ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл да киіктердің жаппай қырылуы қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл жайында ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап Tengrinews.kz хабарлады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, ҚР АШМ 2016 жылдың 18 сәуірінен бастап Қазақстан биоалуандығын сақтау қауымдастығымен және "Қазавиаспас" АҚ-мен бірігіп, Бетпақдала, Орал және Үстірт аймақтарын әуеден бақылауға кіріскен. Мұнда мамандар киіктердің көшін және көбею процесін зерттейтін болады.
Бүгінде жануарларды қорғау мақсатында, Ырғыз-Торғай мен "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерваттарының инспекторлары киіктер көшетін аймақтарда топ-топқа бөлініп жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ақбөкендердің оралдық популяциясын сақтау үшін Орал қаласында "Охотзоопром" ӨБ-нің филиалы ашылған. Ал, Бетпақдала популяциясын қорғауға Ақтөбе мен Астан қалаларындағы филиал мамандары жұмылдырылды.
Жануарларды браконьерлерден қорғау мақсатында "Охотзоопром" 6 мобильді топ құрған. Олар тәжірибелі инспекторлардан құралған, әр топ жол талғамайтын көліктермен жабдықталған. Аталған топ былтыр браконьерліктің 107 фактісін анықтапты.
Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі болса киіктер биыл да қырылып қалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өйткені, былтырғы жұттың неден келгенін мамандар әлі нақты анықтамаған. Табиғи апатты зерттеу үшін Ұлыбритания мен Германиядан келген ғалымдар да нақты бір тоқтамға келе алмапты.
Бұған дейін ҚР АШМ мен ҚР БҒМ ақбөкендердің пастереллезден қырылғандығын айтқан болатын. Дегенмен, осынау жұқпалы кеселдің қандай жолмен Бетпақдалада пайда болғаны, қалай дамығаны туралы әлі белгісіз.