17.11.2016, 05:29

Қызын жұмысқа тұрғызу үшін $20 000 пара берген шенеунік жәбірленуші болып отыр

Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Алмат Ермағамбетов алаяққа алданғанын айтып, полицияға арызданды деп жазады "Диапазон". Ол қызын Назарбаев университетіне жұмысқа орналастыру үшін таныс әйелге 20 мың доллар берген көрінеді. Алайда, соңында не ақша жоқ, не жұмыс жоқ - шенеунік сан соғып қалыпты.

Қазір бұл арыз бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті - 39 жастағы Ботакөз Биекенов сотталып жатыр. Ал, өз әрекетінің заңсыз екенін біле тұра пара берген шенеунік бұл іске жәбірленуші ретінде қатысуда.

Полицияға берген арызында Алмат Ермағамбетов оқиғаның биыл ақпан айында болғанын көрсеткен. Таныс әйел оның үлкен қызын Назарбаев университетіне, кіші қызын Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебіне орналастырып беремін уәде берген екен. Бірақ, бұл қызметі үшін 20 мың АҚШ долларын талап еткен. Танысына сеніп қалған шенеунік әйелінің көзінше оған сұраған ақшасын түгел санап беріпті. Оған сенгені сонша, қолхат та жаздырып алмаған.

Биекенованың өзі болса бір тыйын да алмағанын айтып, өзіне тағылған айыптармен келіспей отыр. Оған ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылуда.

Ақтөбе облыстық ІІД-нің мәліметінше, Ботакөз Биекенова қазір қамауда.