28.07.2014, 04:50

ТІЛ КОМИТЕТІ ТЕНДЕР ӨТКІЗУ ҮШІН КЕРЕК...

Сурет: aikyn.kz

Қазақстанда соңғы жиырма бес жылдың ішінде ең көп көтерілген проблема — мемлекеттік тіл проблемасы. Сырттағы жұртты былай қойғанда, біздің өзіміз де қоғамдағы ең актуальді проблема осы мемлекеттік тіл проблемасы дегенге титтей де күмәнданбайтын дәрежеге жеттік. Көріңдер де тұрыңдар, тілдің проблемасын шешсек болды, Қазақияда пейіш орнайды. Бәріне кедергі келтіріп тұрған осы тіліміздің жетім баланың күйін кешуі. Божко мен Мұсабаев, Қарағұсова мен Қайырбекова бір-бірімен қазақша сөз қағыстырып тұрса... әй, жүрегіміз ол қуанышты көтере алмай сол сәтте-ақ жарылып кететін шығар.

Негізі бізді белгісіз бір сыртқы күштер осыған әбден сендіріп қойған. «Қазақтың нөмірі бірінші проблемасы — тілінің жағдайы» дегенге қазір сенбейтін пенде жоқ. Мойындауымыз керек, ол күштер бізден әлдеқайда мықты болып шықты. Бұл проблемамен Мұхтар Шахановтың өзі айналысып кеткеннен кейін олардың мықты болғандығы да. Сүйікті ақындары үлкен-үлкен мінбелерден тынбай «тіл-тіл» деп айқайлап тұрса мына көпшілік сенбегенде қайтеді?! Қазақтың қазақ болып қалуының алғышарты тек тілге тіреліп тұр екен деп ойлайды да. Басқа ұлттық проблемалар түгел тасада қалады. Қаны тамшылап тұрған проблемаңның ішіндегі нағыз проблемаң туралы ойлануға мұрша да, мүмкіндік те қалдырмайды. «Ойбай, мемлекеттік тілге қашан мән бересіңдер, Елбасының өзі «әр қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін» демеді ме?!» деп алқымың ісіп отырғаны. Алқымыңыз іспек түгілі, өтіңіз жарылып кетсе де оған мына қоғамда пысқырып қарайтын пенде жоқ. Биліктің жауабы қашанғыдай дайын тұр. «Біз көп ұлтты мемлекетпіз, сондықтан бұл өзі өте нәзік мәселе. Өте нәзік мәселе болғандықтан да мемлекеттік тілге кезең-кезеңмен көшудің бағдарламасы жасалынған. Біз осы бағдарламаны басшылыққа алып жұмыс істеудеміз».

Байқайсыз ба, әншейінде кез келген проблеманы айтсаңыз «бізде ондай проблема жоқ!» деп өре түрегелетін өкіметіңіз мәселе тілге келіп тірелгенде тілін жұтып қояды. Ондай проблема бар деп есептейді. Бар деп есептегеннен кейін де оны шешудің жолдарын қарастырған болады. Жолдарын қарастырғанда бюджеттен миллиардтаған қаражат бөліп, тілмен тікелей айналысатын әйдік мекеме құрады. Мекеме болғанда да қандай мекеме десеңізші! Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті. Енді не дейсіздер, тағы да?! Қай мемлекет өздерінің тілі үшін осындай қадамдарға барып отыр? Мұндай мемлекеттер әлемде бар болса, бар шығар, бірақ, санаулы-ақ. Қазақстан сол санаулы мемлекеттердің бірі.

