«Хабар» телеарнасының бұрынғы қызметкері, бүгінде танымал блогер Дина Елгезектің (Дина Төлек) пікірінше, Қазақстан идеологиясының құлағын ұстап отырған Гүлшара Әбдіқалықова бұл саланы ұзақ уақыт басқарса да абыройын асқақтата алмаған. Нағыз іскер азаматтар елімізде көп болғанымен, дарынсыздар оларды бұл маңайға жолатпайды дейді ол.
Мықты идеологтардың тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де уақытынан кеш мойындалатынын айтқан блогер елімізде кадрдың қадірі қашқанын айтып отыр.
«Белгілі америкалық дипломат Ричард Холбрук Слободан Милошевичты Райт Паттерсон әуе базасындағы алып әскери ұшақ ангарына әдейі алып барып сөйлеседі... Ондағы мақсаты Американың әскери қуатын паш етіп, диктаторды ортақ мәмілеге шақыру еді... Ал егер келіспесе, оны не күтіп тұрғанын, Холбруктың әлгі әскери нысанды келіссөз жүргізуге не үшін таңдап алғанын Милошевич әрине түсіне қойды... Сосын амалсыз келісім берді... Осындай дипломатиялық шеберлік, Балкандағы соғыстың одан әрі өршуінен сақтап қалды. Бұл — марқұм Холбруктың сөзсіз жеңісі еді... Сөйткен мықты мемлекет қайраткерін кейінен Обаманың Ақ Үйі қуып, қадырын білмей, әбден әуре-сарсаңға түсірген еді...
Эрик Шинсеки деген АҚШ-тың ардагерлер ісі жөніндегі министр бар... 2003~ші жылы жаяу әскер штабының бастығы қызметін атқарған тұста Буш әкімшілігіне ол дабыл қағады... Иракқа басып кірген жылдары жағдайды толық бақылауда ұстау үшін қосымша әскердің қажеттігін айтқанмен, ешкім құлақ аспайды. Тіпті "бұл не сандырақ" деп генералды жұмысынан қуып шығады... Бірақ, жылдар өте келе Шинсекидің шындығын мойындап, америкалық атқамінерлер санын соғады...
Кейінен қос қайраткерді әрине қайта шақыртты...
Ресейлік қаржы аналитигі Миxаил Хазин де "алда әлемдік қаржы дағдарысы болады, соған дайындалу керек" деп шырылдаған кезінде Путин әкімшілігі оны жұмыстан қуып жіберген еді... Қаржы дағдарысы туралы ең бірінші дәл болжаған Нуриевке де ешкім сенбеген... Осылай кете береді ғой...
Қазір біздің идеологияның құлағын ұстап отырғандардың ішінде дарынсызы көп... Шын таланттарды олар өлсе маңайына жуытпайды...Соңғы кезде әлеуметтік наразылықтың күшеюіне — солардың жұмысының әлсіздігі әсер етіп отыр... Айтпағым, Марат Тажин Мәскеуде жүр, Иманғали Тасмағамбетовты қорғанысқа қорған қып қойдық. Айдос Сарым жүр басы толған білім болып... Ал шынтуайтында нағыз идеологтар солар емес пе??? Дәл қазір осы салаға азулы саясаткерлер керек-ақ... Мемлекеттік xатшылыққа Гүлшара Әбдіxалықованың келуі бұл қызметтің абыройын асқақтата қойған жоқ! Мұндай қызметке тісі шықырлап тұрған батыл, өзінің айтары бар, мәймөңкелемейтін, ешкімнің алдында жорғаламайтын мықтылар керек! Айт не, айтпа не, бізде кадрдың қадыры қашқалы қашан...», — дейді блогер өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.
Айта кетейік, Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Мемлекеттік хатшысы қызметіне 2014 жылдың аяғында тағайындалған болатын. Оған дейін еліміздің бас идеологы лауазымын Марат Тәжин атқарған. Үкіметтің кеңейтілген отырыстарының бірінде Мемлекет басшысынан қатаң сын естіген Тәжин артынша Ресейге елші болып кеткен еді.