Қайырымдылық жасау үшін бай болуы міндет емес, жүректе мейірім болса, жетіп жатыр. Қарсы алдынан мұқтаж жан шықса, шын мейірімді жан қалтасындағы соңғы тиынын беріп кете салады. Тіпті үстіндегі киімін шешіп беруі де ғажап емес. Және олар «мен бердім» деп айтпайды да көбіне. Үндемей жүріп істейді, көпшілік тек нәтижесін көреді. Мысалы, кейінгі кездері Алматы, Астана көшелерінде ағашқа нан іліп кететіндер пайда болыпты. Жо-жоқ, олар мастанып, нанды талаға тастағандар емес. Себебі қалташадағы нанның жанында «дүкеннен жаңа сатып алынған» деген жазу ілулі тұрады. Яғни, бұл нан таппай жүрген мұқтаж жандарға әдейі әзірленген «тосынсый»...
Оны кім іліп кеткенін білмейміз, бірақ ниетінің қандай екені айтпаса да түсінікті. Шын аштықтың қандай болатынын білмейміз, бірақ 1931-32 жылғы ашаршылықты бастан өткерген ата-әжелеріміз өле-өлгенше нанның қиқымы жерге түсіп кетсе, теріп алып, торғайларға тастайтын, тіпті жеп қоятын. Сосын ол кісілер көршісінің аш қалмауын да үнемі қадағалап, соғымға шақыру өз алдына, кәдімгі күнделікті тіршілік барысында көптеу етіп ас пісірсе, көршінің сыбағасын апарып беретін. Ауылда бәлкім бұл үрдіс бар шығар, бірақ қалада... Ал енді мүлдем танымайтын, бірақ көмекке мұқтаж адамдарға қарайласу – нағыз қайырымдылық.
Балалар үйіндегі той...
Жалпы, қазір жақсы адамдар көп. Олар жасап жатқан жақсылықтың түрлері де сан алуан. Жетімнің басынан сипап, жесірдің көз жасын құрғатуға тырысып жатқандар еліміздің әр түкпірінде жүр. Оларға ешкім «сендер өйтіңдер» деп жатқан жоқ, өздері қолдары қалт еткен сәтте азын-аулақ сыйлықтарын алып балалар үйіне қарай тартып отырады. Мәселе қымбат сыйлықты үйіп-төгіп тастап кету емес, балаларға да оның қажеті шамалы. Оларды үкімет тамақ, киім-кешек, бәрімен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ ата-ана, аға, әпкенің орны бәрібір ойсырап тұрады. Себебі тәрбиеші, ұстаз – олардың бәріне ортақ, ал әр бала жеке өзі біреуге «аға», «әпке», «ана» деп айтқысы келеді. Бала боп еркелегісі келеді. Міне, жетім балалар үйіне баратындардың ең басты мақсаты соларды өз бауырына тартып, басынан сипа, еркелетіп, ойнату. Яғни, өзінің бойындағы мейірімі мен жылуын атты жігіт мұқтаж жандарға беру. Тіпті таяуда Шымкентте жас жұбайлар өз тойларын балалар үйінде өткізіп, көпшілікті тәнті қылды. Той алдындағы қыдыру жоралғысын жетімдер үйінде өткізуді шаңырақ көтеруші Мейірман Сауранбек бұрыннан ойлап жүрген екен. «Кортежге ақша шығарғанша, асаба жалдап, балалар үйінде дастархан жайғаным дұрыс қой» деген ойын алғаш достарына айтқанда, олардың арасында күле қарағандары, тіпті әзіл деп қабылдағандары болыпты. Тіпті, келіншегі Сәния да алғашында лимузинмен қыдыруда қаласа да, жас күйеуінің ақылынан соң райынан қайтып келісім берген. Ал балалар болса, ақ көйлекті келіншектің айналасынан үйіріліп шықпай, әрқайсысы жеке-жеке билеп, сөзбен айтып жеткізгісіз қуанышқа бөленсе керек. «Оны көріп, өзіміздің де көзімізге жас келді»– дейді күйеу жігіт.
