22.07.2016, 05:56

Имамдар салафилердің «крышаларын» анықтап бере алады ма?

Бір ай көлемінде Қазақстанда орын алған екі бірдей лаңкестік оқиғадан кейін қоғам орын алған жайтқа имамдарды кінәлай бастады. «Террорист дайындады» деп айыптап жатқан жоқ әрине, елдегі діни ахуалды бақылауда ұстай алмады деп кінәлауда. Тәуелсіздік алған жылдан бері мешіттердің саны еселеп артып, тиісінше молдалар да көбейді, мешіттің іші жастарға толды деп ауыз толтырып мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Алайда, содан халықтың иманы артты ма? Артса мына қылмыстың бәрін жасап жатқан кім? Имамдардың аузы дуалы, сөзі өтімді болса теріс ағымдардың еркін таралуына жол берілмес еді ғой дейтіндер көп қазір.

Ал, бұған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жауабы дайын: «Біз тек қоғамдық ұйым ғанамыз, радикалды ағымдарға тыйым салу, оларды аңду, ұстау біздің құзырымызға кірмейді, біз тек уағыз айтып, діни рәсімдерді жүргізе аламыз» дейді мүфтият өкілдері.

Молдалардың бұлай ақталуына қарамастан кешегі Алматыдағы терактіден кейін ҚМДБ тарапына сын айтатындар тіптен көбейді. Бас мүфтидің беделі жоқ деп басталған әңгіменің соңы мүфтияттың миллиондаған садақаны қайда жұмсап жатқанын сұраумен аяқталды. Аяқталды деп айту да әлі ертерек шығар, өйткені, ҚМДБ өкілдері сын айтушыларды Алматыдағы мүфтияттың кеңсесіне шақырып, жағдаймен жіті танысуға шақырып отыр.

Жалпы, сыннан әбден шаршаған болу керек, имам-молдалар Қазақстан билігінен салафилерге тыйым салуды сұрап отыр. Бұған дейінгі лаңкестік оқиғаларда салафизм идеясы туралы жақ ашпаған мүфтият бұл жолы аталған ағымды түбегейлі тоқтату керек деп дабыл қағуда. Тіпті, салафилердің барлық салада «крышалары» бар екенін де айтып қалды. Дегенмен, жүрексінген болу керек, олардың атын атап, түсін түстеген жоқ.

«Салафилердің бүкіл Қазақстан аумағында қамқоршылары бар. Бірақ, оларға шектеу қоятын кез келді. Мұндай қамқоршылар қоғамның барлық саласында кездеседі. Мәселен, салафилер бизнес-элитаның ішінде, айтыскерлер арасында, шоу-бизнесте, түрлі қоғамдық қозғалыстарда, журналистер арасында, сарапшылар мен саясаттанушылар қатарында көп. Олар бірақ өздерін салафимыз деп ашық айтпайды», - делінген ҚМДБ-ның Azan.kz порталында жариялаған мақаласында.

Аталған мақалада мүфтият салафизммен жалғыз күресуге қауқарсыз екенін де айтады.

«Әрине, уағыз жүргізіп, ағартушылықпен айналысуымыз қажет, бірақ бұл бағыттағы жұмыстар кешенді жүргізілмесе пайдасы жоқ. Бізде мемлекет діннен бөлек деп қабылданған. Бірақ, біздің мемлекеттік проблеманы шешуімізді қалайды. Бұл баршамызға ортақ проблема және оны бірлесіп шешуіміз керек», - делінген мүфтияттың мақаласында.

Яғни, ҚМДБ мемлекеттен қолдау сұрап отыр. Қолдау көрсетсе салафилердің бетпердесін ашып, онымен күресті күшейтеміз дейді имам-молдалар. «Республиканың барлық аумағында, барлық салада қамқоршылары бар» дегенге қарағанда, имамдар олардың кім екенін де жақсы біледі. Кім біледі, егер билік мүфтиятқа қолдау көрсетсе молдалар расымен де «мынау депутат - салафит, мынау журналист - уахаб, мынау әнші - такфирит» деп ашығын айтар ма еді. Халықтың көзін ашпаса діни радикализммен күресу де мүмкін емес қой?..

Азамат Есенов