.

Әлмұқан Сембинов 1924 жылы Ақмола ауданы Жаңабірлік ауылында дүниеге келіпті. Жасы 18-ге енді толған түбітмұрт бозбала 1942 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, қан майданға аттанып кете барған. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі» дегенді Әлмұқан Оспановқа қатысты айтсақ жарасады. Әлмұқан сол жылы 1210-атқыштар полкының барлаушылар взводына қосылып, соғыстың соңына дейін алғы шепте болған.

1944 жылдың жазында Беларусь жерінде Днепр өзенінен алғашқылардың бірі болып кесіп өтіп, Быхов қаласына басып кірген. Қаланы азат ету үшін болған ұрыста ерен ерлігімен көзге түскен. Барлау тапсырмаларын мүлтіксіз орындаған, бірнеше рет маңызды «тіл» әкелу жорықтарына қатысқан аға сержант Әлмұқан Сембинов ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. «Қызыл Жұлдыз» орденін иеленеді.

1945 жылдың сәуір айында Әлмұқан Сембинов өзіне берілген бөлімшемен жау тылына аттанды. Одер өзенінің жағасындағы Мюльроз қаласының маңында жау штабының машинесіне тұтқиылдан тиісіп, 2 немісті жер жастандырып, 1 офицерді тірілей қолға түсірді. Сол жылы сәуірде Шеспцинг елдімекенінде тағы бір бронды көлікті отқа орап, үш бірдей дұшпанды тұтқынға алды. Серіктерінің тұтқындарды алып шегініп кетуіне жағдай жасап, жауды бөгеу үшін кейіндеп қалған Әлмұқан жалғыз өзі он шақты дұшпанның көзін жояды. Осы жорықта көрсеткен ерлігі үшін Әлмұқан Сембинов ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Әлмұқан ұрыс кезінде бірнеше рет жеңіл жараланса да, алғы шептен кеткен жоқ. Көптен күткен Жеңіс күнін де қаруластарымен бірге қарсы алды. Неміс-фашист басқыншыларымен соғыста көрсеткен ерліктері үшін қызыл әскер Әлмұқан Сембинов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылдың 15 мамырындағы Жарлығымен І дәрежелі «Даңқ» орденін кеудесіне қадады. Осылайша, жиырма бес жасында «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. Сөйтіп, Кеңес Одағының батыры атағымен бірдей дәрежеге ие болады.

Соғыс өрті тыншығаннан кейін Әлмұқан Сембинов өзі туып-өскен қалаға оралды. Қан майданның салмағы еңселерін езген тылдағы қарапайым халықпен бірге жанын аямай еңбек етті. Еті тірі азамат 1951 жылы Абай атындағы Алматы педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша тәмамдады. Целиноградта жаңадан ашылған Құрылыс техникумының ең

алғашқы директоры болды, партиялық жұмыстарды атқарды. Жеңіс күнін жақындату үшін басын бәйгеге тіккен батыр бейбіт күннің қызығын көріп, 1972 жылы тым ерте өмірден озды.

Екінші дүниежүзілік соғыста 142 қазақстандық «Даңқ» орденінің толық кавалері атаныпты. Олардың қатарында біздің кейіпкеріміз бар екенін жоғарыда атап өттік. Өкінішке қарай, қан майданда қаһармандық көрсеткен жерлестеріміздің басым көпшілігін бүгінгі ұрпақ тани бермейді. «Сембинов» көшесі кімнің құрметіне қойылғаны туралы қарапайым елорда тұрғындарының басым көпшілігі бейхабар болуы осының бір мысалы ғана. Олай болса, неге отан үшін оларсақтан қан кешкен аталардың есімін елге танытпасқа?! Ол үшін көп жұмыс, қыруар қаржының да қажеті жоқ. Ең бастысы, ниет қана. Мәселен, біз «Ә.Сембинов» көшесінің бойына батырдың құрметіне естелік тақта қойылу керек деп есептейміз. Тақтаға Әлмұқан Оспанұлының суреті мен ол туралы мәліметтер жазып қойса, елордалықтар «Даңқ» орденінің толық кавалері болған даңқты жерлестері туралы білер еді.

Екінші жаһандық соғыс алыстаған сайын, ел қорғаған батырлардың бейнесі асқақтай беру керектігі туралы жиі айтамыз. Есіміне көше берілген Сембиновтердің кім екенін, қандай еңбегі сіңгенін елордалықтарға жеткізсек, батырдың рухын биіктетудің бір үлгісі осы болар еді.

Айзере САМАРҚАН