$ 494.87  520.65  4.91

ШҚО-да 100 мың гектарға жуық жердің қытаймен бірлескен компанияларға берілгені анықталды

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы ондаған мың гектар ауылшаруашылық жерлерінің қытайлық кәсіпкерлерге жалға берілгені туралы ақпаратты қоғам белсендісі Айдын Егеубаев айтқан болатын. Бұл мәліметтің растығына көз жеткізу үшін тексеру жүргізген Жер комиссиясының бірқатар мүшесі расымен де қытайлық компаниялардың қазақстандық кәсіпкерлермен бірігіп, Үржар ауданынан ірі көлемде жер алғанын мәлімдеді.

Аталған тексеру нәтижесін комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан өзінің Фэйсбуктегі-парақшасында жария етті.

Оның айтуынша, Қытай азаматтары қазақстандық кәсіпорындармен бірлесіп, ортақ компаниялар ашып алған. Мұндай бизнестегі үлес 51% - қазақстандық, 49% қытайлық етіп бөлінсе жетіп жатыр. Яғни, осындай пайыздық үлеспен қытайлық акционерлер Қазақстаннан жалға жер ала алады. Бұл еліміздің ешқандай заңына қайшы емес. Егеубаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда дәл осындай жүйемен жер иеленіп отырған 9 компания бар көрінеді.

«Естеріңізде болса, осыдан шамамен бір айдай уақыт бұрын Жер комиссиясының отырысында Айдын Егеубаев Үржар проблемасын көтерген болатын. Жиыннан кейін мен және комиссия штабының жұмысшылары Айдынға мәселені тексеруге уәде бердік. Енді мен сіздерге ресми тексерістің нәтижелерін ұсынбақпын. Біріншіден, аталған фирмалардың 45 пайызы қытайлықтарға тиесілі екені расталды. Екіншіден, олар жерді жалға алып, Қазақстан бюджетінен миллиондаған дотацияны (шамамен 500 млн теңге) тағы алған. Бірақ, жалға алынған жерлердің 75-100 пайыз шамасында игерілмеген. Ендеше, олар Қазақстан бюджетінен алған миллиондаған теңгені қайда жіберді? Бұл мәселемен қазіргі таңда прокуратура айналысып жатыр», — деді М.Тайжан өзінің Фэйсбук-парақшасында.

Тексеру барысында белгілі болғандай, ШҚО Үржар ауданының әкімдігі «Бәтуа», «Ырғын» және «Мәнфағат» деп аталатын үш ЖШС-ға 91 432 гектар жерді 49 жылға жалға берген.

«Бәтуа» компаниясының құрылтайшылары — «Дәремет» ЖШС ( қазақстандық компания, үлесі - 55%) мен «УэйзГрупп» ЖШС (қытайлық компания, үлесі - 45 %). Олар 29 816 гектар ауылшаруашылық жерін 2011 жылы жалға алып, дәнді дақылдар өсірумен айналыспақ болған. Егін өнімділігін арттыру мақсатында «Бәтуа» ЖШС-не 2012-2015 жылдары аралығында бюджеттен 82,6 миллион теңге субсидия бөлінген. Ал, 2014-2015 жылдар аралығында қосымша 420 миллион теңгені аталған компания басшылары мемлекеттен тағы да алыпты. Қазіргі таңда прокуратура аталған субсидияның қаншалықты заңды бөлінгенін тексеріп жатыр.

Сонымен қатар, 2015 жылы жүргізілген тексеру барысында жоғарыда аталған үш компанияның да жерді пайдаланбай отырғанын анықтаған. Атап айтқанда, «Бәтуа» ЖШС 39 816,7 гектардың 75,7 пайызын, «Ырғын» ЖШС 8 712,8 гектардың 75,2 пайызын, «Мәнфағат» ЖШС 48 903 гектардың 100 пайызын мүлдем игермеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары