Журналист Марат Тоқашбаевтың айтуынша, 20 наурызда өткен Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау науқанын тыныш өткізу үшін Үкімет пен Ұлттық банк валюта интервенциясын жүргізіп, санаулы күндер ішінде 1 миллиард 236 миллион теңгені жай ғана «желге шашқан». Бұл туралы ол өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.
Естеріңізде болса, 2015 жылғы девальвацияға дейін Үкіметтің 20 миллиардтан астам долларды валюта интервенциясына жұмсағаны белгілі болған еді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында айтты. Тіпті, осы девальвациядан кейін де Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін миллиондаған долларды желге шашуын тоқтатқан жоқ. Бірақ, одан тұрақталған теңгені көрмедік. Ал, кешегі 20 наурызда өткен сайлауда халықтың көңіл-күйін бағу үшін бір ғана айда 1 миллиард 236 миллион доллар сатып алынған көрінеді.
«Үстіміздегі жылғы 20 наурызда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауының қарсаңы мен сайлаудан кейінгі аз уақытта валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтай тұру үшін Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банк 1 миллиард 236 миллион доллар қаражат жұмсаған! Естеріңізде болар, "Ұлттық банк өткен жылы валюта бағамын реттеуге енді араласпайды, теңге еркін жүзуге жіберіледі" делінген болатын. Ол көз алдау болып шықты. Ұлттық банк "саяси тапсырыстарды" орындай береді екен. Қаңтардағы валюталық интервенция 57 миллион 700 мың, ақпанда 474 миллион 400 мың болса, сайлау науқаны кезде электоратты тыныштандыру, "ши шығармау" саясатымен наурыз айында 1 миллиард 236 миллион доллар сатып алынған. Ұлттық қорды осылай "желге" шашу жалғаса беруі мүмкін емес. Енді алдымызда естен тандыратын тағы бір ДЕВАЛЬВАЦИЯ тұрғаны анық!» деп жазады журналист Марат Тоқашбаев.
Жалпы, елде қаржылық дағдарыс болып жатқан кезде Парламент сайлауын өткізу туралы бастама халық тарапынан үлкен қолдау таба қойған жоқ. Мұны әлеуметтік желілердегі жазбалардан оңай аңғаруға болады. Дей тұра, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанға халықтың 84 пайыздайы қатысқанын мәлімдеп, сүйінші сұрады.
Ал, сайлаудан кейін жаңа депутаттардың Астанадағы «бес жұлдызды» Бейжің сарайы қонақ үйіне орналасуы қазақстандықтардың одан сайын ызасын туғызды.