ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қазақтарды тағы да алдады. Күні кеше Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевпен кездесер алдында Кенесары мен Кейкі батырдың бастарын сұраймын деп уәде берген Қажымқанұлы бұл уәдесінде тұрған жоқ. Нақтысын айтқанда, тек Кейкі батырдың ғана Ресей музейінде сақталып тұрған бас сүйегін қазаққа қайтарып беру мәселесін көтерді. Ал, хан Кененің атын айту Мәсімовтің есінен шығып кетті ме, әлде орыс премьерінің мысы басты ма, әйтеуір тағы да сұралмады.
Жалпы, Мәсімовтің тілінен ешкім тартқан жоқ, Кенесарының басын қайтару туралы оның атына бірде-бір депутат сауал тастамады. Тіпті, бірде-бір тарихшы қазақтың соңғы ханының басын алдыртайық деп Мәсімовке ресми ұсыныс та айтпаған. Оның өзі әлеуметтік желіде "Медведевпен кездесуде Кенесарының басын елге қайтару мәселесін көтеремін" деп көсілді.
Қазақ қойдай жуас, аңғал, аңқау халық деген теңеудің рас екеніне осы үкіметтің фонында жиі көз жеткіземіз. Міне, кешегі Мәсімовтің кезекті уәдесіне халық тағы алданды. Бүкіл БАҚ өкілдері, әлеуметтік желілер оның Твиттерде жазған екі ауыз сөзін көшіріп басып, сүйіншілеп, шуласып жатқанына куә болған едік. Сөйтсек, Кәрім Қажымқанұлы жай PR-қадам жасаған екен. Әйтпесе, тек Кейікінің емес, Кенесарының да басын Медведевтен сұраған болар еді ғой...
"Біздің ұлт-азаттық қозғалыс көшбасшыларының бірі Кейкі батырдың бас сүйегі Ресей ғылым академиясына қарасты Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейінде сақтаулы. Сізден осы батырымыздың басын елге қайтарудың жолдарын қарастырып көруді сұраймын. Бұл қазақтар үшін өте маңызды", - деді Кәрім Қажымқанұлы Дмитрий Медведевпен болған кездесу кезінде. Кенесары туралы ол жақ ашқан жоқ.
Осылайша, Мәсімовке сенген қазақ тағы алданды.
Тағы алданды деп бекер айтып отырғанымыз жоқ. Премьер-министр халыққа бұған дейін де талай рет уәде беріп, оларды орындамаған болатын. Мәселен, алғаш рет үкімет басына келгенде Мәсімов қазақша үйренемін, жақын уақытта үкімет жиындары мемлекеттік тілде өтетін болады деп сөз берген еді. Одан бері 10 жылдан астам уақыт өтсе де, Мәсімов қағазға жазылған қазақшаны ежелеп, әзер оқып жүр. Ал, Үкіметтің қай тілде сөйлеп жүргенін айтпай-ақ та қояйық.
Сондай-ақ, Мәсімов басқарған үкіметтің халықты девальвация болмайды деп те алдағаны есімізде. Жер проблемасы көтерілгенде "бұдан былай маңызды шешімдерді халықпен ақылдасып жасайтын боламыз" деген сол үкімет тағы сөзінде тұрмады. Мәселен, күні кеше зейнетақы қорындағы халықтың маңдай термен жинаған ақшасын ешкімнен сұрамай Ұлттық экономика министрлігі түрлі жобаларға жұмсайтынын мәлімдеді.
Тізбектеп айта берсек, мұндай мысалдар өте көп қой. Жалпы, қазақты тек Мәсімов пен ол бастаған министрлер кабинеті ғана алдап-соққан жоқ. Қазақты Хропунов та алдады, Машкеевич қалағанынша пайдаланды, Әблязов та алдады, салафилер салафи емеспіз деп, гүленшілер Гүленді танымаймыз деп алдады, тіпті, қазақ қызын зорлады деп күдіктелген тәжік баланың отбасы да әулетімізбен шетелге көштік деп жұрттың аузын айға қаратып кетті.
Міне, осыдан кейін қазақты қойдай жуас емес деп айтып көріңіз.
Қазақ үшін Кенесарының басын қайтару ЭКСПО көрмесін өткізуден де, Универсиада ойындарын өткізуден де маңызды екенін Мәсімов біле қоймаса керек. Білсе, ханның әруағын өз имиджі үшін пайдаланбас еді. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, Мәсімовке қазір "арзан" пиармен емес, нақты іспен айналысуы қажет. Ел ішінде қордаланған өзекті сұрақтардың жауабын табуы керек. Нағыз имидж, нағыз пиар деген сол. Ал, оның екі түрлі шұлық киюі, велосипедімен ереже бұзып, айыппұл төлеуі халыққа түк қызық емес.
"Мүмкін пиарщиктері премьер-министрге кіріп, мына жерде интернет-белсенділік бар, егер сіз Медведевпен кездесуде осыны айтамын деп жазсаңыз жақсы болады, ертесіне біз оны әдемілеп айналдырамыз деп кеңес берген шығар. Бірақ, оның соңы немен біткенін көріп отырсыздар. Тіпті, Кәрім Мәсімов аяғымен емес қолымен жүрсе де немесе үстіне қазақтың шапанын тастамай кисе де, мұртын қырып тастаса да халыққа енді жақпайды. Қоғам одан шаршады. Оның жария түрде жасаған кез-келген әрекеті қоғамда теріс қабылданады немесе халық тарапынан бірқатар сауалдар туады. Мәселен, біздің зейнетақы қорындағы ақшамыз қайда, біздің Ұлттық қорымыз не болып жатыр, ірі жобаларға жұмсалған салық төлеушілердің қаражаты қайда, теңгенің тағдыры қалай болады деген секілді. Міне, маңыздысы осы. Ал, әлеуметтік желідегі оның белсенділігі кері әсерін беріп отыр", - дейді А.Сарым Radiotochka.kz порталына берген сұхбатында.
Дәл қазір Ресей Кенесарының басын Қазақстанға қайтармайтынын Мәсімов түгілі мектептегі бала да жақсы біледі. Өйткені, бас сүйектің тағдыры белгісіз. Біреулер оны Эрмитажда, екіншілері Кунсткамерада жасырылған деп жорамалдап жүр. Орыс ғалымдарының өзі болса ханның басы ҰОС кезінде жоғалып кеткен дегенді айтады.
Азамат ЕСЕНОВ.