Бұрында да Фейсбуктегі жеке парақшамда жазғанымдай, бүгінгі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына «ничего против не имеем». Еріккен біреу ол кісіні әлеуметтік желіде сутенер деп жазды екен деп безіп кететін жағдай жоқ. Бүгінгі таңда кім кімді не демей жатыр?! Қазір белгілі бір тұлға туралы «ол голубой екен» десеңіз де ешкім ешнәрсеге таң қалмайтын болған. «Е-е-е» деп қоя салады. Голубойдың қасында сутенер дегеніңіз аттылы кісідей ғой. Бірақ, сутенерліктен де Құдай сақтасын, Арекеңді ондай атаққа қияйын деп отырғанымыз жоқ. Айтпағымыз, Арыстанбек Мұхамедиұлына тікелей бағынатын, үлкен бір мемлекеттің тілінің проблемасын шешіп тастайды деп құрылған Тіл комитетінің функцияларына тоқталу.

Мәселеге осы тұрғыдан келгенде алдымызды ең алдымен «Тіл комитеті мемлекеттік органды түзуші комитет ретінде қалғаны дұрыс па, әлде Қазақстан халқы Ассамблеясының құзіретіне Қор ретінде тіркелгені пайдалырақ па?» деген сауал кесе көлденеңдейді. Себебі...

Қазақстанда өзгертуді талап етпейтін бір заң болса, ол осы Тіл туралы заң. Өйткені бұл заң менің Үкіметте жұмыс істейтін бір заңгер ағам айтпақшы, «ең көп талқыланған самый лучший закон в РК». Ал, оның орындалуы ешқашан жүйелі түрде құзіретті органдар тарапынан қадағаланған емес. Орындалуын дүрбімен аңдып отырып, бұзыла қалса Бас прокуратураға сыбырлауы тиіс Тіл комитеті сөздіктер мен жинақтардың ешкімге пайдасы жоқ кітап нұсқасын бастыруға тендер өткізумен әлек. Қайтсін енді?! Жыл сайын 1 миллиард 200 миллион теңгені игеру оңай ма?! Бұл аз десеңіз, олардың қаржылық есептері бар ғой. Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екенмін, тендердің ішінде өзге ұлт өкілдері арасында ешкімге пайдасы жоқ тіл конкурстарын өткізу де бар. Есесіне, пәлен жыл бойы осы тендерлерді өткізгеннен мемлекеттік тілдің қаншалықты шарықтап дамып кеткендігін үлкен де, кіші де көріп отыр. Осыдан кейін Тіл комитеті тілді дамыту үшін емес, тендер өткізу үшін құрылған мекеме-ау деген ойға еріксіз берілесің.«Мынау жала жауып отыр» демеңіздер, Тіл комитеті шығарып жатқан дәл осындай кітаптарды сол Мәдениет министрлігінің құрамындағы Баспа бағдарламалары басқармасы да шығарады. Тіл комитеті ұйымдастырып жатқан іс-шараларды Мәдениет комитеті мен Қоғамдық-саяси жұмыс департаменті де ұйымдастырады. Дәлірек айтқанда ұйымдастыртады. Әрине, тағы сол тендер арқылы...

Сонда дейміз-ау... Егер, басқа құрылымдық бөлімшелерден айырмашылығы болмаса, Тіл комитеті не үшін керек? Әлде тілге ерекше көңіл бөлініп жатыр деп халықты алдаусырату үшін бе? Одан да қадағалау функцияларын Тілдерді дамыту қоры ретінде Ассамблеяға беріп (қалай болғанда да, Президент Әкімшілігінің бір бөлімі ғой), іс-шара ұйымдастыру мен компьютер дамыған заманда қажетсіз кітаптар басу қызметін министрліктің құрамдас бөлімшелеріне үлестіріп берген әлдеқайда дұрыс емес пе?! Сонда бір-бірінің жұмысын қайталамайды, 40-қа жуық қызметкерге ай сайын жалақы, мереке сайын сыйақы салық төлеушілердің есебінен төленбейтін болады. Бастысы, іс-шараларды жатпай-тұрмай ұйымдастырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстанды қоныс ететін (тарихи отаны емес) 130 ұлттың алдында әбиүрі өседі.

Сосын... Сосын құрамында бір Мәдениет комитеті ғана қалған Мәдениет министрлігі министрлік ретінде қызметін тоқтатады. Міне, сізге «оптимизация госорганов»!

Еркін ЖУРНАЛИСТ.