Жақсылық жасауды сәнге айналдырған жастар
Бір мұқтаж жолықса «и, осылар да бір, аулақ жүріңдерші» деп жекіп тастайтындар бар. «Арамтамақ, бұлар әбден дәнігіп алған, біз еңбек етіп ақша табуымыз керек, ал бұлар түк істемей, «салық» жинап күн көреді, ұялмай ма?» деген небір адамдарды көргенмін. Көбісі тотыдайын таранған сұлу бикештер мен сұңқардайын сыланған сырбаз жігіттер. «Адам аласы ішінде» дейтіні сол ғой. Бірақ мұндайлардан гөрі нағыз жаны жайсаң жандарды мен өз басым көп көремін. Бай болып, жұртты жарылқаушылардың жөні бір бөлек, ал енді ештеңесі жоқ бола тұра, жұртқа көмектесуге келгенде соңғы тиынын беретіндердікі тіпті жан тебірентерлік. Себебі олар біреуге көмектесуге өзінің ең құндысы – уақыты мен күш жігерін берушілер ғой. Алматы, Астанада ғана емес, қазір жақсылық жасауды хоббиға айналдырғандар еліміздің түкпір-түпірінен бой көрсетуде. Мысалы Талғарда бір топ жас "Соқырлар үйіне" қысы-жазы азық түлік жеткізіп беруді өз мойнына алса, Атырауда да жұрт жұмысы өз ісін ысырып тасап, кірісіп кететін бір топ жас көп балалы аналарға азық-түлік тасып, хал үстінде жатқандарды ажал аузынан арашалап қалуға асығады екен. «Қазір бәрі ақылы, ендеше бұлар ақшаны қайдан алады?» десек, олар қолөнер жәрмеңкесін ұйымдастырып, тәттілер, тіпті шар сату сияқты қаржы түсімінің түрлі әдістерін тауып та қойыпты.
Әлеуметтік желіде өткенде «қоғамдық тоңазытқыштың» суреті тарады. Әзірге Сауд Арабиясында ғана бар ол тоңазытқышқа кейбіреу өзінен артылған ас-ауқатты қойып кетсе, мұқтаждар сол жерден керегін алып ішіп, жейді. Сол сияқты Түркияда да «қоғамдық ілгіш» пайда болыпты. Яғни, артық-ауыс киіміңіз болса сол жерге іліп кетесіз, ал керек еткен жандар сол жерден киіп кетеді. Кім бастаса да, көзге жас үйірерлік ізгі бастама.
«Сатушы» қарттарды қуанту
Бүгінде әлеуметтік желілерде бір жақсы бастама қолға алынып жатыр. «Кеше келе жатып, қарапайым «қазотын» саудалаған әжейді көрдім. Арнайы бұрылып, бірнеше талын сатып алдым. Маған мұндай гүлдің ешқандай қажеті жоқ еді, бірақ әжейдің көшеде қол жайып, қайыр сұрамай, адал еңбектен нәпақа табуға тырысқаны қатты ұнады. Адамдар, мен сіздерге де қазотының «керек екенін» ішім сезеді. Қайырымды болыңыздаршы!» деп жазды өткенде біреу өз парақшасына. Жалғыз «қазотын» емес, жүн шұлық, құмарыдағы гүл немесе өз қолымен өсіріп-баптаған көкөністер мен жемістерінен жасалған тосап, тұздалған қияр, т.б өнімдерін сатып тұрған ата-әжелер көп қой. Бұл бастаманың мақсаты – белі бүкшиген қарттарды көшеде тұрғызбау. Сол үшін олардың сатып тұрған заттарын керек болмаса да, сатып алуға шақырады. Себебі қарттар саудагерлер сияқты пайда табуды көздемейді, олар ай сайын алатын зейнетақысы жетпейтіндіктен, қосымша осылай күнелтуге мәжбүр. Және бұл қайыр тілеу емес, өз еңбегімен нан табуға тырысу. Егер балалары жақсы табыс тауып, одан бұрын ата-аналарына қайырымды болса, мүмкін олар көшеде ұсақ-түйек сатып тұрмаушы ма еді... Бірақ, кім білсін, «саудагер» қарттардың балалары жоқ шығар... Ендеше, ешкіммен санаспай-ақ, біз қоғам боп осындай бастама көтерсек, онда қарияларды қуантуға теңіздің тамшысындай болса да үлес қосады екенбіз.
Жалпы, жақсылық жасаған боп көрінетіндер мен шын жақсылық жасайтындардың арасы жер мен көктей. Мұқтаж жанды көрсек, «бейшара-ай» деп оған мүсіркей қарап, өтіп кеткеннен пайда жоқ. Одан да... несін айта берейік, жақсылық жасағысы келген адам, бір ретін табады...
Мәриям Әбсаттар