Жер реформасы жөнінде құрылған комиссияның мүшесі, белгілі саясаттанушы Дос Көшім осылай дейді. Аталған комиссияның кезекті отырысында сөз сөйлеген ол дәл қазіргі таңда жерге қатысты реформаны мүлдем жүргізуге болмайтынын айтты.
Дос Көшім комиссия жанынан құрылған жұмыс тобының жетекшісі екенін айта кетейік. Оның пікірінше, қазіргі билік жүйесімен, қазіргі үкіметпен қабылданған реформаның нәтиже беруі екіталай.
- Реформа жүргізу үшін екі мәселенің басын ашып алғанымыз дұрыс. Алдымен, реформаны халық қабылдауы керек. Халықтың соны түсінетін деңгейі болу керек. Екіншіден, сол реформаны жасайтын топ болу керек, ол - үкімет. Менің пікірімше, қазіргі қазақтың менталитеті жерді сатуға болмайды дегенге келеді, шетелдіктерге жалға бермеу дегенге келеді. Мүмкін елу жылдан кейін өзгеретін шығар бұл менталитет. Екінші мәселе, менің өзімнің жеке пікірім, қазіргі билікке ешқандай реформа жасауға рұқсат бермес едім. Темір жол билетін сататын кассасынан бастап премьер-министріне дейін жемқорлық жайлаған елде реформа жасау өте қиын болады. Не болмаса ол реформа өзінің нәтижесін бермейді, - дейді ол.
Алаңға шыққан жігіттер Президентті мораторий жариялауға мәжбүр етті
Дос Көшімнің айтуынша, жер мәселесіне қатысты митингке шыққан азаматтарды қамамай, олардың сөзін тыңдап көру керек.
- Кеше алаңға шыққан жігіттердің сөзін тыңдауымыз керек еді осында. Неге шықты олар? Қандай мәселе көтерді? Не жандарына тиді? Біз емес, бірінші солар сөйлеуі керек және біз оларға рахмет айтуымыз керек, мынадай комиссияның құрылғанына. Президент осындай комиссияны құруға және мораторий жариялауға мәжбүр болды. Осыны жасаған сол жігіттер. Қазақтың барлық мәселесі үйде отырғанда шешілмейді, көшеге шыққанда шешіледі. Егер біз үйімізде отыра бергенде жоңғарлар үстімізден басып өтіп, Маңғыстаудан бір-ақ шығар еді. Егер біз 1986 жылдың желтоқсанында үйде отыра бергенде Кеңес үкіметінің іргесі шайқалмайтын еді. 91 жылы наурызда КСРО-ны сақтап қалу үшін референдум болды, оған қатысқан қазақстандықтардың 84 пайызы қолдап дауыc берді. Бірақ, бәрібір халық дегеніне жетті, одақты құлатты. Әлі есімде, ұмытпасам 12 шілдеде "Красная звездада" Нұрсұлтан Назарбаевтың "Бізге жаңа одақ керек" деген мақаласы шыққан. Тәуелсіздік емес, жаңа одақ керек деген. Халық оған да пысқырған жоқ, тәуелсіздігін алды. Сондықтан біз қазір қаншама жұмыс істейік, бірақ Парламентте халықтың көңілінен шықпайтын заң қабылданса, сол күні халық көшеге шығады, - деп ескертті саясаттанушы.
Реформаларды тек жаңа үкіметпен жасау керек
Қазір үкімет көтеріп отырған бірнеше реформаны кемі 5-6 жылдан кейін ғана жүзеге асыру керек дейді Д.Көшім. Өйткені, сол кезде билікке жастар келіп, қазіргі коммунистік жүйеде тәрбиеленген шенеуніктердің орнын басады екен.- Қазір біздің ең негізгі проблемамыз - әлеуметтік және экономикалық мәселе. Біз соны шеше алмай отырғанда неліктен екінші мәселені аштық? Жер мәселесі, үштілділік мәселесі... Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжауыр байлайды дейді. Біз қазір 5-6 жыл бірге осы қиындықтан шығайық, одан кейін реформа жасауға болатын шығар. Бірақ, мына үкіметпен емес. Жаңадан жастар келеді, бұрынғы коммунистік номенклатурамен қалғандардың орнын басады. Сол кезде ғана мен реформа жүргізуге болады деп айтар едім, - деп атап өтті комиссия мүшесі өз сөзінде.
Конституцияда бұрын президенттік 60 жасқа дейін деп көрсетілген болатын...
Жұмыс тобының төрағасы үкіметтің халыққа жұмыс істеу керектігін де қадап айтты.
- Дәлелдеңіздерші, міне, мынадай себеппен жердің меншікте болуын біз ұсынамыз деп. Ондай дәлелдің біреуі естілген жоқ. Бәрінің айтатыны "заң қабылданды ғой", "Конституция ғой" дейді. Керек болса, бұрында Конституцияда президенттікке 60 жастан асқандар болмайды деген. 18 минуттың ішінде қаншама статьясын өзгертті Конституцияның... Біз Конституцияны өзіміз өзгерте аламыз, өзгерте алмасақ не үшін алдық тәуелсіздігімізді? Үкімет халықтың қызметшісі, сіздердің сөздеріңізді тыңдайын деп келіп отыр осында. Үкімет бізге айтпайды, біз үкіметке айтамыз, олар соны жүзеге асырады. Ал, біз соларға жалтақтап қараймыз. Сондықтан, мен жаңағы көшеге шыққан жастарға алғысымды айтамын, тағы да шығыңдар жігіттер, мәдениетті түрде шығыңдар. Францияда күнде шығады, бірақ ешкім Франция қырғын боп жатыр демейді. Біз митингті қалай өткізудің мәдениетті тәсілін үйренуіміз керек. Бұл адам құқы, - деді ол.