Күні кеше ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер дауына себепкер болған бірнеше шенеунікті қатаң жазалаған болатын. ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев пен оның орынбасары Қайырбек Өскенбаев қызметтен кетсе, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков сөгіс алды. Дегенмен, Асылжан Сарыбайұлының ұяты жібермеді ме, әлде бұйрық солай болды ма, араға бірер күн салып ол да отставкаға кетті. Ал, бүкіл үкіметті басқарып, осынау былықтың орын алуына жол берген премьер-министр Кәрім Мәсімов болса әдеттегідей сүттен ақ, судан таза.
Мәсімовтің не құдыреті бар екені белгісіз, әйтеуір үнемі жазадан жалтарып қалады. Оны жазалау былай тұрсын, Қажымқанның ұлы Елбасының да, Парламенттің де ерекше шарапатына бөленгендей. Үкіметте қанша былық болып жатса да Назарбаев оған дауыс көтеріп ұрысқанын естімедік. Ал, депутаттар болса оның кандидатурасын үнемі бірауыздан қолдап келеді. Кеше де Мәжілістегі барлық депутат Мәсімовтің ісіне сын айтпай, оның кандидатурасын тағы да бірауыздан қолдады.
Мұны Мәсімовтің іскерлігінен дейін десек, Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайын көріп олай деуге ауыз бармайды. Тек мұнайға ғана тәуелді экономикамыз Brent бағасымен бірге төмен қарай құлдырап барады. Елдегі өндірістің жағдайы да мәз емес. Қазақстан экономикасына серпіліс береді деген ҮИИД бағдарламасы қағаз жүзінде жақсы орындалып жатқан шығар, іс жүзінде халық оның игілігін әлі көре қойған жоқ. Үкіметтің бүгінгі беталысымен мүлдем көрмеуі де мүмкін. Өйткені, Қазақстандағы зауыттардың ашылуынан жабылуы тез емес пе?!
Әбден шикізатқа негізделіп қалған ел экономикасын түрлендіру және дамыту үшін Елбасы бастамасымен Үдемелі индустриалды инновациялық даму (ҮИИД) бағдарламасы 2011 жылы іске қосылған болатын. Оның аясында Қазақстанда жүздеген ірі кәсіпорын салынып, экономикамыз импортқа тәуелділіктен арылуы керек еді. Алайда, бағдарламаның екінші бесжылдығы орта тұсына кеп қалса да, өндірушілер ішкі нарықты әлі 50 пайызға да қанағаттандыра алған жоқ. Мәселен тамақ өнеркәсібін алсақ, өзімізде сойылатын сиыр етінің жеткіліксіз болуынан біз оны Ресейден,тіпті, Латын Америкасы елдерінен тасымалдауға мәжбүрміз. Жеміс-жидек, көкөністерді де көрші Өзбекстаннан сатып алып жейміз. Сүт өнімдері Ресейден, Украинадан және Беларусь Республикасынан әкелінеді. Өйткені, қазақстандық өндірушілердің өнімдері сұранысты толық қамти алмайды.
Ал, Қырғызстан, Қытай, Түркия елдері біздің тұрғындарды бастан-аяқ киіндіріп отыр. Үй жиһаздарымен де Қытай толықтай жабдықтауда. Құрылыс материалдарының жартысы Ресейден тасымалданады. Сонда 25 жылдан бері біздің үкімет қазба байлықтарды сатқаннан өзге не істеген? Жарайды, 25 жылды айтпай-ақ қояйық, ҮИИД бағдарламасы басталған соңғы алты жылда не бітірдік? Айту қиын...
Елде тоқырап тұрған тек өндіріс саласы емес, тұрғын үй, ауылшаруашылық салалары да тұралап қалған. Үй салынбай жатыр деп айта алмаймыз, Қазақстандағы үйдің саны адамнан көп болмаса аз емес. Бірақ, баспанасыз жүрген қазақтар саны жыл сайын өсіп келеді.
Ал, ел диқандарының тоқсаныншы жылдардағы проблемалары әліге дейін шешілген жоқ. Мәселен, субсидия, жеңілдетілген бағада берілетін жанармай, ауылшаруашылық техникалары, ағынды су - қазақ шаруаларының жыл сайын бетпе-бет келетін басты проблемалары, олардың қашан шешілетіні белгісіз. Соңғы 2-3 жылдан бері диқандар бітік шыққан астықты дұрыстап жинай алмай, қар астында шірітіп алғанын да жақсы білеміз. Ал, Еуропадан әкелінген асыл тұқымды сиырлар алдыңғы жылы кеселге ұшырап, бірінен соң бірі қырылып қалды. Былтырғы кіиіктерге келген жұт өз алдына бір тарих.
Ал, енді осының бәрін көріп отырып депутаттар үкіметке және премьер-министрге қалайша сенім артты? Әлде «Мәсімовтің келгені кеше, болашақта Қазақстанды тығырықтан алып шығады» деп ойлады ма екен? Келгеніне 2 жылдан асқан Кәрім Қажымқанұлы бұған дейін де үкіметті бес жыл қатарынан басқарғанын естен шығармайық. Ол уақытта да Қазақстанның гүлденгенін көргеніміз жоқ. Бұл жолы да гүлденеді дегенге сенгіміз келсе де сене алмаймыз. Өйткені, жоғарыда аталған мәселелер шешімін таппай Қазақстан ешқашан көздеген «отыздығына» ене алмайды. Тіпті, мұндай көрсеткіштермен қалайша дамыған 50 елдің қатарында жүргеніміз түсініксіздеу.
Мәсімовтің «іскерлігі» өз алдына, оның кімнің ұлы екенін жұрт қазір жақсы біледі. Әкесі Қажымқан бұған дейін де біраз кәсіпкерлермен араздасып аты шыққан. Ал, күні кеше ол Алматы облысындағы жетімдер мен жағдайы төмен отбасы балаларының үйін жалған құжат әзірлеу арқылы сатып жіберіп, жұрттың жағасын ұстатты. Сатқанда да үлкен 1000 шаршы метрлік ғимаратты небәрі 10 миллион теңгеге өз бауырына сатқан. Әшейінде шығарған үкімдерімен жұрттың наразылығын жиі тудыратын қазақстандық сот бұл жолы әділдігін айтып, Премьердің әкесінің әрекетін әшкереледі. Сотта оның жалған құжат әзірлегені расталып, ғимарат қайырымдылық қордың меншігіне қайтарылды. Бір қызығы, жалған құжат әзірлеу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі тиіс. Бірақ, Қажымқан Мәсімовті бұл заң айналып өткендей. Мейлі, ең бастысы 60 бала далада қалған жоқ.
Міне, халық Мәсімовтің үкіметті басқаруын неліктен қалай бермейтінін жеткіздік деген ойдамыз. Жоғары жақта тыңдар құлақ болса бұдан бір қорытынды шығарар.
Еркен Әмір