$ 498.34  519.72  4.85

Кәсіпкер: «Жер жалға берілмесін, бізге феодалдар керек емес» (ВИДЕО)

Атыраулық кәсіпкер Арман Хайруллин ауылшаруашылық жерлерінің жалға беріліп, сатылуына қарсылығын білдірді. Ол жер телімдерін бүлдірушілерге емес, дамыған Батыс елдерінің мамандарына беру керек деп есептейді. Жас азамат бұған дейін Атырау қаласында өткен митингке қатысып, депутаттардың халықтан тым алыстап кеткенін де айтқан болатын.

Арман Хайрулиннің пікірінше, қазақстандықтар өз жерін өздері игере алады, тек үкімет оған мүмкіндік берсе болғаны. Ол үшін қазіргі Жер кодексіндегідей жерді шетелдіктерге 25 жылға емес, 2-3 жылға ғана беру керек дейді ол.

«Голландиядан биотехнологтарды, Австралиядан мал селекционерлерін, Италиядан қатты сорт бидайшыларды, Франциядан жүзім мамандарын, Израильден құрғақты көктетуші фермерлерді шақыртып, солардан үйренейік. Үкімет олармен 2-3 жылға келісім жасап, елге алдыртсын дейік. Инфрақұрылымын жасап берсін. АҚШ пен Еуропада органикалық жер өңдеу мықты дамыған. Тіпті, штаттарда ғалымдар жерді құнарландыратын калифорниялық тез көбейгіш қызыл құрттың жаңа түрін шығарды. Ресейде оның біздің климатқа арналған "старатель" деген түрі бар. Шынында ол - жердің ішек-қарыны, жұмыс жасаушы. Жапонияда пайдалы микроорганизмдер өнімнің 2-3 есе көп болуына әсер етеді. Кезінде мен бұл тақырыпқа қызығып, тереңірек зерттегенмін. Кеңес заманында целинаны экстенсивті жолмен қорлады деп зар саламыз. Жер эррозиясына жол бермеуіміз қажет. Жер - тірі организм. Оны өлтіруші технологияны маңына жолатпауымыз қажет. Қазақстан аграрлы державаға айнала алады. Елбасы, Парламент ең асылды тек халқымызға бергей», - дейді кәсіпкер.

Естеріңізе салайық, апта басынан бері алдымен Атырауда, кейін Ақтөбе мен Семейде, ал бүгін Ақтауда халықтың наразылық митингтері өтті. Ел тұрғындарының басым көпшілігі ауылшаруашылық жерлерінің аукцион арқылы сатылуына және шетелдіктерге 25 жылға жалға берілуіне қарсы. Әсіресе, жерге түрлі химикаттар сеуіп, құнарсыздандыратын қытайлық шаруаларды жолатуға болмайды дейді халық. Үкімет болса Жер кодексіндегі аталған заң әлі күшіне енбей жатып (2016 жылдың 1 шілдесінен бастап), қытайлық ірі инвесторлармен келісімдер жасасып қойған.

Ал, 10 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан атыраулық Арман Хайруллин болса Атыраудағы митингтен кейін үкіметке бейнежолдау әзірлеп, жер сатуды тоқтатуға шақырған еді.

ФОТО Арман Хайруллиннің Facebook-парақшасынан алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары