Бұған дейін мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын "откат" сұрайды деп айыптаған Тұңғышбай Жаманқұлов оның министрге тән емес өзге де "былықтары" жөнінде айтып берді. Abai.kz порталына сұхбат берген халық артисі министр екеуінің арасы 4 жыл бұрын бұзылғанын айтып отыр. Содан бері Мұхамедиұлы тарапынан тек қысым көрдім дейі ол.
– Біздің министрмен текетіресіміз ол ректор болып тұрған кезде басталған. Мен Жүргеновте сабақ беремін. Ол – ректор. Бар болғаны Үкіметтен 12 грант бөлінеді, сол кезде. Арыстанбек мырза барлық 12 грантты өзінің тізімімен жасауға тырысты. Бұл осыдан 4 жыл бұрын болған әңгіме. Мен бұл тізімді орындай алмайтынымды ашық айттым. Сол жерден біздің айқас басталған. Ол кісі маған доқ көрсетті. «Сен менің кім екенімді білмейді екенсің, мен сені жұмыстан шығарып жіберемін» деген сөздер айтылған соң, екеуіміз шекісіп қалдық. Сол текетірес министрдің көңілінде сақталып қалған екен. Содан ол кісі министр бола сала, мына біздің одақтың сьездін өткізіңдер деп бұйырды, – дейді ҚР театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов.
Оның айтуынша, министрдің бұлай бұйрық беретіндей құзыры жоқ екен. Оны кеш ұққан болу керек, енді қолдан Елбасының атына хат та ұйымдастырып жатқан сыңайлы дейді халық артисі.
Жаманқұловтың хат деп отырғаны осы Abai.kz порталына жуырда жарияланған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының атына жолданған үшбу хатта "Тұңғышбай Жаманқұлов жетекшілік ететін Қазақстанның театр қайраткерлері одаған қатаң тексеруден өткізу керек" деген талап бар. Хатқа Асанәлі Әшімов бастап Меруерт Өтекешова қоштаған алматылық жеті өнер қайраткері қол қойған.
Алайда, хатқа қол қойған қайраткерлердің өздері мұндай хаттың бар екенінен хабарсыз болып отыр.
– Рас, біз Асекең екеуіміз әкемтеатрдың 90 жылдығында арамыздағы ескі дауды ұмытып, қол алысып, кеуде қағыстырып, татуластық. Мен сонда Асекеңе келіп: «Асеке-ау, арамызда аз-кем араздықты ұмытайық. Мен ініңіз ретінде артық кетсем, кешіріңіз. Қашанғы бұлай жүреміз? Біз бас болып, басқа актерлердің де басын қосайық» дедім. Содан бері керемет жүр едік, мына хатта Асекең келіп мені жақсылап сыбап тастапты. Сосын өткенде Айман Мұсаходжаеваның концерті болды, Абай атындағы театрда. Сонда Асекең жүр екен. Мен барып амандасуға батпадым. Сөйтсем Асекең: «Әй, Тұңғышбай, бері кел. Не болды, амандасудан қалдың ба?» деді. Мен: «Асеке-ау, қорқып тұрмын. Өткенде ғана бар өкпені ұмытып, татуласқан едік. Артынша сіз солай депсіз. Енді барып амандассам, қолымды қағып тастай ма деп қорқақтап тұрмын» дедім, әзіл-шыны аралас. Сонда Асекең: «О, несі-ей?!» деп аң-таң қалды. Мен түсіндірдім, осылай да осылай екен деп. Сонда Асекең: «Маған өткенде бір балалар хабарласып, "сьезд өткізу керек" деді. Мен "е, өткізсеңдер өткізіңдер" дедім. Басқа ештеңесін де білмеймін» деді. Енді әлдекімдер осыдан дардай қылып, шу шығарып жатқанға ұқсайды.Меруерт Өтекешоваға да біреулер хабарласып, «сьезд өткізу керек» десе, Меруерт «өткізсеңдер өткізіңдер» депті. Сосын жаңағы хатқа қол қойған Сайлаубек Асылхановқа хабарластым. Сөйтсем, «Ойбай, Тұңғышбай, ешқандай хабарым жоқ» деп аң-таң. Тіпті өзімнен сұрап отыр «не деппін?» деп...
Ал, Зинат Акбарова алпыстан асып қалған актриса ғой. Ұйғыр театрында істейді. Мен ол жаққа да хабарласып көрдім. Ұйғыр театрының директоры Ялқұнжан Шамилов деген жігітке хабарласып ем, «Тұқа, Зинап апай ауырып жатқалы қашан. Ондай хатқа қол қойған жоқ. Хабары да жоқ. Солай ма екен?!» деп отыр, – дейді Тұңғышбай Жаманқұлов хатты кімнің ұйымдастырғанын меңзеп.
Естеріңізге салайық, бұған дейін халық артисі мәдениет министрін "откат" сұрап отыр деп айыптаған еді. Министрдің "откат" сұрауына "Феникс" фильмінің түсірілімі себеп болған көрінеді.