Еліміздің өзге мемлекеттер алдындағы берешегі 9 триллион 22 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл жайында кеше Мәжіліс депутаттарының алдында есеп берген Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның былтырғы бюджеті 7 триллион теңгені құрап, оның 7,8 млрд теңгесі игерілмей қалған. Дегенмен бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 4 есеге аз дейді ведомсвто басшысы.
Қазына қаржысын игере алмай қалған ведомстволар арасында Президент ісі басқармасы, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы министрліктері көш бастап тұр.
Ал, ҚР Бас прокуратурасы мен Конституциялық кеңес бөлінген ақшаны игере алмай қаламыз деп уайымдаса керек, қызметкерлеріне сыйақыны аямапты. Бұл жайында депутат Омархан Өксікбаев айтып өтті. Оның сөзінше, прокуратура сый-сыяпатқа деп 108 миллион теңгені жұмсаса, небәрі 30 қызметкері бар Конституциялық кеңес 65 миллион теңгені қызметкерлеріне сыйақы ретінде берген.