Кешегі Ақтөбеде орын алған лаңкестік оқиғалардан кейін біздің қоғам содырларды өлтіре бермей, олардың жоғарыда отырған басты идеологтарын жазалауды да талап етуде. Яғни, салдармен күреспей, алдын алу шараларын жүргізу керек дейді қоғам белсенділері.
Алдын алу шаралары деп отырғанымыз теріс діни ағымдарды қолдап, қаржыландырып, оларды террорға үгіттеп жүрген «басшыларын» анықтап, тиісті жазасын беру. Әлеуметтік желі белсенділерінің пікірінше, мұндай «басшылар» мен идеологтар мемлекеттік қызмет саласында, тіпті журналистер арасында да аз емес көрінеді.
Ақтөбедегі оқиға еліміздегі алғашқы терракт еместігін баршамыз жақсы білеміз. Бұған дейін лаңкестер Атырау мен Алматыда, Ақтау мен Ақтөбеде, Таразда жарылыстар жасап, ондаған бейбіт тұрғынды өлтірген болатын. Бірақ, біздің құқық қорғаушылар тек лаңкестікті жасаған содырлардың ғана көзін жойды. Оның бастауында тұрғандар әдеттегідей жазасыз қалды. Тіпті, оларды анықтау жұмыстары да жүргізілген жоқ деген қауіп бар бізде. Жүргізілсе, міндетті түрде анықталатын еді ғой...
Ең сорақысы, кешегі ақтөбелік лаңкестердің бірі Әлібек Бердібаев 2011 жылғы теракт кезінде де ұсталып, небәрі 3 жылға сотталыпты. Ол кезде Раxымжан Маxатов ҰҚК департаментінде өзін жарып жіберген болатын. Террактіге қатысы бар адамды осылайша біздің сот небәрі 3 жылға соттап, оның екінші рет лаңкестік жасауына мүмкіндік берген.
Әлібек Бердібаев бұл жолы да тірідей қолға түсті. Енді оны және ұсталған өзге содырларды біздің сот тағы да 3-4 жылға соттап жібермейді ме деген күдік жоқ емес. Өйткені соңғы бес жылдан бері Қазақстан судьяларының құрамы айтарлықтай жаңара қойған жоқ.
Ал, Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаның орын алғанына бір аптаға жуық уақыт өтсе де салафизм идеологтарының ешбірі ұсталған жоқ. Елбасының өзі Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп, террорлық актілердің артында салафизм ұстанушыларының тұрғанын айтқан болатын. Тіпті, оларды қатаң жазалайтынын да ескертті. Ендеше, ендігі үміт Мемлекет басшысында, алдағы аз уақыт ішінде міндетті түрде радикалды діни ағым өкілдерінің серкелері су бетіне шығып, тиісті жазасын алады деген үміттеміз.
Осы ретте айта кету керек, әлеуметтік желідегі қоғам белсенділері Дін істері комитетіне бұрынғы басшы Қайрат Лама Шарифті қайта алып келу керек деген ұсыныстарын көтерді. Өйткені, оның кезінде діни радикалдардың тынысы біршама тарылып, еркін әрекет етуіне біраз кедергілер қойылған болатын. Тіпті, Парламенттегі жиындардың бірінде ол депутат Бекболат Тілеуханды дәстүрлі емес исламды ұстанады деп айыптаған. Артынша, Б.Тілеухан мұны өзіне жабылған жала деп түсіндіріп бақты. Бірақ, іс сотқа жеткен жоқ.
Айта кететін тағы бір жайт, Ақпарат және байланыс министрлігінен тапсырыс алатын кейбір БАҚ өкілдері салафизм идеясын қолдайды деген де күдік бар. Егер, бұл күдік расталса, онда біздің елде салафизм мемлекет есебінен қаржыландырылып келген. Қалай болғанда да, ұлттық қауіпсіздік комитеті істің ақ-қарасын ажыратып, салафизм идеологтарының әрекетіне тұсау салады деген үміттеміз.
Азамат ЕСЕНОВ